Тарих-таным

Ел есінде қалған елу теңге

Ел есінде қалған елу теңге

Облыстық тарихи-өлкетану музей қоры жыл сайын көптеген жәдігерлермен толықтырылуда. Оның ішінде археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, палеонтологиялық жәдігерлер де кездеседі. Биыл музейіміздің қорына қосылған жәдігерлердің ішіндегі ең ерекше әрі құндысы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай арнайы тапсырылған номиналы 50 теңгелік монета.

Бұл теңге А.Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай ҚР Ұлттық банкінің 2015 жылғы 14 тамыздағы «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясымен шығарылған. Мерейтойлық монетаның бет жағының орталық бөлігінде еліміздің Елтаңбасы бейнеленген. Ал оның қос қапталын айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ және РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазбалар орналасқан. Айналдыра ұлттық ою-өрнек элементтері мен төменгі бөлігінде «ТЕҢГЕ» жазбасы және күміс теңгенің номиналын білдіретін «50» саны бейнеленген. Теңгенің сырт жағында Абай Құнанбайұлының мүсіндік портреті айнытпай бедерленсе, оң жақ бөлігінде ұлттық ою-өрнек элементі және шыққан жылы – «2015» жазуы, портреттің төменгі жағында «АБАЙ» деген жазу бар. Әрине жалпы алғанда бұл монетаның қазіргі нұсқаларынан еш айырмашылығы жоқ. Бес жыл бұрынғы монетадағы Елтаңба, өзге де жазбалар мен оюлар қазір де бар. Бірақ мұның құндылығы оның қазір қолданыстан шығып, елдің қолында жәдігер ретінде сақталуында. Сондықтан, кезінде ұлы ақынның құрметіне арнайы шығарылып, айналымға енген бұл монета үлгісінің енді еліміздің теңге тарихының бір бөлшегі ретінде музей қорларынан орын алуы заңдылық.

   

А.Мекемова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері