Тұлпар түбін тани ма?
Тұлпар түбін тани ма?
Соңғы үш-төрт жыл бедерінде республикалық, облыстық телеарналар аты әлемге әйгілі болған, үш рет Олимпиада ойындарына қатысып, алтын және қола медальды жеңіп алғанымен қоймай, «Ғасыр жылқысы» атанған Абсент туралы түсірілген бейнебаянды жиі-жиі көрсетіп жүр. Сол деректі фильмдегі Атлант мұхитының арғы жағына аукционда сатылып кеткен асыл тұқымды күліктің қазақтармен кездейсоқ кезіккендегі сағынышы жайлы эпизод талайдың көңілін босатқаны рас.
Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарының тоғысар тұсындағы өтпелі кезең. Билік тізгінін Михаил Горбачевтің қолына алған кезі. Михаил Сергеевич қызметке келе Америка Құрама Штаттарымен арадағы қарым-қатынасқа жаңаша бағыт берді. Жер-жерде фермерлік шаруашылықтар құру жөнінде тапсырма беріп, капиталистік елдердің тәжірибесін алуға ерекше назар аударды. Сондықтан КСРО құрамындағы одақтас республикалардағы жаңадан құрыла бастаған шаруа қожалық жетекшілерін мемлекет қаржысы есебінен АҚШ-қа арнайы жіберуді қолға алды. Сол тұста Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде сыртқы экономикалық байланыс жөніндегі бөлім құрылады. Аталған бөлімде жерлесіміз Нұрғали Биғазиев («Луговой» жылқы зауытында жемісті еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері дәрежесіне жеткен белгілі шопан Нәдір Биғазиевтің баласы) жауапты қызмет атқарады. Нұрғали Нәдірұлы Ауыл шаруашылығы министрінің тікелей қолдауымен істің басы-қасында жүреді. Шет елге баратын топтарды жасақтап, КСРО Сыртқы істер министрлігімен арадағы келісім қағаздарын әзірлеуге белсене араласады. Қазақстанда жасақталған арнайы топ 1989-1990 жылдары мұхиттың арғы бетіне барып, бас-аяғы жиырма бес күн ішінде 16 штаттағы фермерлік шаруашылықтардың жұмысын көзбен көреді. Америкалық фермерлердің 300 жылдан бері қалыптасқан тәжірибелеріне әбден қанығады. Сапар барысында қазақстандықтар жолай кезіккен жанармай құю бекетінің қасына тоқтап, жанындағы қызмет көрсету орындарына, дүкендерге бас сұғады. Кешіккен серіктерін тосқан топ жігіт бәйге аттарын тасымалдайтын арнайы көлік қасында бір-бірімен қазақша сөйлесіп тұрады. Тіркеме ішіндегі жылқыға көңіл де бөлмейді. Бір кезде жан-жағы темірмен қоршалған биіктеу қорап ішінде тұрған жылқы әлденеге мазасызданып, бір орнында тұрмай тыпыршып, кісінеуге көшеді. Қос құлағын қайта-қайта қайшылап, аяқтарын кезек-кезек тарпиды. Дембіл-дембіл басын шұлғып, оқыранады, қасында тұрғандардың назарын өзіне аударғысы келгендей ыңғай танытады. Сәйгүліктің сыртқы көркі көз тартарлық сұлу. Нағыз қаз мойынды, жал-құйрығы сүзілген сәйгүлік. Құндыздай түгі жалт-жұлт етеді. Үстінде титтей қылау жоқ, тап-таза. Күліктің күндіз-түні айрықша күтімде тұрғаны көрініп тұр. «Ер қанаты – ат» деп өскен қазақтың баласы өздеріне қарап қайта-қайта оқыранып тұрған қылқұйрықтың дауысын естігенде қалай шыдап тұрсын. Еріксізден ат тиелген көлікке қарай жақындап күлікті еркелете бастайды. Сол сәтте сәйгүлік басын шұлғып, үздік-үздік танауын пырылдатып, көмей тұсынан өксігендей үн, солқылдағандай қысқа дыбыс шығарады. Қасына жақындаған жігіттерге қайта-қайта тұмсығын сүйкеп, ернін тигізеді. Тай кезінде айырылған үйірімен жаңа табысқандай көзіне жас толып, мейірлене қарайтын көрінеді. Құлын күнінен құлағына таныс үн мен тай-құнан шағында күнде көріп жүрген алақаны аялы, жүзі жылы жандардың танауды қытықтаған бір жағымды иісіне елтігендей күй кешеді. Бейтаныс адамдардың өне бойынан көктемде бүр жарған жусанның, сабадағы қымыздың ашқылтым иісі аңқитындай. Осы кезде көлігі мен қымбат жүйрігінің жанында топталып тұрған дүрмекті алыстан байқаған америкалық фермер алыстан айқайға басып, жүрісін жылдамдатады. Аттандаған күліктің қожасын көрген қазақтар кейін серпіліп, ығыса береді. Ашулы америкалық бұларға қолын сермеп түсінбейтін тілде сөзді боратып жатыр. Ал біздің бауырлар болса кінәлі кісідей тіркемеден бойларын аулақ салады. Сонда жылқы әлдекім қара санға қылбұрау салған құлындай шырқырағанда ащы дауысы жер жарады. Екі көзі қызарып көлденең тұрған керме темірден аспақ болып қайта-қайта кеудесімен соғып, алға ұмтылғанда серіппелі амортизаторға орнатылған тіркеме қорабы теңіздің толқынымен тербетілген кемедей екі жаққа кезек-кезек шайқалып кетеді. Жаңа ғана өз көлігінің қасына үймелеп тұрған бөгде адамдарға ашуланған азамат енді атының оғаш мінезіне онша түсінбей таңырқап қалады. Фермер сырттан келген қызықтаушылар мен тұлпарының оғаш қылығы арасында бір байланыс бар екенін тез аңғарды. Сөйтіп топтасқан кісілерді тоқтатып, тілмаш арқылы сөйлесіп, мән-жайға қанығуға тырысады. Әлгінде ғана көліктің қасында топтасып тұрғандардың Қазақстаннан келгенін естігенде фермердің түрі өзгеріп сала береді. – Мына жылқы Қазақстандағы «Луговой» жылқы зауытында туып-өскен. Аукционннан сатып алғанмын. Бұрын-соңды мұндай қылық танытқан емес. Кең даланың адамдарын дауысынан таныды ма, әлде иістеріңізден сезіп тұр ма? Бұл естіген кісі сенбес керемет! Сіздерді танығанына таң қалып тұрмын, – деп атының түйсігіне іштей риза болған қожайын қонақтардың тұлпарға жақын барып, сылап-сипауына рұқсат етеді. Сонда қазақтардың да көңілі босап «Киелі жануар! Жарықтық-ай, туған жерін сағынған екен-ау!» деп елжірей тіл қатады. Бірі жақындап алқымын, сағағын қасыса, екіншісі кекілі мен жалынан сипайды. Енді бірі сауырына қол тигізеді... Осы сюжетті телеарнадан көргеннен кейін ерекше толқыдым. Оқиғаның ұзын-ырғасын, айтылған әңгіменің анық-қанығын білу үшін ұштығын ұстауды ниет еттім. Құлан өңіріндегі бұрын өзім талай мәрте болған жылқы зауытына жол тарттым. Сұрастыра келе сонау сексенінші жылдардың соңына қарай Қазақстаннан АҚШ-қа баратын делегацияларды жасақтауға қатысқан Нұрғали Биғазиевтің бір туған бауыры Темірғали Биғазиевті іздеп таптық. Т.Биғазиевтің бұрынғы жылқы зауытына тікелей қатысы бар болып шықты. Мамандығы – жоғары білімді зоотехник. Еңбек жолын 1991 жылы ферма зоотехнигі қызметінен бастаған. 1995 жылдан шаруашылықта бас зоотехник, 1999-2001 жылдарда акционерлік қоғамға қарасты бүкіл мал шаруашылығы цехының тізгінін ұстаған жан. Шаруашылықтың өткені мен бүгінінен толық хабардар болып шықты. – Иә, бұл әңгімені естігенім бар. Рас болған оқиға. Алайда АҚШ-қа барған жерлестердің арасынан дәл кімнің айтқаны есімде жоқ. Одан бері де сынаптай сырғып отыз жылдай уақыт өтті. Біздің зауыттағы жылқылардың бәрін құлын кезінен екі жастағы құнан болғанша бағып-қағатын – қазақтар. Сондықтан да жылқы зауытынан шыққан сәйгүліктер қазақтарға бауыр басып кетуі заңды. Бірнеше жыл бұрын мұхит асқан жануардың қазақтарды көргенде танып, сағына қауышуының сыры сонда жатыр. Зауытта басқа ұлт өкілдері де көп болды. Олар негізінен егіншілік пен механизация, сауын сиыр және шошқа фермаларында еңбек етті. Шыны керек, Кеңес үкіметінің кезінде шаруашылықтағы ат спорты мектебінде аздаған орыс тілділер шабандоз (жокей) болып жүрді. Олар күндіз бірер сағат құнан мен дөнендерді жарысқа дайындаған соң үйлеріне кетеді. Ал аттарға ертелі-кеш қарап, жем-шөп, су беретін қазақтар еді. Сондықтан да қылқұйрықты жануар қазақтарды өздеріне қожайын тұтты, – деп ағынан жарылды Темірғали Биғазиев. «Тұлпар түбін табады» дейтін аталы сөз бар. Ал Атлант мұхитының арғы жағына бірнеше жыл бұрын сатылған асыл тұқымды жылқының қазақтарды бір көргеннен танығанын бірер сөзбен түсіндіріп беру қиын. Осы оқиғадан кейін жылқы малының зерделілігіне сүйсіне отырып, байырғы мақалдың мәнін сәл өзгертіп «Тұлпар шыққан түбін таниды» дегіміз келді. Әрине ғасырлар бойы айтылып келе жатқан мақалды өзгерте алмаймыз. Дегенмен көкейде «Тұлпар түбін тани ма?» деген сауал қалып кетті.
Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист