сенбі, 5 қазан, 2024 19:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Красная звезда» редакторының алғысы

«Красная звезда» редакторының алғысы
ашық дереккөзі
«Красная звезда» редакторының алғысы

Кейін қарай жатпай, жалдана көтерілген Баукеңнің селдір, бурыл шашы, қасқалана түскен кең, жазық маңдайы, солғын тартқан, аясы үлкен отты жанары, пышақ жанығандай суалған жағы, әжім шимайлаған ақсұр жүзі, етек-жеңі сәл жалпайыңқыраған жоталы қыр мұрыны, қолдарының сыртындағы адырайған көгілдір тамырлары көзге тым қораш көрінеді. Өрмекші-кәрілік: «Торыма түстің бе? Мықты болсаң, енді құтылып көр!», – деп өктемдік сыңай танытып, сес көрсеткендей.

Ішкі жан дүнием əлем-жəлем. «Шіркін, Баукеңді жасартар құдірет-күш қолымда болар ма еді, болса, аянып қалмас едім-ау», – деген ойға берілгенімді сезгендей: – Ұнжырғаң түспесін, көтер басыңды! – деп Баукең қатты айқайлап жіберді. Мұны күтпеген мен селк ете қалып, есімді тез жинадым. – Ішінде желден басқа түк жоқ үрген шарға ұқсама! Еңсең түспесін! Баукеңнің өжет мінезі, өр рухы мені байсалды қалпыма қайта түсірді. – Сұрағым бар еді, – дедім қолайсыздықты жуып-шайғым келіп. – Сұрағың болса, қысылма. – 1942 жылы «Красная звезда» газетінің редакторы сізді шақырып, сөйлескен екен. Сол жөнінде айтып берсеңіз? – Алғы шепке 1942 жылы əскери тілші Александр Кривицкий келді, – деп Баукең сұсты күйге енді. – Мен оның сұрақтарына жауап беріп отырып: – Сіз неге қазбалай бересіз?! – деппін ғой. Көзі бақырайып, таңғалды. Ішінен: «Мынау жауынгерлерін жақсы білмейді. Мұны полк командирі еткен кім?» – деп ойласа керек. Соны сезіп мен: – Соғыста белгілі батырлардан белгісіз батырлар көп, – деп едім, басын изей, қуана құптады. Кейін сол сөзімді «Красная звезда» газетіне өзгертпей жазды. ...Жараланып Мəскеудің госпиталында емделдім. Біраз уақыт Совет Армиясы орталық қонақүйінде тұрдым. Кривицкий төбе көрсетті. – Сізді редакторымыз редакцияға ертіп кел деп мені жіберді, – деді жымиып. – Е, жарайды, – деп келістім. Редактор ірі денелі кісі екен. Орнынан тұрып, қарсы жүріп кеп маған қолын ұсынды. Бетінің бір жағы қал секілді қып-қызыл. – Жолдас полковник, мен сізді көргеніме қуаныштымын. Бұрын бетінде дағы барларды кездестіргем. Мұндай бір жағы тұтас қалы бар адамды кездестірген емеспін. Таңғалып қарағанымды байқаса керек: – Анам мені осылай туды, енді қайтем? – деді. Түсінген кісіге бұл оның «менің мынау бетімнен сескеніп қалдыңыз ғой» деген сөзі ғой. Е, байқап қойыпты ғой деп қып-қызыл боп кеттім. Өзі ақылды кісі болу керек, менің мұныма да ыңғайсызданып қалды. Столының тартпасын ашып, «Қазбек» папиросын алып, маған ұсынды. Ол кезде сіріңкенің де тапшы кезі. Орнынан тұрды, мен де тұрдым. Қалтасынан оттығын алып, алдымен өзінің папиросын, одан кейін менің папиросымды тұтатты. Мен бұл қылығына да таңғалсам керек. Жымиып күлді де: – Қазір бізде бензин таза емес, – деді. – Бірінші тұтанған кезде исі жаман болады, сəлден соң кетеді. Соны сіз сезбесін деп алдымен өзімнің папиросымды тұтаттым. – Рахмет, жолдас генерал-майор. Кривицкий есік жақта түрегеп, дірілдеп тұр. Генерал-майор қоңырау басты. – Сізді тыңдауға əзірмін, – деп бір майор ішке енді. – Буфетші əйелге айтыңыз, бізге екі стақан қара кофе, төрт печенье əкелсін. Полковникпен кофе іше отырып əңгімелеспекпін. Кривицкий сезімтал, генерал-майордың əлгі сөзін: «Сен бара бер, екеуіміз ғана əңгімелесуіміз керек, кедергі жасама», – дегені деп түсініп, кетуге рұқсат сұрады. – Маған келетін кісілер бар еді. – Иə, барыңыз. Сіздің жұмысыңыз көп қой. Ол бұрылып шығып кетті. Темекі тартып отырмыз. Бір сұлу даяшы қатын подноспен екі стақан кофе, төрт печенье əкеп қойды. Сызыла қарап: – Тағы қандай тағамға зауқыңыз соғады? – деді. – Рахмет, осы жетеді. Есік жабылғаннан кейін ішке майор енді. – Полковникпен əңгімеміз аяқталғанша ешкім көңілімізді бөлмесін. Үкімет пен майданнан соғылған телефоннан басқа ешкіммен мені қоспаңыз. – Құп болады. Шифоньердің жартысындай үлкен сейфі бар екен. Жазу столының тартпасынан кілт алып, сейфті ашты да, бір шөлмек коньяк, екі рюмке алды. – Жолдас полковник, кездескеніміз үшін. Рюмке соғыстырып, кофе іше бастадық. Өзі асықпай қимылдайды екен. Біраз ойланып отырып: – Менің сізге сұрағым бар. Біздің тілшіміз Александр Кривицкий сіздің полкіңізде болып, жақсы мақала жазып келді. Оқыған шығарсыз? Ұнағандықтан көлемін қысқартпай, газетіміздің бір бетіне тұтас жарияладық. – Иə, оны оқыдым. – Сіз осында дегенді естігеннен кейін көріп, əңгімелескім, Панфиловпен қалай танысқаныңызды білгім келді. Ол кісінің əскери ерлігі мəлім болды ғой. Ол өз алдына, əрине. Панфиловтан мен бір-ақ жас кіші екенмін. Марқұм қайтыс болды ғой. Сіз қазақсыз. Панфиловпен соғыста ғана кездестіңіз, қарамағында аз уақыт қана болдыңыз. Осы аз уақыт ішінде ол кісіні қалайша түсініп, қалайша ол кісінің барлық мінез-құлқын, ойларын есіңізде сақтағансыз? Мен соған таңғалам. Иван Васильевичпен кездесулеріңіз эпизодтық кездесулер ғана. Үнемі қасында жүрген жоқсыз əрі соғыстан бұрын ол кісінің қарамағында болған емессіз. Солай ғой? – Иə. – Аға лейтенант қазақтың айтуы бойынша орыс генералына жоғары баға беріледі. Менің таңданатын себебім сол. – Жолдас генерал-майор, Иван Васильевич қарапайым кісі еді. Ол өзінің осы қарапайымдылығы, адалдығы арқасында адамдарды өзіне баурай білді. Оның үлкен өмір мектебі болды. Ол қарапайым халық арасынан шықты. – Иə, бірақ əскери академияда білім ала алған жоқ қой? – Ол кісінің əскери академиясы – өмір мектебі, – деп едім, генерал-майор ұзақ ойланып: – Ол рас, – деді басын шайқап. – Өкінішке қарай, біздің көбіміз өмірден үйрене білмейміз, – деп күрсінді. Күрсінді де, солардың бірі – мен өзім, – деді. Баукең жадырай күлді. – Иван Васильевичтің ерлігі қызғанарлық та қызығарлық ерлік! Соғыста қаза тапқан басқа генералдарымыз аз ба? Алайда солардың арасында Иван Васильевичтің даңқы майданды қақ жарып шықты. – Жолдас полковник, сізге мың бір алғыс. Иван Васильевичтің қолбасылық бейнесін жақсы жасадыңыз. Алғашқы ұрысқа енген сəтіңіз есіңізде ме? – Əлбетте есімде. Командирлеріммен əңгіме өткіздім. Ең алдымен 1812 жылғы Ұлы Отан соғысына, Наполеон Бонапарттың жауынгерлерін: «Орыстар кеше сіздердің алдарыңызда қарсылық көрсете алмай қашты. Бірен-саран жараланғандарымызды құтқарамыз деп шегінбеңдер. Шегіну француз халқына ыңғайсыз», – деп жігерлендіргенін, Михаил Илларионович Кутузовтың: «Менің қымбатты отандастарым, қымбатты ерлерім! Орыстың өткір найзасымен Наполеонды келген жағына лақтырып тастауымыз керек», – деп жауынгерлерінің жігерін жанығанына тоқталдым. Александр патша майдан даласына нөкерлерімен келіп: – Михаил Илларионович, ұрысты неге бастамайсың? – дегенде, Кутузов: – Тақсыр, біз əскери шеру өткізуге жиналған жоқпыз. Барлық полктің майдан шебіне жетіп үлгеруін күтудеміз, – деп «оқ алса, мені алсын» дегендей жау əскеріне қарама-қарсы жасақталған саптың ең алдында қасқайып тұрады. Кенет атыс басталып, ол көзінен жараланады. Александр патша нөкерімен қашып кетеді. Мəскеуде əскери кеңес өтіп, Александр патша: – Михаил Илларионович, сен шегіне бересің? Наполеонды жеңесің бе? – дегенде, Кутузов: – Құдай сақтасын, жеңу қайда? Мен оны алдауын алдаймын, аттың етін жегізем. Қалай алданғанын, Ресей біздің жанымыз екенін өмірі ұмытпайтын болады, – деп Кутузов Москваны Наполеонға соғыссыз беретінін мəлімдейді. Александр патша: – Сен Ресейге қарсысың, Наполеонның шпионысың. Бородина майданында əдейі жеңілдің, – деп ашуланғанда, Кутузов екі қолын көкке көтеріп: – Кімнің шпион, кімнің Ресейге қарсы екенін Құдай ғана біледі, басқа ешкім білмейді, – деп жылайды. Кутузовтың: «Потери Москвы не потерии России», – деген сөзінен кейін Москваға Наполеонның соғыссыз енуіне мүмкіндік жасалады. Франциядан келетін азық-түлік жолын партизандар кесіп тастайды. Наполеон жауынгерлері ашығады, жейтін ештеңе таба алмай қарғаны атып жеуге көшеді. – Біз екі жағымыз да ұрыстан титықтадық, бейбіт келісімге келейік, – деп Наполеон Кутузовқа елшісін жібереді. Кутузов: – Сіздер титықтасаңыздар, біз əлі ұрысты бастаған жоқпыз, – деп жауап қатады. Наполеон шошып кетіп: «Ойбай, мына шалдың түрі жаман. Түгел қырылмай тұрғанда Франциямызға жетейік», – деп Москваны тастап қашады. Командирлеріме осы жағдайларды айтып, біздің айла-əдісіміз, тəжірибеміз мол. Бəрімізді Михаил Илларионович Кутузовтың, батыр ата-бабаларымыздың рухы қолдасын, – деп алғашқы ұрысты бастағанмын. – Енді соғыс туралы ойыңызды білсем деймін. – Соғыс деген үлкен таразы, үлкен сын. Ер намысы деген осындайда ғана көрінеді. Қорқыныш жоқ жерде əркім батырсынып, аузымен орақ орып, көкірегін кере береді. Мен өзім бетпе-бет ұрыстың офицерімін. Сын сағатында жанын шүберекке түйіп, намысына тырысып, қой бастаған серкедей топ басына шыққандар соңындағыларды қырғын соғыстың отына магниттей тартады. Себебі басқалар «мен одан кеммін бе?» деп өкшелей жүгіреді. Кейбірі қуып жетіп, əрі-беріден кейін озып кетеді. Бейбіт өмірдегі адам мінез-құлқынан бетпе-бет ұрыстағы жауынгер мінез-құлқының айырмасы жер мен көктей. Біз орнынан кімнің бұрын, кімнің соңынан көтерілгенін білмейміз. Алдыңда, қасыңда кім, есіңде жоқ. Əркім өз міндетін орындау үшін арпалысады. Меніңше, бетпе-бет ұрыста жауынгердің үш түрі байқалады. Бірі жараланады, бірі өліп, бірі бəрінен озып, алға кетеді. Олардың жағдайын ұрыс кезінде анықтау мүмкін емес. Əрі-беріден кейін кімнің қалай құлағанын, қалай жараланғанын біз толығымен білмейміз. Оны түсіріп алатын киноаппарат немесе жазып алатын жағдай жоқ. Мынау оққа ұшып, анау қатты жарақаттанып қалды-ау деп қайғырып жүрген ешкімді кездестірмейсің. Қайталап айтайын, жолдас генерал-майор, майданның алғы шебіндегі қызу шайқас, қызу бетпе-бет ұрыста кімнің қалай өлгенін де білу қиын. Алғы шептегі жан беріп, жан алысқан шайқаста солдаттың бас командирі – азаматтық сезім, парыз. Оны шабуылға бастайтын құдірет – сол. Менің тəжірибемше, көрген-білгенімше, соғыста шабуылға шыққандардан гөрі тығылып қалғандар көп өлді. Бізді жеңіске жеткізген олар емес, шабуылға шығып, ерлік жасаған аруақты ерлер. Қорыта айтсам, алғы шеп маған: «Тəуекелсіз – ерлік жоқ, азамат жолы – ар жолы», – деген ой сыйлады. – Бетпе-бет ұрысты тамаша суреттеп, көз алдыма жанды елестеттіңіз. Сізге тағы да алғыс айтам, жолдас полковник. Келесі сұрағым, Гитлер туралы қандай ойдасыз? – Кейбір сықақшыларымыз сықақтап жүргеніндей ол осал жау емес. Осал жау болса, қырғынға ұшырап, Москва іргесіне дейін шегінеміз бе? – Оның ең үлкен бір қателігі – Кеңес Одағы қырық құрамадан құралған, ынтымақ-бірлігі қағаз жүзінде ғана. Мен шабуылды бастасам, бəрі быт-шыты шығып, бас сауғалау қамымен маған бағынады деп есептеді. Олардың Отанына берілгендігін білмеді. Менің ата-бабамның: «Жабылып кетсе құмырысқалар, арыстан терісін сыпырып алар» деген ескертпесін ескермеді. Оның «Моя борьба» дегенінен басқа кітабы жоқ. Мұндай адамға Кеңес өкіметінің күш-қуатын, рухын білу қиын, мүмкін емес. – Одақтастарымыз туралы не айтасыз? – Саясаткерлер қалай десе, олай десін, Сталинсіз жеңіске жету мүмкін емес екенін Американың президенті, екі аяғы жоқ, данышпан Рузвельт дұрыс пайымдап, «социализм жүйесін жақсы көрмегеніммен, Сталиннің қабілетіне бас ием» дей келіп, кежегесі кері тартқан Англия премьер-министрі Черчилльді өз қатарына қосып алды. Бұл қуанарлық жағдай. Ішке майор енді. – Жолдас генерал-майор, сізді Сталин сұрайды. – Қап, əзірше қош-сау болыңыз, жолдас полковник. Мен қоштасып, тысқа шықтым.

  Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, бауыржантанушы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар