жұма, 27 желтоқсан, 2024 11:54

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ежелгі Майя және көне түркі халықтарының күнтізбесіндегі 13 санының сыры неде?

Ежелгі Майя және көне түркі халықтарының күнтізбесіндегі 13 санының сыры неде?
ашық дереккөзі
Ежелгі Майя және көне түркі халықтарының күнтізбесіндегі 13 санының сыры неде?

Жұмбаққа толы ежелгі Майя өркениеті мен түрік халықтарының арасында үлкен үндестік бар. Әсіресе күнтізбесі, сәуегейлігі және астрономиясы өте ұқсас.

Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан және Ресей Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі Әділ Ахметовтің айтуынша, ежелгі Майялықтырдың Ал­тай­дан ауып барған түрік халықтары екенін айшықтайтын жайттардың бірі олардың күнтізбе жүйесі. «Әсіресе, майялықтардың 260 күн­дік киелі күнтізбесі өте ерекше. Бұны ана мен іште жатқан нә­рес­тенің күнтізбесі деуге болады. Себебі, ананың жатырына түскен ұрық пен сол ұрықтың балаға айналып өмірге келу арасы да 260 күн екен. Яғни қазақтың тоғыз ай, тоғыз күн ұғымына толық сай келіп тұр. Аталмыш күнтізбе осыдан пайда болған тәрізді. Мұндай ғажайып санау жүйесін олар бізден алып барған», - дейді ол.

«Ежелгі майялықтар Америка құрлығын мекен еткен сол Алтай текті тайпалардың аса жоғары өрке­ниетке қол жет­кізген бір тайпасы саналады. Олардың бізбен яғни Алтай халықтарымен тарихи негізі бір екенін ешкім де жоққа шығара ал­майды. Ежелгі бабаларымыз кезінде Солтүс­тік Америкаға жермой­нақ арқылы өтіп кеткен. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Азия мен Солтүстік Американың арасында ені 50 мильдік жермойнақ жалғап тұрған. Олар сол жермойнақ арқылы көшіп мекен тепкен. Кейін уақыттар өтіп қалың мұз еріген соң, ол жерде ғажайып бұғаз пайда бо­лады. Маялықтардан асқан ғұлама, математик бол­маған бұл ғаламда. Олар осыдан бес мың жыл бұрын «нөлді» алғаш рет пайдаланды. Майялар уақыт заңы мен оның қыр-сырын шегіне жет­кізе меңгерген аса білгір халық болған. Олар оны өте шебер қолдана білудің арқасында Жердің  галактикалық уақыт кеңіс­тігіндегі орнын дәл анықтаған. Соның барлығын тасқа басып, жазып кеткен. Бұғаз пайда болғаннан, кейін мәдени байланыстардың барлығы үзіліп қал­ған. Екі түрлі әлем болып қалдық» - дейді белгілі ғалым, зерттеуші Әділ Ахметов.

pissmenost-maya.jpg

Бүгінде ежелгі майялықтардың 17 түрлі күнтізбесі болғаны анықталып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, солардың үшеуіне ерекше мән беріліпті. «Солардың ішінде 13 санына негіз­делген әр айы 28 күннен тұратын, 13 айлық 364 күндік ерекше күнтізбесі бар. Ондай күтізбе – бір рет ілсең, өмір бойы тұратын тұрақты күнтізбе. Ал біз пайдаланып жүрген «Григорий күнтізбесі» сынап тәрізді. Ол – ғылыми негізі жоқ, жасанды календарь. Ал батыста «13» санын құбыжық көреді. Шын мәнінде, осы «13» мызғымайтын галактикалық тұрақты сан. Тұрақтылықтың белгісі. Оның дәлелдері: Ай жерді жылына 13 рет айналады. Әйел затының физикалық құбылысы да жылына 13 рет келеді. Мойныңнан екі тобығыңа дейін 13 буын бар. Яғни «13 саны – мүшел» дегенді білдіреді», - дейді зерттеушінің өзі.

Ағамыздың айтуынша, майялықтар жасаған бұл күнтізбелердің басым көпшілігі бір жылдың ішінде бұлжымайтын 13 ай бар екенін мойындайтын галактикалық заңдылыққа негізделген күнтізбелер. «Олардың ішіндегі ең киелі саналатыны - 260 (13x20) күндік «Цолкин» деп аталатын күнтізбе. Енді бірі - қазіргі біздің өркениет қолданып жүрген күнтізбеге ұқсастау 365 күндік Хааб күнтізбесі болатын. Бірақ сапасы мен ғылыми дәйектілігі жағынан, майя күнтізбелерінің қай-қайсысының да деңгейі өте жоғары болған әрі олар ғылыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрі біздің өркениетті матап алған қазіргі күнтізбеден оқ бойы озық тұр», - деп атап өткен Ә.Ахметов.

Осылай деп атап өткен ағамыз жоғарыда аталған майя күнтізбелерінің табиғи биоритммен кереметтей үйлесімде болғанын бүгінгі ғылым жоққа шығармайтынын айтады. Мұның дәлелі ретінде майя күнтізбелерін өзара салыстыра отырып 40 жыл бойы зерттеген, соның нәтижесінде бүгінде аты әлемге әйгілі болған американдық ғалым, ғұлама математик Хосе Аргуэлльестің ашқан жаңалықтарын келтіреді.

original.jpg

Енді осы Ахметов мырзаның Хосе Аргуэлльестің ашқан жаңалықтарына сүйене отырып жасаған зерттеулеріне назар аударсақ:

Ғалым қырық жылға ұласқан өз зерттеуінің нәтижесі ретінде майялардың әр айы 28 күннен, әр жылы 13 айдан тұратын (13х28=364) Ай, Күн және Жердің өзара ілесіміне негізделген және өзі өңдеп, дамыта түскен ғажап та табиғи күнтізбені алға тартады. Хосе Аргуэлльес сол күнтізбенің негізінде біздің заманымыздың ең ұлы жаңалығы - табиғи уақыт модулі - 13:20-ға негізделген Уақыт заңын ашты. Бұл заңның ғылыми дәйектілігі өте мықты.

Оның бұлтартпайтын дәлелі төмендегідей. Мәселен, Жерді Ай бір жылда 13 рет айналып шығады және ол адам биоритміне, оның ішінде, әсіресе әйел адамдардың физиологиясына тікелей әсер етеді. Мысалы, тек әйел затына ғана тән 28 күнде бір рет, бір жылда 13 рет қайталанатын физиологиялық процес жоғарыда айтқанның айқын дәлелі. Сосын, жүкті аналар толғағының 90 пайызының Ай толған шаққа дөп келетіні жайдан-жай емес. Сонымен қатар, Цолкин (13x20=260) күнтізбесіндегі 13 пен 20 деген сандармен қатар майялардың Ай/Күн күнтізбесіндегі 28 деген санның да адам ағзасынан табылатыны таңдандырмай қоймайды. Шындығында да, адамның желкесінен бастап екі тобығына дейінгі үлкен буындардың жалпы саны -13. Ал аяқ пен қолдарындағы саусақтар саны – 20, екі қолдағы саусақ буындарының жалпы саны – 28. Ал 260 болса, ол - эмбрионның ана құрсағына біткен күнінен бастап, оның сол құрсақта өсіпжетіліп, туылатын мезгіліне дейінгі аралықты дәл көрсететін киелі сан. Мұның дұрыстығын ғылым дәлелдеп отыр. Және майялардың өздері де 260 (13x20) күндік күнтізбесін киелі деп есептейтіндігі әлгі күнтізбенің ана мен балаға тікелей байланысты екендігінен туындайтыны күмән туғызбайды. ндеше, адам баласы - Ай мен Күннің және Жердің түлегі екені нағыз шындық. «Бұл адам баласының биоритмі - Ай мен Күннің және Жердің биоритміне тікелей сабақтас әрі соларға тікелей тәуелді екенін дәлелдейтін бір жылы 13 айдан, әр айы 28 күннен тұратын майялар өте дәл есептеп шығарған галактикалық мәңгі күнтізбемен тікелей байланысты», - дейді зерттеушінің өзі.

Өкініштісі, осындай ғажайып дүниеден айырылып қалып отырмыз. «Бұл - ғылыми негізі өте берік құндылық еді. Бірақ Адам баласы осы құндылықтан қалай ғана айырылып қалған. «Мұның себебі неде?” деген сұрақтар туындайды. Себебі - жоғарыда біздер атап өткендей, 1553-жылы айналымға еніп кеткен бүкіл әлемді күні бүгінге дейін шатастырып келе жатқан жасанды уақыт реформасы. Оның үстіне әлгі реформа сол кезеңдегі машина өркениеті басталған дәуірдің символы - сағатпен дөп келген болатын. Бұл өркениеттің бастамасы уақытты өлшейтін механикалық сағаттың өндіріске енгізіліп, ең өтімді тауар ретінде бүкіл әлемге таралып, «Уақыт – ақша» деген жасанды заң жалауға айналып, сауда мен ақшаның нөпірі екпіндеп, банктерге ұшықиыры жоқ ақша құйыла бастаған кез еді. Сонымен, уақыттың жасанды модулі - 12:60-қа негізделген (бір жылы -12 ай, бір тәулігі 24 сағат, бір сағаты - 60 минутқа жіктелген) жасанды антиуақыт өлшемі пайда болды да, төрттік өлшеммен ғана өлшенуге тиісті уақыт енді үштік өлшеммен өлшенетін кеңістікпен алмастырылды. Сөйтіп, «батыстық» материалистік ой-жүйенің тікелей салдары «ғылымитехникалық революцияның» атасы атанған жасанды ғылым мен үштік өлшемге негізделген математикаға ұласты. Сол-ақ мұң екен, осы жасанды өлшемді ту етіп көтерген адамзат енді кеңістік атаулыны (оның ішінде космос та бар) жаулап алуға бет алды. Сөйтіп, арғы тамыры түркі Алтайда жатқан майя өркениетінен қайта бастау алған, 13:20-ға негізделген табиғи галактикалық уақыт ырғағынан адамзат біржолата айырылып қалды», - дейді Әділ ағамыз.

Соның салдарынан адам енді уақыт заңының шынайы сырын ұғынудың орнына оны кеңістікпен шатастыруға мәжбүр болып, мүлде жасанды құндылыққа басымдық бере бастады. Мұның бұлтартпас дәлелі - бүгінде әр адам пайдаланып жүрген қазіргі заманның сағаты. Сағат бүгін уақыт пен кеңістікті ажырата алмаған адамзаттың жасанды жүйесінің символына айналып кетті.

«Одан да дәлірек айтсак, табиғи биоритмнен айырылып қалған адамзат қазір уақыт пен кеңістіктің арасына теңдік белгісін қойып алып, уақытты кәдімгі кеңістік ретінде сағаттың бетіне шаптап қойғанынан да бейхабар. Ал шындап келгенде, уақыт сананың, яғни төрттік өлшемнің ғана объектісі, ал кеңістік – кәдімгі үштік өлшемнің нысанасы. Бірақ осыдан төрт жарым ғасыр бұрын Григорий поп енгізген жасанды догма сол заманнан бері адамзат санасына терең бойлап, онымен бірге жасасып, оның табиғи биоритміне уын толассыз тамызып келе жатыр», - деген жасаған зерттеуші 12 айлық жасанды күнтізбеге еті әбден үйренген кәзіргі өркениет әлгі догмадан арылуға дәрменсіз екенін айтады.

e-history.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар