дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Болашақтан ұялу

Болашақтан ұялу
ашық дереккөзі
Болашақтан ұялу
Осыдан сексен бір жыл бұрын, дәл осы күні – қыркүйектің жиырма үшінші жұлдызында, Нью-Йоркте өткен Бүкіләлемдік жәрмеңке – EXPO көрмесінде бес мың жылдан кейін, яғни жетпісінші ғасырда ғана ашылуы керек «Уақыт капсуласы» жерге көмілген.
Капсуланың ішіне қырқыншы жылдардағы дүниенің жетістігі саналған сан алуан нәрселер салынған: қауырсын қаламнан бастап микро-фильмге дейін, дәнді дақылдардан бастап бөз бен жібекке дейін. Сонымен қатар оның ішінде заманының заңғары саналған үш тұлғаның болашаққа жазған хаты да бар. Екі адамның хаты бізді ойландырды: олар – Альберт Эйнштейн және Томас Манн еді. Неге ойландырды? Өз уақытының қос ұлы пер­зенті, Нобель сыйлығының лауреаттары, бір сөзбен айтқан­да, данышпан адамдардың 1939 жылдың қыркүйегінде болашаққа хат жазып отыруы қайран қалдырды. Сол хаттан аңғарғанымыздай, өз заманы мен замандастарын сон­ша сүйетін, сүйе тұрып олар­дың қатыгездіктері мен қате­ліктері үшін жаны ауыра жек көретін ғалым мен жазушыға – қос дүниежүзілік соғыстың өліарасында тұрып, ары қарайғы тағдыр-талайы қалай болары белгісіз әлемнің жәрмеңкесінде бес мың жылдан кейінгі бола­шақтың адамдарына хат жазу үшін қандай жүрек, қандай оптимизм керек, құдайым-ау?!. Томас Манн фашистік Гер­маниядан 1938 жылы кетсе, Эйнштейн 1933 жылы-ақ ол жүйеден іргесін аулақ салған. Ал 1939 жылдың дәл қыркүйегі, нақты айтқанда, қыркүйектің 1-і күні Екінші дүниежүзілік со­ғыс басталды да кетті. Герма­ния Польшаға кіріп келді, Ұлы­британия, Аустралия мен Жаңа Зеландия, Үндістан мен Оңтүстік Африка Республикасы, Франция мен Канада Германияға соғыс жариялады. Ал мына жақта Совет-Фин соғысы басталып жатты. Әлем ақыл-есінен ауысқан осы бір естанды шақтарда данышпандар болашаққа жазған хатында не айтуы мүмкін? Альберт Эйнштейн атом бомбасы қау­пін ерекше сезінген, соғыста оның қолданылмауын сұрап хат жазған, тіпті «егер үшінші дүниежүзілік соғыс болып, онда атом бомбасы қолданылар болса, төртіншісінде – қолымызға тас пен таяқ алып соғысатын боламыз» деген адам ретінде болашақты қалай елестетті екен? Оқып көрейік: «...Болашақ­тың адамдары, біз ұшуды үй­рендік, дүниенің шартарапына хат пен хабарды бір-ақ сәтте электр толқындарының көмегімен жөнелте аламыз. Бірақ өндіріс пен тауар бөлінісінің бейберекеттігі сонша, әрбір адам экономикалық циклдардың сыртында қалып, бәрінен құр қалуы әбден мүмкін екенін сезінеді. Оның үстіне әлемнің әр қиырындағы адамдар бір-бірімен қырғи-қабақ, бірін-бірі өлтіргісі келеді, сондықтан болашақ жайлы ойланған әрбір саналы адам үрей мен қорқынышта өмір сүреді. Мұның себебі, көптің ой-өресі мен мінез-құлқы қоғам үшін пайдалы бір дүние өндіре алатын жандардың ойы мен адамдығынан анағұрлым төменде жатыр. Мен, болашақ ұрпақтың осы бір хатты мақтаныш сезімі әрі ақталған үмітпен оқитынына сенемін», дейді Эйнштейн. Ал Томас Манн: «Біз бола­шақты «ізгі әлем» ретін­де еле­с­тететін прогресс доктри­на­сы­ның қате екендігін сезіне бас­тадық. Сендерге артар үмі­тімізді ауырсына көрмеңдер. Бізге біздің де өз аталарымызға ұқсағанымыз секілді, сендердің бізге ұқсас боларларың анық қой. Сендердің де замандарыңда адам рухы азап шегетін болар. Сол рухтың салтанатта сайран салмағаны да дұрыс шығар, әйтпесе жер бетінде шынайы ер адамға – азаматқа атқарар шаруа қалмас еді...» дейді. Екі хаттың мазмұнынан, айт­қысы келген астарлы ойы­нан ұғарымыз – екеуінің де бола­шақтан ұялуы. Екеуі де ақталғысы келеді. Заманы мен замандастары үшін, тіпті кешірім сұрағысы келетіндей. Осы ұят қана дүниені ұстап тұрғандай. Ұят өлген күні, бәрі де өлетін секілді.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар