Тарих-таным

Мэлстің мұңы

Мэлстің мұңы

Ешкімнен еш жасыратыны жоқ, шын талантты тұлғалардың қазақ қоғамына сыймай келе жатқанына қанша ғасыр, қанша жыл өтті екен? Шалкиіз, Қазтуған, Біржан, Ақан, Абай секілді ұлы тұлғаларымыз тағдырдың таяғын сан мәрте көрді. Тар шеңбердің бойына сыймады. Неге біз таланттарға, маңдайымыздың жарығы болған, сөз бен жыр сүлейлеріне қолдау көрсете алмаймыз? Неге біз оларды өсек пен өтіріктің құрбаны етуге дайынбыз? Неге біз олардың білімі мен білігін, ойы мен парасатын ұлт мүддесіне жұмсай алмаймыз? Таланттардың парқын біле алмай жүргенде, талантсыздардың атын атауға құмармыз. Бұл – ұлт қателігі. Біздің қателігіміз. Осы қателіктің құрбаны Мэлс Өзбеков еді.

Таланттар – тағдырлас жандар. Расында олардың өмірі қиянат пен қауіпке толы. Ал Шәмші, Мұқағали, Мэлстердің бастары қара жердің қойнына кіргенше өсектен арылмады. Аяқтан шалатындар көп болды. Кей басқосуларда шығармашылық туралы кесек-кесек пікір айтып, өнер деп туған жандардың ұлт үшін үлкен қазына екендігін атап өтесің. Алайда қарсы жақтың пікірі үнемі дайын тұрады. «Олар талант емес. Таза халтура. Олардың ең үлкен қателігі – ішетіні. Ал ұлт үшін, ел үшін туған таланттар ішпейді. Ал олар атасынан қалған ас секілді ішетінін неге айтпаймыз», деп өзегіңді өртке орайды. Тұла бойың жанып бара жатқандай терлейсің, сосын ыстықтайсың, ең ақыры күйесің. Міне бізде өнерді осылай бағалайды. Осындай дүниелік ойлардың жетегінде кетіп бара жатқанымызға налисың. Бірақ пендешілік пікірлерді ысырып қойып, олардың халық жүрегінен орын алғанын ауыз толтырып айтуға болады емес пе!? Қанша уақыт өтсе де, қанша заман өзгерсе де, таланттардың мұралары асыл тас секілді тот баспай келе жатыр ғой. Сондықтан өнер – өміршең. Тіпті іргемізді жайлаған орыстар ұлы тұлғаларын қалай дәріптейді десеңші?! Жақсылығын асырып, жамандығын жасырып отыр ғой. Шығармашыл жандардың арасында қатты ішеді деген Есенин мен Высоцкийдің өзін орыстар қалай құрметтеп жүр? Қанша қыз-келіншектермен көңіл жарастырған Есениннің тентектігін еркелікке балап, әлі күнге дейін орыстар оны әспеттеп, өлеңдерін қалай бағалап жүр? Міне, өнер. Өнерге деген құрмет. Біз де осы солтүстіктегі көрішімізден үлгі алуымыз керек-ақ. Алайда журналист Қали Сәрсенбай айтпақшы: «Өсектің өлетін күні бар ма екен?». Сонымен қатар талантты адамдар шынайы болып келеді. Ойлай кетсе – дана, ойнай кетсе – бала. Таза, кірпияз қалпын сақтайды. Ешкімге жағынбайды. Емешегі үзіліп ешкімнен атақ-даңқ күтпейді. Бақ-дәреже талантты жанды өзі іздеп тауып алады. Себебі талант – әділетсіздікке қарсы күресумен болады. Олардың өмір сүру жолы қарапайым адамдардан мүлдем басқаша. Талантты адамдар өз кеңістігінде, өз қиялынан туған әлемде өмір сүреді. Олар жеті қабат жер астындағы нәрселер мен жеті қат аспанның құпияларын біледі. Бұл таланттардың қиял жүйріктігін, жүрегінің аңсары басқа әлемде екендігін көрсетеді. Мэлс те бізге беймәлім әлемнің адамы еді. Ал біз оны түсінбедік, түсінуге тырыспадық. Оның өнерін бағалай алмадық. Тірі кезінде көлемді сұхбат ала алмай қалғанымызды үлкен қасіретке балаймын. Ел кезіп, барған жерін әнмен әлдилеп жүретін сазгердің өмір жолы, шығармашылық жолы туралы тек көрген-білген адамдардың айтуымен ғана мақала жазған сымақтанып жүрміз. Ал Мэлс бос уақытында қандай іспен шұғылданушы еді? Мэлс қай кітапты сүйіп оқыған? Мэлс рок, джаз бағытындағы әндерді тыңдап па еді? Сал-серілердің жолын қуып, аң аулап, түлкіге тазы салған ба? Міне осы сынды сауалдардың жауабы бос күйінде қалды. Әр әнінің шығу тарихынан бейхабармыз. Ал қазір біздің білетініміз – Мэлс ішкіш, кезбе, қаңғыбас, қылжақбас... Қасірет. Бірақ дәтке қуат етер бір кереметті сіздермен бөліскім келіп тұр. Бірде әлеуметтік желіні ақтарып отырсам, ғаламтордағы «YouTube» видеохостингінен Мэлс Өзбековтің Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған «Келші, Айым» әнін кезіктірдім. Жазушы Дулат Исабековтің сценарийі бойынша түсірілген «Гауһартас» кинофильмінде аталмыш әнді актер, Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов домбырамен орындайтыны сіз бен бізге мәлім, көзі қарақты оқырман қауым. Бір айта кетерлігі – осы уақытқа дейін «YouТube»-тегі бұл бейнежазбаны 5 миллион адам тыңдапты. 5 миллион! Бұл үлкен көрсеткіш. Сазгер әніне ақжарма пікірлерін, ақ ниет көңілдерін білдірген жандарда есеп жоқ. Сондай-ақ бұл әнді белгілі әнші Қарақат Әбілдинаның әсем әуезбен орындауы жүрегіңді елжіретсе, «КешYou» тобының орындауындағы «Келші, Айым» әні өзгеше сазға бөленген. Бұл құлазып тұрған көңілге сәуле береді. Алайда ән мәтінін бұрмалап айту бұл жерде де орын алыпты. Әттең... «Көгілдір көл беті, Көк елес көлбеді. Мен тұрмын жағада жабырқау. Ай нұры арайлы, Айдынға тарайды. Сүйіктім келер ме, япырмау?» – деп басталатын ән мәтіні Досхан Жолжақсынов, Қарақат Әбілдина, «КешYou» тобының орындауында былайша өріс алады: «Көл беті көрікті, Ай нұры арайлы. Мен тұрмын жағада жабырқау. Көп елес көлбеңдеп Сәуле боп тарайды. Сүйгенім келер ме, япырмау?». Ал қайырмасына келер болсақ, ол жерде де мәтін шалағайлығы, өнерпаздардың ізденісінің жоқтығы көрініс табады. Жалпы әннің шығу тарихы жайлы атам Қамшыбек пен әжем Мадина көп ақпарат айтып, ой-санама сілкініс жасаған еді. Мэлс Өзбеков Қамшыбек атама айтқан бір әңгімесінде: «Ол кезде менің консерваторияда оқып жүрген кезім еді. Алматы медициналық институтының Айымзада есімді қызына ғашық болдым. Жанарларымыз оттай жанып, қос жүрек бірін-бірі түсініп, махаббаттың шарабына мас болып жүргенімізде, жазғы каникул да келіп қалды. «Жаңа оқу жылы басталғанша...» деп екеуміз бір-бірімізді қимай, ол өзінің ауылы Алматы маңына, мен Луговойға кете бардық. Алғашқы кезде Айымзада хабарын айтып, хат келіп тұрушы еді. Соңыра оның ізі суға сіңгендей ғайып болды. Себебін сұрап хат жазайын десем, ол: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деген соң каникулдың бітуін күттім. Үздігіп күткен жаңа оқу жылы да басталар уақыт болды. Мен ауылдан құстай ұшып Алматыға келсем, Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт болып отырғанда, курстас қыздардың бірі келіп, Айымзаданың каникул кезінде шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болғанын айтты. Мен кездейсоқ сең соққандай көзім қарауытып, отырып қалдым... Сабақ та жайына қалды. Бөлмемдегі Айымзаданың суретіне қарап, көкірегім қарс айырылып, төсекте сұлқ жаттым да қойдым. Күнтізбеге қарасам сабаққа бармағаныма да бір ай болыпты. Осылай көңілсіз отырғанымда есіктен дабырласып Әбдірахман Асылбеков пен Дулат Исабеков кіріп келді. – Ау, Мәке, мұның қалай? Ғашық адам осылай жігерсіздік танытып, босқа жата бере ме? Егер шын ғашық болсаң, Айымзадаға әннен ескерткіш орнат. Мына Әбекең ақын ғой, сөзін жазып берер, мен де қарап қалмаспын, – деп Дулат жұбату айтты. Маған олардың сөзі қуат беріп, далада біраз сергіп жүрдім де, ән жазуға отырдым», деп «Келші, Айым» әнінің шығу тарихын өз аузымен айтып берген. Мұңды, сағынышқа толы, сезімнің сырлы пернелерін тербейтін ән. Қайғылы ән. Мэлс Өзбеков – жүрегі кең, жалғыз дәнді жарып берер жомарт жан болған деседі. Бұрынғы сал-серілердің жолымен еліміздің түрлі аймақтарында болып, өнерге сусап жүрген, ән-күйді сағынып қалған халықтың қошеметіне бөленді. Елінің еркесі болды. Сазгер қазақ елінің біршама жеріне ат шалдырып, мереке орнатты. Сол бір думанды күндерде оның зау тұлғаларға бітер мәрттікпен талай әндерін тарту еткенін көңілі дария халықтан естиміз. Сазгер М.Өзбековтің «Келші, Айым», «Келші Құланға», «Ақ тамақ қарлығаштар» секілді төл туындылары ән сүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Ал «Тобылғы сай» – Мэлстің шоқтығы биік әндерінің бірі. Бұл әннің халық арасында кең таралуына байланысты көп жылдар бойы «Халық әні» деп аталып келді. «Тобылғы сай» әнінің алғашқы орындаушысы ретінде танылған белгілі әнші Жанар Айжанова өзінің бір сұхбатында: «Әнді маған 1987 жылы жаркенттік айтыскер ақын, сазгер, әнші Жандарбек Бегімбетов берді. Бірақ ол «Халық әні» деп айтқан болатын. Кейіннен Жандарбектің өзі де қайтыс болып кетті. Содан мен ол әнді «Халық әні» деп орындап жүрдім. 1989 жылы Алматыдағы бір концертке Мэлс аға мені іздеп келіпті. Ағамыз жай ғана «Тобылғы сай» менің әнім еді. Сөзін Төлеу Үшқоңыров деген ақын жазған» деп бәрін түсіндірді. Мэлс ағаның атын бұрын да естуші едім. Бірақ «Тобылғы сай» әнінің авторы деп ойламаппын. Өзінің айтуынша, Қазақстан авторлар қоғамында да өз авторлығымен тіркеулі тұр екен» деген еді. Әннің халықтық сипат алуы – қалың көпшіліктің үдесінен шыға білгені. Демек бұл композитор мен ақынның кәсібилігін көрсетеді. Жоғарыда айтылған дүниелерден Мэлстің мырзалығы мен мәрттігін көреміз. Таңдай қақтырар бұрымды аруларға, елдікті мұрат тұтқан асыл азаматтарға арнаған әндерінде есеп жоқ. Барған жерін өнер өлкесіне айналдыра білді. Мэлс Өзбековтің көзін көрген жандардың айтуынша сазгердің 300-ге жуық әні болыпты. Өнердің қасиетін түсіне білген жандарға бұл жай ғана сандар емес. Бұл шығармашылықтың шырқау биігі. Шығармашылық барысында Мэлс 300 рет сезімнің ыстық алауына шарпылып, күйіп-жанды ғой. Тіпті 300 де емес, одан да көп болуы мүмкін. Көңілі көкжиектей кең композитордың талай әні еліміздің түкпір-түкпірінде бұршақтай шашылып жатқан шығар. Бүгінде халық шығармашылығы деп шырқап жүрген әндеріміздің көп бөлігі Мэлстікі болуы ғажап емес... Болжам... Кім білсін?! Өкінішке қарай 300-дің жартысы да бізге толық күйінде жетпеді. Есіл өнер қор болды-ау деген осы. Осы бір тұста Мэлс Өзбековтің өмірі мен шығармашылығына барынша тоқталып, сара сөздің серігі, өлең-сөздің жүйрігі бола білген, көпшілік қауым Кәрағаң деп білетін Кәріпжан Нүсіптің ерен еңбегін айрықша атап өткен жөн. «Өнер деген өлке бар» еңбегінде Мэлстің болмыс-бітімін көркем түрде аша білген. Ол туралы ескірмес естеліктер, белгілі ақын-жазушылардың айтқан пікірлері, сазгердің басынан өткерген қиын жағдайлары жазылған. Сондай-ақ кітапта «Ақ тамақ қарлығаштар», «Келші, Айым», «Келші Құланға», «Тобылғы сай», «Назерке», «Жазылбекшілер маршы», «Ғашық жүрек» секілді тағы да басқа әндері нотаға түсірілген. Кітаптың болашақ ұрпақ үшін таптырмас дүние екендігін ауыз толтырып айтуға болады. Бұл таланттың тағдыр талайын тек талант түсінетіндігін көрсетеді. Мэлс Өзбековтің өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Оның әндері жүрек қылын шертетін лирикаға құралған. Сезім пернелерін дөп басады. Артық-ауыс нәрсе жоқ. Өнер деп туған жанның шығармалары аспан көгінде әуелеп тұр. Осындай қайталанбас тұлғаның құрметіне аудан көлемінде біршама іс-шаралар атқарылды. Мэлс Өзбековтің құрметіне Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйіне оның аты берілді. Бюст орнатылды. Өзінің туған жері Көкдөнен ауылында көше атауы сазгер есімімен аталады. Алайда бұл тек материалдық қажеттілік. Бізге керегі – композитор шығармашылығының дәріптелуі. Мэлс Өзбековтің туындыларын жастар арасында насихаттау керек. Сонда ғана рухани мүкәммалымыз толығып, сана көкжиегінде сазгер шығармаларын түсінеміз. Шынымен біз талантты жандардың қадірін дүниеден өткеннен кейін барып түсінеміз. Амангелді Сембин, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Мэлс Өзбеков секілді дарынды жандар бұл дүниеден елеусіз өтті. Олардың кәсібилігін кенеусіз дүниеге алмастырды. Бұл қоғамның айықпас дерті. Сол бір алыстан мұнартып көрінетін кезеңдерден бері әр үйдің түндігінен күндестіктің қызыл көзі сығалап тұрады. Тек қара жердің құшағына енгенде талантты жандардың бағасын кеш біліп жатамыз. Ол кезде бәрі де кеш болады. Ал егер Мэлс қайта тіріліп келсе ше? Біздің қоғамның кескін-келбетін көргенде не деп тіл қатар еді? Сол өз заманынан бері келе жатқан бақталастықтың жойылмағанына нали ма екен? Көгілдір экранда, сахна төрінде бой көрсетіп жүрген күлдібадам әншілерді көргенде не дер еді? Өнердің қасиеті мен қадірін қашырып, сырттан тас атып жүргендерге қарғыс айтар ма еді? Оны да кім білсін? Менің ойымша Мэлс қалың көпшілікке өзінің ойлы көздерімен қарап тұрып бір жымияр еді. Амал нешік дегендей. Кезінде нотаға түсіп, сөз жаздыру үшін ақындарға беріп үлгермей қалған өзінің әні бар еді. Сазгер дүниеден өткен соң сол әнге ақын Арғынбай Бекбосын сөз жазған. Міне, Мэлс мына өмірде ғұмыры жетпей шырқай алмаған сол әнін әуелетіп, қалқытып бір орындар еді. Бүкіл жер әлемді қоңыр сазға бөлер еді. Аспан көгінде самғап жүрген құстарға өз әнін қосар еді. Сезім сергелдеңі. Мэлс әнін тамылжытып барып аяқтаған соң өзінің аяулы халқына тағы бір рет жымиып қарап, қимай қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанар еді. Тек оның артында сағыныш пен өкінішке толы мұңды әні қалды: Тарап айдай әлемге, Әнім болып сен елге. Жетсін деуші ем әнменен, Келешекке сәлем де.

Әттең, дүние, бірақ та, Жеткізбедің мұратқа. Соңғы әнімді айтайын, Берші өмір бір апта.

Қимадың ғой оны да, Түскен ажал соңыма. Қабірде де қарармын, «Тобылғы сай» жолына.

Өмір емес – жалыныш, Өмір енді – сағыныш. Айналайын әндерім, Арманымды алып ұш.

 

Ақымет ҚАМШЫБЕК, Т.Рысқұлов ауданы