Тарих-таным

Бауыржанның аманаты

Бауыржанның аманаты

Бала кезден әдебиетке әуес болғандықтан, даңқты жерлес ағамыз Бауыржан Момышұлының есіміне қанық болып өстік. Шыққан кітаптарын, газет-журналдарда басылған шығармаларын қадағалап, жібермей оқитын баланың бірі мен едім. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Баукең туралы мақтаныш сезіміне толы әңгімелерді сүйсіне тыңдаудан бір жалықпайтынбыз. Есімін ел ардақтаған батырмен кездесіп, қолын алып, амандасу біздің ауылдың үлкені мен кішісі үшін үлкен мәртебе болатын.

1960 жылдардың басында біз тұратын Карл Маркс атындағы совхозға Бауыржан Момышұлының немере інісі Әбілда Момынқұлов партком хатшысы болып қызметке келіп, Баукең біздің ауылға сирек болса да ат басын бұрып тұратын болды. Әбілда көкем жұмысына әбден берілген, біреудің ала жібін аттамайтын адал адам еді. Бұл кісі де Бауыржан ағасы сияқты Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмірдің небір соқпағынан өткен парасатты жан. Әбілда ағаның Берік, Бекет атты ұлдарымен араласып, достасып кеттік. Бес-алты ұл мен қыздың арасында әсіресе, Бекет ерекшеленіп тұратын. Шашы қып-қызыл, сүйкімді, өжет бала, үлкен-кішімен тез тіл табысып кетеді. Бауыржанның тізесіне отырып, еркелеп өскен Бекет батыр атасына тартып, кейін қаламгер болды. КазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, аудандық, облыстық газеттерде абыройлы қызмет атқарды. Кейін облыстық «Қазақстан – Тараз» телерадио компаниясын басқарды, облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы болды. Жаздың бір күні Алматыдан Бауыржан Момышұлының келгенін естіп, ауылдың қариялары сәлем бермек болып, Әбілда көкемнің үйіне қарай ағыла бастады. Үй тар болғандықтан ауланың ішіне үлкен нар орнатылып, оның үстіне кілем, құрақты көрпелер жайылыпты. Ауылдың қариялары төрде отырған Баукеңді ортаға алып, әңгіме-дүкен құруда. Бекетті алға салып, батыр ағамызға біз де сәлем бердік. Газет-журналдардан талай көріп жүрсек те аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бірінші рет кездесіп тұрмыз. Ұзын бойлы, сымбатты, қыран көзді жан екен. Ағара бастаған сақал-мұрты да өзіне жарасып тұр. Менің бір аңғарғаным, Баукең жанында отырған, менің кішкентайдан бірге өскен досым Тілеуқабылдың әжесі Ұлтуға «Әпке, әпке» деп ерекше ілтипат танытып отыр. – Басқалардан қорықпасам да, Ұлту әпкемнен қаймығамын. Бұл шүйкедей кемпір жас кезінде болыстың хатшысы болып, кейбір босбелбеулерді бір шыбықпен айдайтын. Керемет өжет еді, менің қайран әпкем! – дегенде отырғандардың бәрі жасы сексеннен асып қалған кейуанаға таңғала қарап қалыпты. «Көрдіңдер ме, менің әжем қандай мықты!» дегендей, біздің жанымызда тұрған Тілеуқабыл айналасына мақтана қарап қояды. Менің анам Құлхан қалың Дулаттың ішіндегі Шымырдың қызы, Баукеңдермен қыз алыспайтын жақын туыстығы бар. Менен екі жас үлкен ағам Бектұрсын екеумізге үнемі Бауыржан туралы «Елдің атын ер шығарады» деп айтып отыратын. Әкем Тұрлыбек те Бауыржанды жас кезінде талай рет көріпті. – Ертеректе Бауыржанның Жуалы ауданында милиция бастығы болып, біраз қызмет атқарғаны бар, – деді әкем бірде қызық әңгіме бастап. – Бір туысыма жазықсыз жала жабылып, Бауыржанға бардым. Жиырмаға жаңадан толған от көзді, қалың қара шашты жігіт екен. Сөзімді мұқият тыңдады да, бір сөзге келместен туысымды босатып жіберді. Қайран, Бауыржан сияқты әділ де өткір, адал жандар аз ғой. Қазақ қырылып қалған ашаршылық жылдары 4 қадақ масақ жинаймын деп 12 жылға сотталып кете бардым. Сонда ел басында Бауыржандай азаматтар көп болса, мұндай бейбастыққа жол бермейтін еді ғой. Әкем сол бір ауыр күндерді есіне алып күрсінді. Содан соң жан қалтасынан бір елі тастамайтын бәкісін алып, анама бұрылды: – Құлхан, естуімше Бауыржан әлі бір аптадай болатын ұқсайды. Бүгінде Әбілданың үйіне келіп-кетіп жатқан қонақ көп. Бір қой сойып, бір мес қымыз дайындап, Бауыржанға сәлем беріп қайтайық. Оның үстіне мына Доқтырхан жазушы боламын деп, шытып-пытып, бірдеңелер жазып жүр ғой, ағасына амандассын, – деп маңызды шаруа айтты. – Айтқаның дұрыс. Мен де соны ойлап отыр едім, – деп апам әкемді қоштай кетті. Менің анам қымыз дайындаудың нағыз шебері еді. Үйде алма ағашынан жасалған екі үлкен күбі болатын. Осы екі күбіні кезек-кезек жуып, Алатаудың бөктерінде сирек кездесетін емдік қасиеті бар киік отымен ыдыстарды ыстап, жиі сауылатын биенің сүтін үлбірек мата арқылы сүзіп құйып, біздерге ұзақ пістіретін. Әбден бабына жетіп, иісі аңқыған қымызды сиырдың терісінен жасалған меске құйып, дәл үйдің жанындағы бұлақтың көзіне салып қоятын. Мен өмірімде талай жерден қымыз іштім. Бірақ апамның дайындаған қымызындай дәмді қымыз ішіп көрмеппін. Апамның технологиясы бойынша бір мес қымыз дайындалып, үйітіліп, сойылған үлкен қойдың етін арбаға салып, әкем, апам, үшеуміз орталық көшедегі Әбілда көкемнің үйіне тартып кеттік. Баукең бес-алты қонақпен бірге үйдің алдындағы нар үстінде шай ішіп отыр екен. Берген сәлемімізді жылы қабылдаған батыр әкемді төрге шақырды. Біз әкелген сәлемдемелер арбадан түсіріліп жатқанда сары местегі сары қымыздың иісі бұрқырап қоя берді. – Пай-пай, мына қымыздың иісі танауымды жарып барады. Мынау нағыз Жуалының, біздің ауылдың қымызы ғой! – деді Баукең сүйсініп. – Келін, құйшы анау местегі қымыздан. Әбілда ағаның жұбайы үлкен ағаш шараға қымыз құйып, қонақтар тамсана дәм татысты. – Міне, қымыз деп осыны айт! – деді бір тостаған қымызды төңкеріп тастаған Баукең. Сол-ақ екен, дастарқан үстінде жарасымды әңгіме өрбіп жүре берді. Мен ол кезде 6-сыныпта оқитын бала болсам да, Бауыржан ағамның аузынан шыққан әрбір сөзін қалт жібермей тыңдап отырмын. Талай елді шарлаған тұлғалы батырдың, атағынан ат үркетін жазушының кәдімгі қымыз туралы айтқан сөздері есімде сайрап қалыпты. – Нағыз қымыз көңілді тербейді, содан соң ойды тербейді, атадан – балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымыз жарықтықты әр жерде әртүрлі әдіспен дайындайтын өзіндік дәстүрі бар. Арқада күбіні тобылғымен ыстайды, Сыр өңірінде сабанмен ыстайды екен деп естимін, ал, біздің Жуалыда киіктің отымен ысталады. Бір ғажабы – бұл қасиетті шөп кез келген жерде өсе бермейді, ол Меркінің, Түлкібастың және біздің Жуалының тауларында ғана өседі. Содан соң Бауыржан Момышұлы кәдімгі қымыз дайындаушы сияқты қымыз дайындаудың технологиясын жан-жақты шешіле әңгімелеп кетті. Үлкен мен кішінің осы бір жарасымды әңгімесін біреу қуғандай болып, жүгіре кірген отыздардағы жігіт бұзып, үлкендерді аттап өтіп: «Бауке, ассалаумағалейкүм!», деп қолын соза берді. Оған жақтырмай қараған Бауыржан қолын бермеді. – Ортамызда менен де үлкен кісілер отыр емес пе, неге соларға бірінші сәлем бермейсің, көргенсіз?! – деді ол мұрты тікірейіп. – Бауке, Бауке... сасқалақтаған әлгі жігіт дастарқанның бір шетіне сылқ етіп отыра кетті. – Встать! – Батырдың даусы қаһарлы шықты. Ауылдық кеңесте хатшы болып істейтін, жасына жетпей тым семіріп кеткен жігіт жалма-жан орнынан ұшып тұрды. – Шагом марш! – деді Баукең қолын сілтеп. Ұяттан өрттей қызарған хатшы домаланған күйі жылыстай берді. Сәл орнай қалған үнсіздікті төрде отырған қария бұзды. – Бауыржан шырағым, мына баланы танушы ма едің? – деп Баукеңе қарады. – Жоқ, ақсақал, – деді Бауыржан. – Бірақ сұйықтау жігіт екені айтпаса да көрініп тұр емес пе? – «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деп халық бекер айтпаған ғой, – деді қария ақ сақалын сипап қойып. – Бұл бала біздің ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет атқарады. Өзі жұмыртқадан жүн қырқатын сүйкімсіз жігіт. Мал базарына бару үшін ауылдық кеңестен жекеменшік малдың иесі деген бір жапырақ анықтама алуың керек, онсыз сені базарға аяқ бастырмайды. Жаңа ғана өзің «шагом марш!» деп қуып шыққан жігіт анау-мынау деп, алдап-сулап, біздің 4-5 сомымызды қағып алушы еді. Өшімізді сен алып бердің, Бауыржан. Рақмет саған, адам таниды екенсің! Отырғандар ақсақалдың сөзіне ду күлісті. Арада он жыл өте шықты. Ұмытпасам, 1974 жылдың жазы болатын. Ол кезде мен Жамбыл облысына қарасты Свердлов ауданындағы «Село жаңалығы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет етіп жүргенмін. Бір демалыс күні ауылға келсем, Әбілда көкемнің үлкен ұлы Берік үйленіп, кешке тойы болайын деп жатыр екен. Тойға Алматыдан Бауыржан Момышұлы ағамыз арнайы келіпті. Бір шеті Алматыдан, енді бір шеті Шымкенттен келген құда-жекжат, туыс-туған, дос-жаран қатысқан Беріктің үйлену тойы дүркіреп өтті. Сол тойда Баукең: Айқабақ, алтын кірпік, қызыл ерін, Кел десең, неге аяйын аттың терін. Сары ағаш сазға біткен секілденіп, Қай жерде отыр екен бұраң белім? – деп әндетті. Даусы сан құбылып, әдемі әнді жүрегімен айтты. Ән аяқталғанда көпшілік ду қол соқты. – Ойпырмай, батырдың әншілік дарыны анау-мынау әншіні жолға тастап кетеді екен! – деді жанымда тұрған Мақұлбек көкем сүйсініп. Үзіліс кезінде темекісін құшырлана тартып тұрған Баукеңе сәлем бердік. Менің досым Тілеуқабыл Бауыржанға жиен болып келеді. Жиендігіне салып, нағашы атасымен еркін сөйлесті: – Ата, менің жанымдағы жігіттің аты Доқтырхан, менің досым. Бұл да сіз сияқты жазушы боламын деп жүр, – деп мені Баукеңмен таныстырды. Маған сынай көз тастаған Бауыржан жөнімді сұрады. Мен қайда жұмыс істейтінімді айттым. – Солай, журналиспін де. Кім болсаң да халтурщик болма, айналайын, – деді Баукең темекісін қайта тұтатып. ...Содан бері арада 45 жыл өтіпті. Ол кезде жалындаған 25 жастағы тепсе темір үзетін жас жігіт едім, бүгінде мен де 70-тің асқарына шығыппын. Бұл жылдар босқа өткен жоқ. Талай биіктерден, белестерден астым. Журналист-жазушы ретінде қаламымды тастаған жоқпын, нанымды адал жеп жүрмін. Ең бастысы, Бауыржан Момышұлының Беріктің тойындағы айтқан сөзін өмір бойы есімнен шығарған жоқпын. Оны Баукеңнің аманатындай бойтұмар етіп сақтап келемін.

 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты