Шерағаң тұрған үйдің «тағдыры» қалай шешілмек?
Шерағаң тұрған үйдің «тағдыры» қалай шешілмек?
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп тілшінің тіршілік диагнозын тура басып қойғанына қалай қайран қалмайсың. Абыз ағаның әрбір айтқан қанатты сөзі бүгінде ел басқарған басшыларға ғана емес, жалпы көпшілікке, жастарға ой салар оралымды дүниелерімен қымбат. Шерағаң дүниеден өткеннен кейін оның екінші ғұмыры басталып, енді артында қалдырған мол мұраларын тереңірек ұғынатын уақыт жеткендей көрінеді. Қаламгердің өмір жолы, қоғам қайраткерлігі мен шығармашылығы елдің көз алдында өтті. Өзі өлсе де артында мол мұрасын іздеушілер аз емес.
Шерағаң көзі тірісінде туған жері, қайда барса да түсіне кіретін, киесіне айналған Мыңбұлағын ешқашан жадынан шығарған емес. Кіндік кесіп, туған жерінде баспана салып, жаз айларын сонда өткізуді әдетке айналдырып еді. Бүгінде ол үй де жалғызсырап, иесіз қаңырап, егесін жоқтап, қарайып тұр. Былтыр Тараз инновациялық университетінде Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған үлкен жиын өтті. Сол жиында қоғам қайраткерлері, өңірімізден шыққан белгілі азаматтар Шерағаң туралы тебірене сөз сөйледі. Сол жерде марқұм Мақұлбек Рысдәулет, бүгінде ортамызда жүрген ауызы дуалы ел ағалары Мекемтас Мырзахметов, Елен Әлімжан, Әлібек Әмзеұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы және университет басшылығы осы жоғары оқу орнына Шерхантану ғылыми орталығы орналасқандығын айтып, оқу орнын жазушы есімімен атау туралы жақсы ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапқан Ал облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Ғибрат» орталығында өткен Шерағаңды еске алу кешінде Шерханға бір ғана жоғары оқу орнының атын беріп қоя салуға болмайтыны сөз болды. Ол басқосуда қоғам қайраткерлері Тараз қаласының үлкен көшелерінің бірін атауды да ұсынды. Қала мен аудандардан бір-бір мектепті берсе де артықтық етпейді деп түйіндеді сөз сөйлеушілер. Ал туған ауылы Талаптыны жазушы есімімен атаса, тұрған үйін музейге айналдыру керек дегендердің қарасы қалың болған еді. Онда көп ұсыныс айтылды. Соның бірінде Тараз қалалық мәслихатының хатшысы, Талас, Жуалы және басқа да аудандардың Құрметті азаматы Батырбек Құлекеев «Талаптыдағы Шерағаңның үйінде мен сол ауданда әкім болып жұмыс істеп тұрғанымда талай болған едім. Ауласы кең, таудың етегінде, судың жағасында, әдемі жерде орналасқан. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан сәл былайырақ демесең, музейге де сұранып тұр. Бірақ мен бір ұсыныс айтқым келеді. Ол жер шындығында балабақшаға лайық. Ал Шерағаңның музейін аудан орталығынан бүгінгі заманға лайық етіп салу керек» деді. Бірақ бұл ойды көпшілік қостай қоймады. «Мәскеуден қанша қашық болса да туристер Лев Толстойдың «Ясная Полянасын» көруге барады ғой. Шерағаңның ауылына апарар жолда Бауыржан Момышұлының музейі, кіндік кескен Момышбұлағы бар. Шын іздеген адам Шерағаңның музейін іздеп барады» дегендер де аз болмады. Сол сәтте бұл мәселені пысықтау, өтініш тастау жуалылық ардагерлерге сеніп тапсырылған еді. Содан бері де арада жылға жуық уақыт зымырап өте шығыпты. «Не істелді? Қандай қадамдар жасалуда? Жазушы үйінің ендігі тағдыры қалай шешілмек?» деген сауалдың көпшілік көкейде сайрап тұрғаны анық. Осы сұрақты алдымен Бауыржан Момышұлы ауылы округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуреновке қойған едік. – «Ғибрат» орталығында өткен жиында Шерағаңа қатысты үлкен әңгіме болғаны рас. Басынан-аяғына дейін қатысып, республикамызға белгілі азаматтардың өтінішін тыңдап, оның бір сөзін өзгертпестен аудан әкімі Нарбай Ергебековке жеткіздік. Нарбай Әбілқасымұлы: «Ол үйді алдымен коммуналдық меншікке алу керек, содан кейін шешеміз» деп уәде етіп еді. Қазір бұл мәселенің қалай бағыт алып жатқанын білмейді екенмін. Ал ардагерлер тарапынан Бауыржан Момышұлы ауылындағы №15 мектеп-лицейге Шерхан Мұртазаның атын беру туралы ұсыныс жолдадық. Сонымен бірге аудан орталығынан бір көшеге есімін беруді де сұрап отырмыз. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойында жазушы есімімен аталатын үлкен саябақ бар. Енді соны да қасындағы саябақтар сияқты уақыт талабына сай демалыс орнын жасауға күш салудамыз, – деді Кемелбек Дәуренұлы. Осыдан кейін Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиевпен бірге Талаптыға жол тарттық. Жалпы, онда 108 үй бар екен. Тұрғын саны 700-ге жуық. Ауылда 150 орындық орта мектеп, 50 орындық балабақша мен кітапхана жұмыс істейді. Аудан басшылығы жуырда ғана 22 миллион теңгеге мектептің шатырын ауыстырып беріпті. Мұнда мектеп пен балабақша бір ғимаратта орналасқан. Шерағаңның үйі ауылдың ең шеткі көшесінде, көзден таса оңашада қарайып тұр. Көптен есік алды тазаланбағандықтан, шөп басып кеткен. Базбіреулер бір гектар аумақты алып жатқан ауланы қойып, үйдің түбіне бие арқандап қойыпты. Үй маңайының қидан да тазартылмағанына біраз болғаны көрініп тұр. Айтпақшы, жақында ғана облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Жуалыға келген сапарында бұл ғимаратқа арнайы атбасын бұрып, жағдаймен танысып, бұл үйдің алдағы тағдырын талқылап, бар көмекті көрсететінін жеткізген екен. Ауыл әкімі Ғабит Үмбеталиев бұл үйді аула клубы етіп жасағалы отырғанын айтты. Бірақ әзірге жазушы үйін өз меншіктеріне аударып ала алмай отыр екен. Үйдің құжаттары жасалуда. Үйді ашып көру үшін Шерағаңның немере қарындасы Қарлығаш Мұртазаны шақырып алдық. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикалық Ұлттық музейінде аудармашы болып жұмыс істейтін ол елімізде карантин енгізілгелі бері осында демалыста екен. – Мен өзім музейде жұмыс істеген соң оның жағдайын жақсы білемін. Музейді халық көп қоныстанған жерден ашу керек. Ауылда музейге кім келеді? Мұндағылардың барлығы бұл үйді әбден көріп қойған. Біреудің үйіне қонақ келсе әкелер. Ауданға республикадан адам келсе әкеліп оған көрсетер. Арнайы іздеп ешкім түкпірдегі ауылға күнде келмесі анық. Одан да барлық мұрасын бір жерге жинастырып, мүмкіндігінше Тараз қаласындағы Шерхантану орталығына топтаған дұрыс сияқты. Ел сонда барады. Студенттер көреді. Кітаптарын оқиды. Ал мұнда пәленбай кітапты жинап, жасырып ұстағанда оның игілігін кім көреді сонда. Осыны ойланып, дұрыстап жасаса. Ал Аула клубына беруге болады. Ол үшін құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Мына карантин жағдайына келіп, құжаттарды рәсімдеу кішкене кешігіп қалды, – деді ол. «Ел неге келмейді? Шерағаңның туған жерін, тұрған үйін көреміз деп келетіндер аз болмайтын шығар? Мәселен, Ресейде Лев Толстойдың «Ясная Полянасын» көруге қанша адам баратын көрінеді» дедім ол кісімен келіскім келмей. Маған күле қараған Қарлығаш әпке, «Орыста музеймен ауыратындар көп. Ал қазақта ондай түсінік қалыптаспаған. Жуық арада қалыптасады да деп ойламаймын» деді. Иә, ащы да болса шындық. Біз ашылған сәтте ғана әлемге жар салып, артынан ол дүниенің бәрін ұмыт қалдырып кете баратын әдетіміз бар ғой. Ол кісі соны меңзеді ме екен, кім білсін? Шерағаңның үйі қаңырап бос тұр. Адам тұрмаған үй суық. Ішін босатып қойған. Кітапханасында біраз кітап жинаулы тұр. Округ әкімі Аула клубы жұмысын бастап жіберген кезде бұл ара адам танымастай өзгеріп сала береді деп сендіруге тырысты. Жалпы, бұл үйді Аула клубына айналдыру үшін жергілікті бюджеттен 11 миллион теңге сұралыпты. Бір бөлмесіне Шерағаңның шағын музейін ашып, қалған бөлмелерін ауыл жастары пайдаланбақ. Шарбағына ойын алаңдарын салмақ. Сөйтіп жиырмаға жуық адамды жұмыспен қамтығалы отыр. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы да бұл мәселеден жақсы хабардар болып шықты. – Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға деген құрметіміз ерек. Ол кісінің үйін тезірек меншігімізге алып, Аула клубын жасағалы жатырмыз. Бірақ пандемия жағдайына байланысты құжаттарды рәсімдеу біраз уақытты алыпты. Бұл жұмысты қыркүйекке дейін бір жақты етіп, үйдің бір бөлмесін музейге айналдырмақ ниеттеміз, – деді Н.Ергебеков. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияны Шерхан Мұртаза есімімен атау жөнінде ономастика комиссиясына өтініш те беріп қойыпты. Ендігі кезекте ауыл атауын ауыстыру мен аудан орталығынан бір көшеге есімін берудің талаптарын зерделеп жатса керек. Ең бастысы, абыз журналистке деген ел құрметі жоғалмаған.
Марат Құлибаев