дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 14:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлы сарынның сарқыты – Жамбыл жырау

Ұлы сарынның сарқыты – Жамбыл жырау
ашық дереккөзі
Ұлы сарынның сарқыты – Жамбыл жырау

Есте жоқ ерте заманнан жалғасқан жыраулық сарынды сақтап, халық жырының туын желбіреткен, жұртының басына түнек орнаған талмау шақта тарпаң мінез танытып, езілген елдің еңсесін алтын домбырасымен асқақтатқан, сөйтіп асыл аманатты ұрпаққа ұластырған Жамбыл ақынның мұрасы мен шығармашылық болмысы – түгел түркі әлеміне өшпес өнеге, тағзым етер тағылым.

Қоғамдық жүйелер алмасқан алма­ғайып дәуірде ғасырлық ғұмыр кешіп, дүниежүзілік екі қанды соғыстың қасіретін халқымен бірге қабырғасы қайысып көтерген абыз бабаның қазы­налы кеудесі толы шежіре, күмбірлеген күміс әуез еді. Сондықтан бағзы бабадан үзілмей жеткен түркі ақындық дәстүрінің алып құбылысы, арқалы ақынның жыр әлеміне құлақкүй болған өлең-жыры да, өнеге-ұраны да қалың еліне қашанда ем бола береді.

Көне түркілік дәстүрде жыраудың не­гізгі міндеті – сын сәтте суырып салып, елге толғау сөзін айту, қаһарман бек­тердің жанында болу, елдік пен ер­лікті жырлау, ханның қасынан ше­шуші кезеңдерде табылып, бүгінгі күн мен өткен заманды салыстырып, ақ пен қараны ажыратып, қорытынды кеңес шығарып, бұқараға нақыл сөз естірту. Жамбылдың бойынан мұндай қасиеттер молынан табылады, оны ғасыр биігіне шығарған да осы алтын тұғыры еді. Сондықтан Жамбылды ұлы жыраулық дәстүрдің сарқыт сарыны деп атауға толық негіз бар.

Сонау Иоллығ тегін, Тоныкөк, Сы­пыра жыраудан бері жалғасқан түркі жауынгерлік жырының нақысты дәстүрі мен жыраулық бекзат өнер Жамбыл ақынның айтыстарынан бас­тау алып, көлемді эпикалық жыр, дас­тан, толғауларына ұласып, оның бүкіл шығармашылық әлеміне нұр шашып, жақұттай жарқырап тұр. Ұлы ұстазы Сүйінбайдан бата алып, «піріне сыйынбай сөз сөйлемеген» Жамбыл даңғыл жыршыға айналып, суырып салма сөз өнерінің семсері, айтыстың алдаспаны болды. Ақын айтыстарында үнемі елдік, теңдік, бостандық үшін арпалысқан батырлардың шежіресі дәріптелетін. Ақынның айтыстағы көтерген ұраны елдің тұтастығы мен отан үшін қамал болған қаһармандардың өр тұлғасы еді.

Бағзы сарынды жаңғыртқан жырау ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ пен қырғызды аралап, алып Манас, ер Қарасай, Өтеген, Саурық, Сұраншы секілді айтулы батырларды елге үлгі етіп, олардың қаһармандық өмірін өлеңімен өрнектеді. Түркі жұртына ортақ «Көрұғылы», «Тотының тоқсан тарауы» сияқты ауқымды эпостарды жаңғырта жырлап, намыс нажағайын оятты.

Ақынның елін сүйген ерлер бейне­сінің галереясында 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілістің сарбаздары, оның қолбасшылары Аманкелді, Бекболат, Саттарлардың мүсіні айрықша орын алады. Арқалы ақын 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліске ұраншы боп, халықтың қасіретін қабырғасы қайыса, күйзеле жыр­лайды. Жыраудың азаматтық үні «азаттық соғысы» тұсында айқын да ажар­лы шығып, «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау», «Халық кегі» атты өлең-жырларымен патшалық езгі­нің шын әлпетін халыққа ашып көр­сетеді, азаттық рухының дабылын қағады:

Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,

Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.

Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,

Көксеген азаттықтың соғысында...

Аттандық ұлығының қонысына,

Елді сорған борсықтай болысына...

Бой бермес ел өмірі, асау шері,

Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.

Бірде от, бірде суды көктей көшіп,

Талпынып тілегіне басты ілгері.

Ақынның осы тақырыптардағы жырлары – қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің қастерлі көркем шежіресі іспетті. Осы­лайша, Жамбыл ақын отты өлеңімен пат­шаға қарсы ұлт болып дүркірей кө­теріл­ген 1916 жылғы ұлы көтерілістің ұран­шысы, жырау-жыршысына айналды.

Ел арасындағы түрлі әділетсіздікті, озбырлық пен қиянатты батыл сынап, жұртының әлеуметтік қамқоршысы бола білген Жамбыл кезі келгенде бағзы жыраулар іспетті сұлтанның жанынан табыла білген. Ол кешегі күндей күркіреген Хан Кенені асылға балап, соңғы ханның көзіндей болған әйгілі Сыздық төрені алдияр тұтып, қазақы салтпен қол қу­сырып, бас иіп сәлем береді:

Сәлем бердім, алдияр,

Орын бердің қасыңнан.

Сен бір қалған көз едің,

Кенесары асылдан...

Айбатыңды көргенде,

Дұшпандарың бас ұрған.

Ақ жүзіңді көрген соң,

Енді мауқым басылған.

Ханның тұқымына сәлем беріп, жыраулық жорасын жасаған соң ізетпен елдің атынан өткенге салауат білдіріп, қонақкәде жасайды. Сол жолы Жамбыл Сыздық сұлтанмен бірге қырғыздың манаптарымен кездесіп, Хан Кенеден қалған ер-тұрман мен алтын жүзікті қайтарып алады, шәйіттердің басына дұға оқиды. Бұл ақиқат ақын жырында:

Арнап келіп алғаның,

Алтын жүзік, сарқасқа ер.

Атаңыздың аруағын

Сыйлайды екен бір тайпа ел.

Екеуінің қалғаны –

«Он бір жыра» деген жер...

Атаның не арманы,

Iздеп келiп артынан,

Бата қылса сiздей ер! – деп айтылады

Сыздық төре 1884 жылы әкесі хан Кененің сүйегіне сұрау салып, тәуекел етіп айырқалпақты ағайынға келгенде, басқа емес, қазақ-қырғызға беделі бірдей Жамбыл жырауды жанына бекер ертпесе керек.

1

Жамбыл – қазақ пен қырғызға ортақ тұлға. Өзі өлеңдерінде «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз» деп айтатын ақынның қоңсы қонған қырғыз халқына деген рия­сыз көңілі анық аңғарылады. Алатаудың абызы осы қырынан да түркі бірлігіне қызмет еткені баршаға ғибрат. Әсіресе Сібірге айдалып келген атақты Тоқтағұл ақын әуелі еліне соқпай, Жамбылға сәлем айта барғанда айтқан оның әйгілі өлеңі қырғыздарға да кең таралады:

Келдің бе, ақиығым, алыс жерден,

Өтіпсің самғап ұшып алыс белден.

Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген,

Хан-төре айналмай ма, сендей ерден.

Ақын қырғыз жұрты жөнінде былай деп тебіренеді:

«Қырғыз ұлы, құлақ сал,

Ежелден қимас бауырым.

Атамыз болған бал тату,

Анамыз болған жан тату».

Түпкі тегі түрікмендерден бастау ала­тын «Көрұғылы» дастанын Жамбыл ақын он бес күн бойы тынбай жырлаған деседі. Түбі бір түрік халықтарының жыршылық даңқын әлемге танытқан таңғажайып «Көрұғылы» дастаны – Кавказ, Орта Азия, Кіші Азия, Таяу шығыс пен Балқан аймағына таралып, түркі жыршылық өнерінің тәжік, араб, грузин секілді өзге тілді халықтар арасында да өміршеңдікпен жасай алатын эпикалық қуатын танытқан құнарлы жыр болса, сол сом алтынның кесегін халқына ұсынған ұлы жырау шамырқанып былай деп жұртына ұран салуы тегін емес еді:

Жау десе батыр киінер,

Тоқталмас кегін алмаса,

Ел елдігі бола ма,

Ерлермен жауға бармаса!

Тұтастығы бұзылмас,

Өз жерін жаудан қорғаса!

Ағаш қалар қуарып,

Жапырақ, тамыр болмаса!

Өзіндік ерекшелігі бар Жамбыл жырлаған бұл «Көрұғылының» көркем­дік құнары мол екенін ғалымдар дәлел­деген. Осылайша, Жамбылдың даңғыл жолы түгел түркінің кеңістігін рухани нәрімен түйістіріп тұр деуге хақымыз бар.

Ерлік пен елдікті жырлап, адамгер­шіліктің алтын жібін асыл өрнек еткен Жамбыл ақынның ездік пен опа­сыз­дықты, дүниеқорлық пен надан­дықты шенеген усойқы жырлары жуас жұртты ноқталап мініп жүрген «атқа мінерлерге», «ішінде адамшылықтан ине­дей орын жоқ» қарны жуан шен-шекпенділер мен патша өкіметінің шабармандарына жағымды тие қоймағаны анық. 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жыл­дығына арналған халықаралық көрмеге шетқақпай болып қатысқан ақын тапсырыс бойынша патша әулетін мадақтамай, керісінше «Өстепке» деген өлеңінде әлеуметтік өткір ойларын білдіріп, империяның шеңгелді шенеуніктерін сынмен түйреп, олардың дәрменсіздігі мен жағымпаз қылығын бетіне басады:

Үйсін, Найман саңлағы,

Өстепкеге жиылдың...

Ұлық көрсең ұйлығып,

Желді күнгі қамыстай,

Жапырылып иілдің...

Келтірдіңдер намысты,

Бек қорланып күйіндім.

Бүйтіп қызық көргенше,

Өзі жақсы үйімнің.

Шұлғымаймын сендерше,

Керегі жоқ сыйыңның.

Ақын бүкіл ел жабыла мақтап жатқан, сол тұста қасиетті деп танылған патша әулеті туралы бір ауыз мадақ айтпай, кері­сінше ағымға қарсы жүзіп, өз ойын ашық білдіреді.

Сондықтан болса керек, Алаш ардақ­тылары арқалы ақынды айрықша құрмет тұтқан. Бұл орайда халқымыздың біртуар ұлдарынан Халел Досмұхамедұлының 1928 жылы Тәшкенде Қазақ жоғары педагогика институтында «Қазақ халық ауыз әдебиеті» туралы оқыған бағалы дәрісін еске алмай кетуге болмайды. Осы зерттеуінде қайраткер тұлға ауыз әдебиетінің озық үлгілерін, сөз мұра­мыздың қалыптасу арнасын саралап көр­сетумен бірге халыққа танымал бол­ған ақын-жыраулардың ұзын-сонар тізімін береді, Жиренше шешен, Сыпыра, Шал­киіз жыраудан бастап барлығы 74 ақын­ның аттарын атайды. Осы үлкен тізімнің бел ортасында, 46-шысы болып Жамбыл ақынның аты жазылған екен. Бұл да Алаш қайраткерінің халық мұрасы мен оны жалғастырушы өкілдеріне, соның ішінде Жәкеңе берген қымбат бағасы деп түсінуге болады.

Ортада небір қилы заман өтті. Кешегі Алаш зиялылары қуғын-сүргін құрбаны болды. Алаштың алдаспан ақыны Мағ­жан абыз Жамбылға мұң шағып, сая із­деп, шер заманның зарын төкті:

...Жан аға! Шықтым өлімнен,

Халімді менің көрсейші.

Жаның нұрға көмілген,

Нұрыңнан ұшқын берсейші!..

Әрине, Жамбыл ақын Мағжанға көмектесе алмады. Оған қауқар-құдіреті жетпесі анық еді. Әйтсе де, осындай қа­тер­лі кезеңде халықшылдық сарыны сай келген Жамбыл ақынның жолы ашылып, «дала Гомері» атанып, оның саялы тұлғасына Мұхтар Әуезов бастаған жазушылар мен жыршы ақындар топтасып, қуғын-сүргін мен зұлмат, аштық пен соғыс діңкелетіп тастаған елдің рухына серпіліс әкелді. «Абай жолы» эпопеясы жазылып, замандасы, абыз ақын Абайдың жарқырап әлемге танылғанына мың да бір шүкірлік еткені байқалады:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең – сөздің ұқсаған құдіретіне,

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Қарсы келер Абайдың кім бетіне!

Сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Феномен-Феникс» деп баға бергендей, ертек­тегі күлден тірілген құстай сайраған Жамбыл ақын ардақтыларынан айырылып, қаусап қалған елін халық қазынасының қаймағымен табыстырып, қайрат берді, оның жігерін қайрады. Жамбылдың әлемге әйгілі даңқына сүйенген, фольклорлық дәстүрге иек арт­қан жыршылық мектеп те өртеңге біткен қызғалдақтай қайтадан қаулап шықты. Ғасырлар мен дәуірлерді қайыспай жал­­ғаған абыздың қызыл жолбарысы қанатты барыс бейнесінде қайта оралып, азаттықтық рәмізіне айналды.

Халықаралық Түркі академиясы ұлы жырау, дала данагөйінің туғанына 175 жыл толуына орай 2021 жылды «Жамбыл жылы» деп жариялайды. Түгел түркінің мақтанышы болған даңғайыр жыраудың бай мұрасы бауыр­лас елдерді де Алатаудың мөлдір бұлағындай сусындата беретін болады. Бұл орайда академия қазақ пен қырғызға ортақ ақын болғандықтан, арқалы ақынның таңдамалы жыр-толғаулары мен айтыс­тарын қырғыз тіліне аударып, Тоқтағұл ұрпақтарына табыстауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан қазақ-қырғыз зиялыларының кезекті V форумын «Жамбыл және түркі жыршылық дәс­түрі» тақырыбында өткізіп, қазақ, қы­рғыз, өзбек, түрікмен, қарақлапақ, башқұрт, ноғай секілді бауырлас елдердің жыршыларын жинап, түркі эпосын жырлаушылардың жаңа буынына серпін беріп, ұлттық рухты жаңғыртуды қолға алуға ниетті. Бұл ретте Жамбылдың ақтангер айтыскерлігі, суырыпсалма шешендігі, даңғайыр жыраулығымен бірге күйшілік өнері де назардан тыс қалмауы керек деп ойлаймыз. Жетісу күйшілік өнерінің алтын шынжыры Жамбыл және оның төңірегі арқылы бүгінгі күнге жеткені – жаңаша зерделеу­ге лайықты үлкен тағылымды мектеп. Тағылымды жылда тағы бір ойланарлық жайт, Жамбылдың көзін көрген куәгер жандар ортамызда аман тұрғанда абыз туралы деректі фильм түсіру ісі де тиянақты қолға алынғаны жөн. Түптеп келгенде жүз жасаған абыз ақынның мол мұрасын ортақ түркі кеңістігінде насихаттау, замана талабына сай дәйекті зерттеу, ауқымды ғылыми шаралар ұйымдастыру бауырлас елдердің байланыстарын бекемдеуге зор ықпал етері анық.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ egemen.kz

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар