сенбі, 23 қараша, 2024 5:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мен туған жердің ардағы

Мен туған жердің ардағы
ашық дереккөзі
Мен туған жердің ардағы
Жақында ғана қиырдағы Бесқаладан, Қарақалпақ елінен сүйіншілеген хабар жетті. «Тұрған жерің ел­дің астанасы да, туған жерің сенің ғана астанаң» деп, Әбдіраштың Жарасқа­ны жырлағандай, «төл астанамыз» – Тақтакөпір ауданы қайраткер тұл­ға­ларына құрмет көрсе­тіпті. Құрмет көрсет­кені сол, елдің дамуы­на өлшеусіз үлес қос­қан қайраткерлердің есі­мін көшелерге берген. Ха­лық депутаттары Тақта­көпір аудандық кеңесі төр­ағасының шешімімен аудан орталығындағы бұ­рынғы Бірлік көшесі енді Өтеғұл Бектұрғановтың есі­мімен аталмақ.
  Задында түбі түркі жұрты­ның қамын жеп, қолдан келген­ше еңсесін биіктетуге, бар-жо­ғын түгендеуге үлес қосқан алаш қайраткерлерінің қатары қа­лың. Әлихан Бөкейханов, Нәзір Тө­реқұлов, Тұрар Рысқұлов, Мұ­ха­меджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұратбаев, Меңдіқожа Ибниаминов, Қаландар Адинаев түркі халықтарының өркениет көшіне ілесіп, білімді де дәулетті елдер қатарына қосылуына өз­дерінің күш-қайратын жұм­сағандығы да мәлім. Біз сөз еткелі отырған Өтеғұл Бектұрғанов та солардың санатынан. Қарақалпақстанның мемле­кет­тік өлкетану мұражайы – Әму­дария мен Арал бойындағы ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы тарихы тереңге кеткен таным ордасының бірі. Архив құжат­тарының мәлімдеуінше, музей сол кездегі облыстың орталығы Төрткүл қаласында 1929 жылы ұйымдастырылып, сол жылдың 16 мамырында тұңғыш көрмесі ашылыпты. Алғашқы кезде музей қорында 1 022 экспонат болса, бүгінде оның саны – 65 970. Алғашқы кездегі жәдігер­лерді халықтың арасынан жинап, оның әрқайсысын тізім­деп, өлмес мұраға айналдырып, музейді мәдениеттің шоқтығы биік орталығына айналдыру дегеніңіз қыруар еңбекті талап еткені сөзсіз. Кезінде тірнектеп жиналған халықтың қолданбалы өнері туралы экспозицияның ор­ны тіптен бөлек. Халық қол­өнер шеберлерінің қолынан шық­қан небір керемет туындылар жер­гілікті халықтың мәде­ниетін айшық­тай түседі. Қарақалпақ еліндегі осы му­зейді ұйымдастырып, оның ілкі экспонаттарын ел аралап жүріп жинаған алаш перзенті Өтеғұл Бектұрғанов болатын. Музей ашыл­ған тұста оған этнограф ға­лым А.Морозов, Н.Торчинская бас­шылық етіп, облыстық Ха­лық­қа білім беру бөлімі тарапынан қаржыландырылған. Қаржы мәселесінде қиындыққа тап бол­ған музей жаңадан ашылған Қа­рақалпақ ғылыми-зерттеу инс­­титутының құрамына енгі­зі­ліп, қысқа мерзімде музейге Н.Бас­каков, Қ.Айымбетовтер де бас­шылық жасаған. Алайда музейдің нақты же­­­ке-дара мекеме ретінде жұ­мыс істей бастауы сәл кейі­ні­­­­рек. Бас­шылыққа Өтеғұл Бек­­­­­тұр­ға­нов келгеннен кейін. 1932 жылы облыс басшылығы Өте­ғұл Бектұрғановтың білі­мін жетілдіру мақсатында Таш­­кент қаласындағы Орта Азия мем­лекеттік универси­теті­не (САГУ) оқуға жіберуге ше­шім қа­­былдайды. Аталмыш оқу ор­нын бітірген соң, облыс бас­шы­лығы оны кері шақырып алып, Өлкетану музейінің директоры етіп тағайындаған. Алаш перзентінің музей ди­ректорлығына тағайындалуы те­гіннен тегін емес. Өтеғұл он жа­сынан бастап Қазалыдағы Ақи­шан медресесінде, кейін сол өңір­дегі жаңа мектепте бі­лім ала­ды. Мектепті бітірген соң 1925 жылы Қарақалпақ авто­но­миялық облысы Төрткүл қала­сын­дағы мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түскен. Бір жыл ішінде оқу бағдарламаларын то­лық меңгеріп, Қараөзек ауда­ны­ның Талдық ауылында ұс­таз­дық қызметке кіріседі. Ха­лық­ты жаппай сауаттанды­ру, ағарту науқаны басталып, Өтеғұл Куйбышев ауда­ны­ның На­зархан ауылына мұға­лім­дік­­ке ауыстырылады. Адал ең­бе­гінің арқасында көп өт­пей, мектеп директорлығына та­ға­йын­далады. Одан соң Қып­шақ, Тақтакөпір аудандарында алғаш­қы мектептерді ашуда, жастарға білім беруде қызмет еткен. Бұл туралы 22 жыл бойы Қа­­рақалпақстан Министрлер Ке­ңесі төрағасының орынбаса­ры, Қарақалпақстан Жоспар­лау ко­митетінің бастығы лауазы­мын атқарып, бес мәрте Рес­пуб­лика Жоғарғы Кеңесінің депу­тат­тығына сайланған Дәулет Жұма­баев кезінде төмендегіше есте­лігімен бөліскен болатын: – Қыпшақ ауданында балаларды оқытатын жаңа үлгідегі мектеп ұйымдастырылып, оған әрі мұғалім, әрі директор болып Өтеғұл Бектұрғанов деген жас жігіт келді. Мұғалім жі­гіт келген күні-ақ отын тасып кү­нелтіп жүрген менің әкеммен сөйлеседі. Алғашқы әңгімелесу көңілінен шықты ма, әкемнен мектепке шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа келуін өтінеді. Мұндайды күтпеген әкем таң­ғалып, әрі бейтаныс адамның ұсынысына күдікпен қарап: – Мен бұрын-соңды мұндай жұмыс істеп көрген жоқпын. Ес­кіше де, жаңаша да сауатым жоқ. Осы күнкөрісім өзіме жетеді. Ние­тіңізге рақмет, – дейді. Өтеғұл аға білімдарлығын көр­­сетіп, жаңа қоғамның беталысы жөнінде, жастардың бі­лім алуы керектігін айтып тү­сіндіреді. Не керек, әкем сөйтіп, мектепті ұйымдастыру ісіне (1926 жылдар) белсене кірісті. Жақ­сының шарапатымен әкем Өтеғұл ағаның арқасында сауатын ашты. Ал мен әкемнен үй­ренген әріптеріммен күн са­­йын сауат ашып, кейіннен «бұл оқудың мәні тереңде екен ғой» деген ниетпен Төрткүлдегі ор­та медицина қызметкерлерін, фельд­­шерлер даярлайтын оқу кур­­сына жолдама алдым. Осы­лайша, фельдшерлік мек­теп­ті тә­мам­дағаннан кейін Қара­қал­пақ­стандағы алғашқы орта білімі бар маман дипломыммен Бе­руни аудандық денсаулық сақ­тау бөлімінің меңгерушісі бо­­лып жұмысқа кіріс­тім. Кейін­нен Ташкенттің, Мәс­кеудің эконо­микалық институттарын бітірдім. Әкемді тәрбиелеп, қатарға қосқан Өтеғұл ағаның шарапа­ты бұл. Егер сол жылдары Өтеғұл ағадай көкірегі ояу, ой-деңгейі жо­ғары адам жәрдем қолын созып, әуелі әкемнің көзін ашып, дүниетанымын өзгертпегенде, менің де кейін үлкен биіктерді бағындырарым екіталай еді. Шы­нында да, осындай бақытқа қол жеткізуіме, жоғары жауапты қызметтерді атқаруыма бірден-бір дәнекер болған, үлкен өмірге жолдама берген Өтеғұл аға екені сөзсіз. Дәулет аға сияқты Өтеғұл аға­мыздың кезінде сауаттанды­рып, тәрбиелеп өмір жолына жол­дама берген азаматтары қан­шама десеңізші. Өтеғұл Бектұрғанов музейге келе салысымен, оның күрделі жағдайын байқап, КСРО Ғылым академиясының басшылығы алдына мәселені көлденең қойып, музейді жеке мекеме ретінде құ­­руды ұсынады. Ақыры, бас­шы­лық оның талабымен келі­сіп, Қарақалпақ өлкетану му­зейі 1934 жылы дербестікке ие бо­лып, оған мемлекеттік му­зей мәр­тебесі беріледі. Ал келе­сі жы­лы Ө.Бектұрғановтың бас­шы­лы­ғымен Мәскеудегі «Халықтар дос­тығы» музейінде тұңғыш рет «Қа­рақалпақ кілемдері» кол­лекция­сы көрсетіледі. Республикалық өлкетану му­зейіне 1934-1936 жыл­дарда бас­шылық жасаған Ө.Бек­тұр­ға­нов елдің тарихы, мәде­ниеті бола­шақ ұрпаққа өнеге боларын же­те түсініп, мұражай қорын молай­туға белсене кіріседі. «Музейге негізінен халық ара­­сынан жинаған жәдігерлер, алтын-күмістен жасаған бұ­йым­­дар, кілем, ер-тоқым, жү­ген, құйысқан, сондай-ақ му­зы­ка­лық аспаптарды жина­ған. Қым­бат металдармен өрнек­те­ген сол дүниелер бүгінде му­зей­дің баға жетпес мұрасы. Әке­міз бен шешеміздің тұратын үйінің бір бөлмесі музей қо­рына жинақталған қойма болса, екінші бөлмеде өздері тұр­ған. Сол жылдары әкемнің кө­мекшісі Ленинград живопись, ар­хи­тектура және скульптура инс­титутының түлегі, суретші Все­ловод Ильич Бродский болыпты. Бродский анамыз Перуза екеуі қазына кітабын жасап, соған жинақталған жәдігерлердің тізі­мін жасап отырған екен. Құқық қорғау органдары­ның өкілдері қуғын-сүргінге ұшы­­рағандардан тәркіленген зат­­тарды музейге әкеліп тапсы­рған. Олардың ішін­де асыл тас­тардан – алтын­нан, гауһардан жасалған не­ше түрлі бұйымдар бо­лыпты. Сон­да әкем анама: «мы­на әкелген заттарға қызы­­ғу­шылық танытушы болма, олар­­дың әрқайсысында өз иесі­нің тағдыры жатыр, әрбір мон­шағында қимастық көз жасы бар. Оған тиісуші болмаңдар» дейді екен» деп, еске алады Ерсұлтан Өтеғұлұлы Бектұрғанов. Өтеғұл Бектұрғанов 1936 жыл­дан бастап Кегейлі, Шымбай аудандық партия комитеттерінде қызмет етеді. 1950 жылдарда Тақ­такөпір ауданының К.Маркс кол­хозының басқарма төрағасы болды. Қайсы қызметтің басында болса да ол өзінің бүкіл күш-жігерін сол саланың өркендеуіне жұмсады. Тақтакөпір машина трактор стансасында саяси бөлімнің жетекшісі, колхоз, ауыл­дық кеңестің төрағасы қыз­­метінде жүргенде де халық­тың көңілінен шығып, елдің алғы­сына бөленді. 1966 жылы зей­неткерлікке шыққанда, оған Қарақалпақ АССР-і партия ко­митетінің бірінші хатшысы Қ. Камалов «Волга» автокөлігін сый­лап, еңбек демалысына құр­меттеп шығарып салған еді. Ұзақ жылдарғы еңбегінің баға­ла­нғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Еңбектің бағалалануы демек­ші, Социалистік Еңбек Ері, Қа­ра­қалпақстан облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, бүгінгі күні тоқсаннан асса да сергек ағамыз Қәллібек Камалов Өтеғұл Бектұрғанов туралы ізгі лебізін әсерлі етіп жеткізеді: «Өтеғұл аға Бектұрғанов­тың адал қызметін туған топы­рағында елінің құрметі мен ал­ғысына лайық деп есептеймін. Өсіп-өнген ұл-қыздары қазір­гі уақытта Өзбекстанда, Қазақ­стан­да қызмет етіп жүрсе де, жү­регінің түкпірінде Қарақал­пақ­­станды қастерлеп, жадында ұстауы біздің ауылдастары­мыз үлгі аларлық жақсы өнеге болмақ. Уақыт өткен сайын ұл-қыздары ата-анасын еске түсіріп, туған жерін мақтаныш етеді. Ал біз болсақ, туған жеріміздегі Өтеғұл ағадай құрметті ақса­қал­дарымыздың есімін мәңгі естен шығармаймыз. Өтеғұл аға халқымыз айт­қан­дай: «Мәңгі өмір болмайды, мағыналы өмір болады» деген өсиеттің куәгері іспетті. Ма­ғы­налы өмірдің өзінің мәңгі өмірге ұқсайтын тұстары бар. Себебі оны терең білетін замандастары мен ауылдастары құрметтеп, атын мәңгілестіріп жатса, осыдан артық мағыналы өмір бола ма?!» Бір айта кететіні, Өтеғұл Бек­­тұрғанов Бесқала өңіріне Ре­сейден, басқа республикалар­дан жер аударылған зиялы қауым өкілдерімен жақсы қарым-қа­тынаста болған, кейін бейбіт заман орнаған кезде бір-бірін іздеп кездесіп тұрыпты. «Өткен ғасырдың отызын­шы жылдары Қарақалпақ жері­не қуғын-сүргінге ұшыраған су­­ретшілер, ғалымдар, ақындар көп­­теп келген. Солардың қай-қай­­сымен де әкеміз жақсы ара­ласқан. Соның бірі суретші Брод­скийді әкем 70-жылдары Ле­нинградқа арнайы іздеп барып тауып алып, әңгіме-дүкен құрып қайтқан екен» деп еске алады Ерсұлтан Өтеғұлұлы. Бүгінде бауырлас өзбек, қа­рақалпақ халықтарымен мә­де­ни байланыстарымыз қар­қын­ды даму үстінде. 2018 жы­лы «Қа­зақстанда Өзбек­стан жы­лы», 2019 жылы «Өзбек­стан­­да Қазақстан жылы» аясын­­да көптеген игі ша­ралар ұйым­дас­тырылды. Екі ел­дің ара­сын­дағы бауырластық қа­рым-қатынастың негізінде Қа­ра­қалпақстан мемлекеттік өлке­тану музейінде қандасымыз Өте­ғұл Бектұрғанов бұрышы ашыл­ды. Ондағы «Бектұрған әулеті» жинағы, суреттер, құ­жаттар бел­гілі тұлға өмірінен, өт­кен ке­зең­нен сыр шертеді. Енді міне, тағы бір қуанышты хабардың куәсі болып отырмыз. Қайраткер Өтеғұл Бектұрғанов атындағы көше ердің еңбегін ба­ғалап, ұрпаққа үлгі етудің өне­гесі болмақ. Мен туған жердің ардағы, Жарқылдап жүрген жақсы апам.  Ризалығым бар-дағы, Тағатын кінәм жоқ саған деп, жырлаған еді ақиық ақын Тө­леген Айбергенов өзіне қам­қор­шы болған Әзиза апасы, фи­лология ғылымдарының док­то­ры, профессор Әзиза Нұр­ма­ха­нова туралы. Сол сияқты Өте­ғұл Бектұрғанов та алаш пер­зен­тінің қайда жүрсе де шоқ­тығы биік, абыройы асқақ, аза­мат­тығы еңселі екенінің айқын айғағы. Қысқасы, «мен туған жер­дің ардағы» кім-кімге де өне­ге болуға лайықты.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар