Сұрағы жоқ сұхбат. Рахымжан Отарбаев
Рахымжан Отарбаев (1956-2018) - жазушы, драматург.
Әдебиетте біз уызына жарыған тұлғалардың сарқытын іштік. Ендігілер нені жалап-жұқтар екен?! Абай атам “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман” деп қырық жастан өте бере жазыпты. Нағыз қайраты тасқан кез ғой. Неге олай айтты деп көп ойландым. Ақыры өзінен жасы үлкен Ділда шешемізді алған соң көңілі қартайып қалған шығар деп шештім. Той-топырда жастарға жұрт сияқты “Бақытты болыңдар” деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?! Бір қомағай етке қақалып өліп-тіріліп жатып айтса керек: “Бұл қақалу қақалу ма, қақалу деп Жаңқаладағы қақалуымды айт!” деп. Сол айтқандай, біздің өтірік деген не, тәйірі, самауырынның кернейін, қазанның қақпағын жымқырған ауыл-үйдің ұрысы сияқты ұсақ-түйек бірдеңе. Өтірік деп жоғары жақтағы өтірікті айт, шіркін! Қазақтың талғамсыздығынан, шашпалығынан шаршадым. Дені дұрыс сөз айтатын адам жоқ! Әрине, төбелеріне көтеріп, даңқымды асырған бұл қазаққа өкпем жоқ! Бірақ, даңғойлығын, дүмбілездігін көргенде, құлағымды басып, қашып кетсем деймін. Өз ортасында соншама жеккөрінішті адам. Бірақ жылан құсап жорғалап жүгіріп кірмейтін есігі, алмайтын марапаты жоқ. Ызаланып отырып-ақ разы боласың. Біздің қазақ байлықтың балалық ауруынан айыға алмай жүр. Бір кішкене пендеуи тірліктен жоғары көтерілуге болмай ма? Кішкене рухани тұрғыдан ойлануға не кедергі? Жердің көбі сатылып кетті. Моласыз қалармын деп қорықтым. Сөйтіп, Атыраудан жер алдым. Қала сырты. Өзіммен-өзім оңаша. Рақат. Жұртым не тындырып, не бүлдіріп жатыр, бәрін біліп жатамын. Мен қазақтың сөзін қойдай өргізетін адаммын. Таңқалмаңыз, ана тіліміздің шұрайлы тіркестерін топтастырып бір қораға қамай аламын. Ақыл – азап. Иесіне күн бермейді. Қазіргі заманда ақылсыздық, топастық Алланың берген үлкен сыйы сияқты… Ананың атасы, мынаның бабасы айтқан немесе би, шешен, жыраулардың жыры жинақталған қалың кітапты қазір кім оқиды? Кешіріңіз, әлем біздің сөз бен мәтін ғана терілген шимай-шатпағымызға пысқырмайды. Баяғыда біздің ауылда бір әпенді шал бар еді. Өзі түшкіріп, өз-өзіне “Сәбидей мұңсыз бол!” деп қошемет айтып отыратын. Келемеждеп күлетін ек. Бекер екен… Бір жазушы жаңа жазған романын оқуға берген. Әлі жарық көрмеген. Қолжазба күйінде. Оқыдым. Түк таппадым. Сюжет әлсіз, кейіпкерлер дараланбаған, сөзі дәмсіз, сөйлемі кібіртік… Ең бастысы, айтар ой жоқ. “Талқылау болғалы жатыр. Қатыс, көке. Дұшпаным аз емес. Таба қылма. Сенің сөзің дәрі боп тұр. Бір еркін көсілші” деп әлгі автор жан-жағымнан көпшік лақтырсын. Қалай еріп кеткенімді білмеймін. Бір ес жисам, “Мұндай роман күнде туып жатқан жоқ” деп сайрап отырмын. Мен сізге бір қызық айтайын, «Абай жолы» романы ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, мың жерден тықпаласаң да бәрібір оқылмайды. Бай-шонжардың баласының әр жерге барып кеңес қылып, жиын-той өткізгені кімге керек? Арқасына алтын артқан кез келген есек патша сарайына еркін кіреді. Бұл – әпсана. Өз басым патша сарайын да, кіріп-шығып жүрген есектерді де көп көрдім. Осыдан бірнеше жыл бұрын “Бабалар сөзі” атты 100 томдық еңбек шығарылды деп бұқаралық ақпарат құралдары бөркін аспанға атты. “Япыр-ай” деп қайран қалдым. Бабаларымыз қазақты ұшпаққа шығаратын жүз томдық сөз айтып кетсе, біз неге осыншама сорлап жүрміз?! Жүз томдық әдебиeтіміз болғанда әлем біздің табанымыздың астында жаншылып қалар еді. Сұрыптап, іріктеп келгенде бабалардың құнды пікірі үш томдық қана болады. Мені Ғабит Мүсіреповтың мектебінен шыққан жазушы деп жатады, бірақ мен өзімді Бейімбет Майлиннің шәкіртімін деп есептеймін. Біреу итін өтірік айтақтап, әбден ығыр етсе керек. Қойына қасқыр шауып, айтақтаса аттап баспайды дейді. Сонда әлгі “Олла-билла айтақ” деп айқайлайтын көрінеді. Айтақ көбейген заман ғой. Қайсысына шаба берерсің. Ғұн бабалар қытайларға: “Мықты болсаңдар қала, қорған салмаңдар. Ол – қорқақтың ісі. Ашық майдан даласында кездесейік” депті деседі. Қара жерді төсеніш, көк аспанды жамылғы көріп жауына жалаңаш шапқан сол көкелеріміз ақыры тарыдай шашылып кеткен жоқ па? Жарықтық әкемнің бір сөзі әлі күнге қабырғама аяздай батады. “Қаншама кітап жаздың, балам. Сонда да әкеңе дұрыстап бір хат жазбай қойдың-ау” деген. Бір семіз бай күміс шақшасын жоғалтып алып, екі күн бойы іздепті. Айналасын азан-қазан ғып. Бақса, қарнының қатпарына қыстырылып қалған екен. Біз де сол күміс шақша сияқтымыз ғой… Қашан тауып аларын?! Тағы да қайталайын, біз тәуелсіздігіміздің жиырма жылында мемлекетімізді қалыптастырдық. Әсіре патриоттар жетіп артылады. Бірақ мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастыра алған жоқпыз. Әдемі шапанға жамау жапсырғандар көки береді. Яссауи ілімі, Абай өлеңдері мен қарасөздері идеология болып жарытпайды. Олардың тәрбиелік мәнін басқаша пайдалануымыз керек. Ал идеологияның көмекші құралы болған әдебиет шын әдебиет емес. Ол өз бетінше дамуы керек. Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты. “Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма” деп оқушы кезімде Абай өлеңін саудыратып оқып жатқанмын. Атам пеш түбінде қамшы өріп отырған. Құлағы түрік екен. Қайта оқытты. Сақалын сауып ойланып қалды. “Бәлкім, мың емес, мұң болар? Мыңмен алысқаннан гөрі мұңмен алысқан күштірек”” деп қалсын. Анығын кім білсін. Десе де атам уәжі есімнен кетпейді. Үйде жылқының мүсіні мен суреті көп. Соларға аялап қараймын да отырамын. Ертеңді-кеш ат арқасынан түспей тақымы ақ сор боп, қолтығы тер сасып кеткен қара шалдардың ұрпағы ек. Қалада тауықтың бұтын жеп, алманың шырынын ішкен біздерде не ірілік қалды дейсің? Қаралы жерге кеп, көңіл демеген азаматтардың дені “Қайырлы болсын” деп жатады. Өлімнің қайырлы, шапағатты болғанын қайдан көрдік? Баяғының шалдары “Ақырының қайырын берсін”» деп жататын. “Ақырының”… Бақытсыз елдің батырлары көп. Олар соны әлі күнге қорғаныш көреді. “Қазақ әдебиеті” газетіне жұмысқа тұрдым. Одаққа күнде тойға баратындай сықиып барамыз. Өйткені “Алтын жұлдызын” тағып, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов келеді. Қолына кішкентай жонып алған таяғы бар, Қарғалыдан трамваймен Ғабиден Мұстафин жетеді. Ақбас бурадай желкілдеп Тахауи Ахтанов шығады. Алдына келгенді теуіп, артына келгенді тістеп, әлемге аты кеткен классиктің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов жүреді. Өңкей империялық тілде сөйлейтіндердің қоршауында жүретін Олжас ағамыз тұрады. Қоңырау таққан құба нардай Әбіш аға келе жатады. Поэзия падишасы Фариза апамды көрем. Сөз де су сияқты. Кейде бұрқырап бой бермей кетеді. Кейде ақпай қалады. “Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың” деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым. Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын. Мен – рухани аш адаммын. Түйе жапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнде қырық құбылған жандар мезі қылды. Қазақ пайдакүнем емес. Барынша мәрт, сахи. Бірақ қақалып қалса да, Құдайдан бірдеңе дәметеді. Қызық көрініс! Көп адам мені түсінбеді. Мен де түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш. baribar.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала