сейсенбі, 2 шілде, 2024 22:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қос алыптың таным тұңғиығына бойлай алдық па?

Қос алыптың таным тұңғиығына бойлай алдық па?
ашық дереккөзі
Қос алыптың таным тұңғиығына бойлай алдық па?

Биыл өз заманында небәрі төрт динарға жалданып, бау-бақшаға қарауыл бола жүріп түрткүл дүние тағылымын зерттеп, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактат жазған, дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы әл-Фараби мен сөз патшасы, асыл ойдың асқары Абай хәкімнің адамзат шежіресіндегі алтын іздерін асқақтатып, мерейлі мерейтойларын атап өттік.

Әлемдік пандемияның салдарынан ауқымды іс-шаралардың кейбірі онлайн форматта ұйымдастырылса, енді біразы алдағы күннің еншісіне қалды. Десек те жыл басында Мемлекет басшысы мерейтой аясында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында кеңінен дәріптеудің маңыздылығын айрықша атап өткен еді. Сонымен, жыл тәмамдалуға жақын. Ал біз руханиятымыздың қос шамшырағына қаншалықты жақындай алдық? «Әрбір адам екінші адамның өмір сүруіне қажетті үлесін беретін, бір-біріне көмектесетін адамдарды біріктіру арқылы ғана табиғатына сай жетілу дәрежесіне ие бола алады. Бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ», дейді әл-Фараби бабамыз. Мың жыл бұрын айтып кеткен осындай өнегелі өсиеттері әлі де өзектілігін жоймағанын өмірдің өзі дәлелдеп бергендей. Ғұламалығымен қоса ақындықтың да айдынына қауырсынын батырған бабамыз тағы бір жырында: Ғақлия көзбен қарасаң, Дүние – ғажап, сен – есік. Жаһлы көзбен қарасаң, Дүние – қоқыс, сен – меншік, дейді. Яғни ғұламаның бұл жердегі «ғақыл» деп отырғаны «нұрлы ақылға» жеткен өркениетті қоғамның парасатты адамы. Осы парасатты адамның таным терезесінен дүниеге қарасақ, өмірдің мәні мүлде басқаша. Мәселен, «ғақли көз», «ояу жүрек» үшін жап-жасыл желек жамылған орман ағашы Тәңірдің тіл жетпес, ғажайып хикметі болса, «жаһли көз» үшін ол отқа жағатын тек тамыздық қана. Ендеше «жаһли көзбен» қалған қоғамның адамы тұрмақ ұшқан құсы мен жүгірген аңы да бақытсыз болмақ. Неге десеңіз, мұның бәрі де адам танымының тұралап, артта қалуымен тікелей байланысып жатыр. Сонымен қатар «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» һәм «Талпыныс тәжі – табандылық» деп терең мағыналы тағылымын тайға таңба басқандай қалдырып кеткен дарқан данышпанның өкінішке қарай, ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Беруни, Бозжани, Омар Хаямдар өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеді. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім» деген екен. Осылайша тірісінде 70 тіл меңгеріп, мұралары әлемнің 60 тіліне аударылған ғұлама бабамыздың әлеміне биылғы атаулы жылында тағы бір қадам жақындауға ниеттендік. Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енді. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шығыс ғалымы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» тақырыбындағы халықаралық онлайн конференция ұйымдастырылды. Қазақ жерінде дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фарабидің яғни ұлы ғалым әрі ғұлама ойшылдың өмірі мен қызметі жайында баяндайтын 400-ден астам кітап, фотосуреттер, карталар мен дәйексөздер көпшілік назарына ұсынылды. «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әлем өркениетіндегі Фараби феномені» тақырыбында халықаралық онлайн конференция өткізілді. Адамзаттың ұлы ұстазы, энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің рухани, ғылыми мұрасын насихаттау және оның шығармашылық, ғылыми мұрасына халықтың және жұртшылықтың назарын аудару мақсатында ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференцияға қазақ елінің ғалымдары мен Ресей, Эфиопия, Өзбекстан елдерінің жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты. Осы секілді жан-жақты шаралар ұйымдастырылды. Бұл бір, екіншіден кезiнде мұзабалақ Мұқағали Абайдың қазақ тарихындағы орнын бiр-ақ ауыз сөзбен «Абай –Гималай» деп даралаған болатын. Расында ақылдың Гималайына айналған, ұлтына ұлағат айтып, ұрпақ санасына ұлы құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен кемеңгердің өшпес өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Хакім жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз» деген қазыналы ойы ел есінде, жалпақ жұрттың жадында. Жалпы бұл күнде қазақтың Абайы деген ұғым Абайдың қазағы дейтін ұлағатты ұстанымға айналғаны хақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың туған өлкесіне барған сапарында «Абай шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай, шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті. Хакім Абайдың туған жері дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Бұл – бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге» деп айтқаны һәм Мемлекет басшысының 9 жасар Ләйлім-Шырақтан Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын қабыл алып, ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқуы, «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!» деуі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленуі Қасым-Жомарт Кемелұлының қасиетті қазақ әдебиетіне, тіліне, руханиятына деген зор жанашырлығының, ұлы ақынға деген үлкен құрметінің айқын көрінісі болды. Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз. Оның астарында Абайдың шығармашылығына қатысты әлем жұртшылығының қызығушылығын арттыру, әлемге Абайдың қадір-қасиетін, жұмбағын түсіндіру сияқты үлкен мақсат тұрғаны да белгілі. Хош, сонымен Елімізде Шығыс пен Батыстың мәдениетін, өркениетін жетік білген дара тұлға Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы белсенді түрде белең алып, мінбедегі министрлер мен атқамінер азаматтар, өнер жұлдыздары, бұқара халық, жалынды жастар жалғап әкетті. Димаш Құдайбергеновтей ел мақтанышы ақынның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңін жатқа оқып, өзінің отандық һәм шетелдік әріптестеріне жолдаса, эстафета аумағы Еуразия кеңістігін шарлап кетті. Қаншама уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын бір маңызды мәселе бар, ол – жас ұрпақ тәрбиесі. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деп хакім Абай айтқандай, адамзат баласының өмірге келгендегі басты миссиясы – өзінің лайықты орнын табу. Бұл ретте әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп айтқаны еріксіз еске түседі. Қазіргі таңда да балабақшаларда, мектептерде, тіпті жоғары оқу орындарында тәрбиеге жете көңіл бөлінгені дұрыс-ақ. Себебі білім алдыңғы орынға шығып, тәрбие кейіндеу қалып қоятын болса, мұның арты адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кері әсерін тигізері хақ. Осылайша Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы және қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы қойылымдық-деректі фильм көрерменге жол тартса, Абай шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай және түрік, жапон, неміс, италия тілдеріне аударылуда. Өңір жұрты да өшпес өнегелі із қалдырған өр ақынның мерейтойына өзіндік үн қосып келеді. Қалай десек те қос ұлы тұлғаның таным тұңғиығына тереңінен бойлай алмасақ та, құлаш сермегеніміз анық. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп тереңдік пен биіктікті тоғыстырған хәкімнің өзі айтқандай, тамшыдай болса да бабалар рухының алдында осылайша есеп берген сыңайлымыз. Ал оның нәтижесі ертеңгі күні аян болар. Себебі «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп мәңгілікке жар салған хәкім тұңғиығы жақындаған сайын биіктеп, бойлаған сайын тереңдей түсетін тылсым әлем.

  Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар