Тарих-таным

Әр мамандық иесі Абайды оқуы қажет

Әр мамандық иесі Абайды оқуы қажет

Кейде ұлы деген сөзді ретті-ретсіз, оңды-солды теліп жататын кездеріміз баршылық. Әйтеуір анау ұлы, мынау ұлы десек, қателеспеспіз дегендей. Шынында заманында ұлты үшін жүрегі сыздаған, елінің келешегі үшін қайғы жұтқан, бітім-болмысы халқымен бірге жасасқан адам ғана ұлы атағына лайық болса керек. Абай шын мәнінде ұлы деген атаққа лайықты дара тұлға болды.

«Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», деп ақын қалтарысы мен бұлтарысы көп өмір сырына жетектей кетеді де, өзінің жүрек түкпірінде жатқан сан сұрақтың сырын ашуға пейіл білдіреді. Ол сырдың құпиясы ақынның ұрпағына арнаған тарам-тарам өлең жолдары мен тұтасып жатқан қара сөздерінде жатыр. Қазағының өткені мен бүгіні және келешегі Абайды бей-жай қалдырған емес. Сондықтан ол «мыңмен жалғыз алысып», заманынан оза туды. Надандықтың қалың ұйқысына батқан, ауыз бірліктен жұрдай, барымта-сарымтамен күн кешуді өзіне бақ санаған қазақтың бүгінгі кейпі орны толмас қайғыға ұласатынын ақын сезе білді. Осы тұста ақын: Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос, – деп ұлт тұтастығын бірінші орынға қойды. Абай – қайшылығы мен тартысы мол дәуірдің ұрпағы. Өнер-білімі, ғылымы жан-жақты жетілген батыс жұртшылығы қарыштап дамып, әлемдік жаһандану күшіне еніп, кім күшті, сол әлсізді жұтуға ұмтылып жатты. Батысында орыс патшалығы, шығысында Қытай империясы, қолтығында Бұхара мен Хиуа қамшы үйіріп тұрған кезеңде Абай өмір сүрді. Өткені қайғы мен зар, бүгіні қараңғы көр, ертеңі бұлыңғыр кезеңде Абай келешек ұрпағына дамудың сара жолын көрсетуге ұмтылғаны хақ. Ол жол әлемдік дамудан кенже қалмай өнер мен білімді, ғылымды өзгелерден қалыспай меңгеруде деп білді. Сондықтан ақын төңірегіне талапты жастарды жинап, үлгі-өсиетін айтудан жалыққан емес. Өзінің ақындық мектебін қалыптастырып, даналық жолын да көрсетіп берді. Абай дәстүрлі қазақ поэзиясына үлкен жаңалықтар әкелді. Өлең өнерінің жаңа үлгілерін жасап, қазақ поэзиясының түр мен мазмұн жағынан түрленуіне үлкен үлес қосты. Ақынның өлеңдерінің тақырыптары әртүрлі болғанымен идеясы халық тұрмысымен астасып жатады. Мейлі табиғатты, мейлі махаббаты, мейлі аңшылықты жырласын, оның идеялық шешімі сол тұстағы халықтың әлеуметтік хал-ахуалымен жымдаса өріледі. Қысты, күзді жырласа халықтың ауыр халі қоса суреттелсе, көктемді, жазды жырласа елдің шат-шадыман көңіл күйі көңілге қуаныш ұялатады. Ақынның әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңі қазақ поэзиясының көкжиегінде пайда болған ерекше құбылыс болды. Бір өлеңнің ішіне қазақ қоғамындағы барлық мәселені сиғызып, оған талдау жасап, ақындық шешімін көрсетіп, сын мен билікті қосақтап, ұйқаспен әрлеу қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Осы тұрғыдан келсек, Абай қазақ поэзиясының шын реформаторы болды десек қателеспейміз. Содан кейін болса керек, абайтанушы ғалым Қ.Жұмалиев «қазақ поэзиясының Абайға дейінгі, Абай тұсындағы және Абайдан кейінгі дәуірі» деп жіктеген болатын. Ал 45 сөзден тұратын қара сөзінде Абай өмірден оқып-түйгендерін саралап, тезис түрінде жазып қалдырды. Ислам ілімдерімен ұлттық дүниетанымды жымдастыра отырып, адами құндылықтардың негізгі алғышарттарын көрсетіп кетті. «Толық адам», «жауанмәрттілік», «иманигүл», «хауас» сияқты күрделі ұғымдардың адам өміріндегі алар орны мен қоғам дамуындағы қажеттілігін саралап берді. Қарап отырсақ, қоғам мен саясат қанша өзгерсе де адами құндылықтар өзгермейді. Себебі адами құндылықтар сол қоғамда өмір сүруші адамдардың негізгі рухани қаруы, келешекке жеткізер басты бағыты, биік мұраттарға шығарар баспалдақтары болмақ. Қаншама уақыт өтсе де Абай айтқан сөздердің мәні мен мазмұны әлі өз құндылығын жойған жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын өзінің рухани салмағын арттырған үстіне арттырып отыр. Ғажап құбылыс. Абайтану қазақ әдебиеттану ғылымының бір саласы ретінде мойындалды. Қазақ оқымыстылары 1889 жылдан бері ақын мұрасын зерттеп, зерделеп, ұрпақ үлесіне қалдырып келеді. Бүгінгі таңда абайтанудың 130 жылға жуық тарихы бар. Осы жыл аралығында алдыңғы қатарлы әдебиеттанушы ғалымдар Абайдың әдеби мұрасына дендей еніп, том-том кітаптарын жариялады. Абайды танудың алғашқы қадамын М.Әуезовтің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясын оқудан бастау қажет. Өкінішке қарай қазіргі жастардың ішінен «Абай жолы» эпопеясын толық оқып біткендерді кездестіру қиын. Эпопея жөніндегі білетіндері тек мектеп бағдарламасы шеңберінен аспайды. Бұл шығарманы жазуға М.Әуезовтің жиырма бес жыл уақыты кеткенін ескерсек, онда автор ақын жайлы бүкіл деректерді жинап, бір ізге түсіріп, көркем бейне жасауда, тарихи оқиғаларды пайдалануда аса ыждахатпен келгендігін ескерген жөн. Демек «Абай жолы» эпопеясын оқи отырып Абайдың өмір жолы, ақындық қалыптасуы төңірегінде кең құлашты мәлімет алумен қатар, сол кезеңдегі тарихи оқиғалар, адамдар арасындағы талас-тартыс, салт-дәстүрлердің дамуы мен кері кетуі төңірегіндегі пайымымызды тереңдете түсеріміз хақ. Демек «Абайды білмек парыз, ойлы жасқа» ауылының алыс еместігі анық. Танымал абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы абайтану тарихының арғы-бергі кезеңдерін зерделеп барып, оны үш кезеңге бөліп қарастыруды ұсынады. Олар Абайтану тарихының М.Әуезовке дейінгі кезеңі – 1889-1934 жылдар, Абайтанудың М.Әуезов кезеңі – 1934-1961 жылдар, Абайтанудың М.Әуезовтен кейінгі даму жолы – 1961 жылдан бастап күні бүгінге дейінгі аралық. Аңғарған кісіге абайтанудың алғашқы қадамы ақынның өлеңдерін жинау, баспадан шығару, насихаттау түрінде байқалса (Ә.Омскауи, Мүрсейіт, Кәкітай, т.б.), абайтануды одан әрі дамытушы тұлғалар сын-пікір айту, зерделеу, баспа беттерінде мақалалар жариялау (А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, т.б.) жұмыстарын қолға алды. М.Әуезов тұңғыш болып ақынның бүкіл мұрасына дендей еніп, Абайға қатысты деректерді жинап, өмір кезеңдері мен ақындық қалыптасуына ғылыми еңбектер арнады. Сол сияқты абайтанудың келешегін жоспарлап, бағыт-бағдар берген де М.Әуезов болды. Өзінің ақынға қатысты жиған-тергендері бойынша нақты тақырыптар анықтап, бірнеше ғалым шәкірттерін тәрбиелеп шығарды. Бұл бағыттағы ғалымның қайсар еңбегі күні бүгінге дейін жемісін беріп келе жатыр. Абайтанудың М.Әуезов тұсындағы кезеңі саяси-идеологиялық қайшылықтардың үстемдік етіп тұрған кезеңімен тұспа-тұс келді. Сондықтан ғалым Абай мұрасына қатысты көптеген түйткілді мәселелерді айналып өтіп, тек астыртын ұғымдармен тезис күйінде ғана тұспалдап кеткені белгілі. М.Әуезовтен кейінгі кезеңде абайтану көкжиегінде Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметұлы сынды қайраткер ғалымдар өсіп жетілді. Бұл жерде «қайраткер» деуіміздің өз себебі бар. Кешегі кеңес дәуірінде Абай мұрасын басқа арнаға бұру белең алып тұрған кезде аталмыш ғалымдар М.Әуезов салып кеткен жолдан таймай, ақын еңбектерін танудың ұлттық нақышын жасауға күш-жігерін аяған емес. Батыстық дүниетанымға негізделген қоғамдық ғылымнан бас тартып, нағыз шығыстық дүниетаным негізінде абайтану іргетасын бекітуді ұсынған да осы ғалымдар болды. Абайтану тарихына көз жіберсек абайтанудың алғашқы кезеңінен бастап ақын мұрасына қатысты еңбек жазбаған ғалым кемде-кем. Менің білуімше бүкіл ғұмырын Абайдың өмірі мен қалдырған мұрасын зерттеуге арнаған негізгі үш ғалымды айтуға болады. Олар, М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметұлы. Осы ғалымдардың зерттеу еңбектерінің арқасында ақынның өмірі мен ақындық қалыптасуы, ақындық ортасы мен мектебі, рухани нәр алған қайнар көздері, дүниетанымы өз деңгейінде ашылды. Осы орайда Абай музейінің директоры қызметін атқарған Т.Ибрагимовтың «Абайға жақын барған М.Әуезов. Жақынырақ барғандар Қ.Мұхамедханов пен М.Мырзахметов» деген сөзін еске алған жөн. Қазіргі таңда абайтану майданында қайраткерлік танытып келе жатқан, дара абайтанушы М.Мырзахметұлы абайтанудың алдында тұрған негізгі он міндетті айқындап беріп отыр. Көптен бері қордаланып қалған абайтану мәселесі бір күнде, болмаса бірер жылда шешілмесі анық. Сонау М.Әуезовтен бері абайтануға байланысты таудай міндеттер жүктеліп келді. Бірақ уақыт дәлелдеп бергендей ол заманда көптеген мәселелер «идеология сақшылары» салдарынан жабулы қазан күйінде қалып, тек тәуелсіздік алғаннан бергі тұста қайта қопарыла зерделене бастағаны мәлім. Бір ескеретіні, осы уақыт аралығында ұрпақ санасы ұлттық арнадан ауытқып, қолдан жасалған социалистік идеямен уланғаны да белгілі. Демек осы кезеңде Абай мұрасы ақынның өзі үш ұйықтаса түсіне кірмейтін социалистік идеяның талап-түсінігі бойынша ұғындырылып кетті. ХХ ғасыр жастары ақын мұрасын тек осы үрдіс аясында ғана танып білді. Тәуелсіздік алғаннан бері Абай мұрасына қатысты еркін ойлар айтылып, әсіресе ақынның Шығысқа қатысты жағы төңірегінде тың көзқарастар қалыптасты. Ақынның дүниетанымы өзіне дейін өмір сүрген шығыстық ойшылдардың мұраларымен бірізділікте қарастырылып, ұлттық мүдде тұрғысында назарға алынуы тегін емес болатын. Осы бағытта тың ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізген, шәкірттер тәрбиелеген М.Мырзахметұлы Абай дүниетанымының түсінілуі мен ұрпақ қалыптастырудың керекті жағын ашып көрсетті. Ғалым ғылыми мақалаларында, түрлі жиындарда жасаған баяндамалары мен түрлі сұхбаттарында осы мәселелерге ерекше тоқталып, қазіргі таңдағы абайтану мәселесіне қатысты тың пікірлерін айтып келеді. ХХІ ғасыр әлемдік экономикалық дағдарыспен, қаржы­лық құнсызданумен тарихта қалатыны анық. Жаңа ғасыр табалдырығымызды аттасымен кез келген елдің есігін қаққан осы дағдарыстардан ұлттық рухтың арқасында ғана аман-есен шыға аламыз. Сондықтан Абайдың мұрасы мен абайтану дәрістерін барлық оқу орындарындағы барлық мамандықтарға пән ретінде енгізу қажеттілігі туып отыр. Осы мәселе қазіргі таңдағы ұлт намысын бойында қалыптастырған бүкіл азаматтардың алдында тұрған аса зор міндет деп білемін.

Темірбай МҰҚАШЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті