сенбі, 23 қараша, 2024 6:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Түп-төркіні түркіден басталған мереке

Түп-төркіні түркіден басталған мереке
ашық дереккөзі
Түп-төркіні түркіден басталған мереке

Ёлка – иол ағашы, жол ағашы. Дана халқымыздың наным-сенімінде айдаладағы жалғыз ағашқа шүберек байлау үрдісі болғаны жасырын емес. Һәм оны айналу секілді дүниелер де болған. Тіпті Жаңа жыл мерекесі сонау Атилланың заманында тойланған деген де деректер баршылық. Айналып келгенде Жаңа жыл мерекесі де адамзат тарихында өзіндік орны бөлек, рухы биік түркі бабаларымыздың тағдыр тіршілігімен байланысы бар.

Тарихшы-мәдениеттанушы ғалымдар шырша айналу мейрамының көшпелі түркілерге тән ежелгі ғұрып екенін дәлелдеген. Күннің қысқаруының тоқтап, ұзара бастауына қуанып, қызыл шекпен киген Үлкен деген ақсақалды адамға алғыстарын білдірген, оның сүйікті ағашы – шыршаны қастерлеп, шүберек байланып, қол ұстасып айналатын дәстүрі болған. Күннің қайта ұзаруы – Ұлы Туылыс секілді аспан әлеміндегі құбылыстармен, жаратылыстың заңдылығына байланысты туындаған дәстүрдің осындай идеялық мазмұны Наурызбен ұқсас келеді. Зерттеушілердің пікірінше, ғұндардың Еуропаға Ұлы қоныс аударуы кезінде шырша айналу салты кәрі құрлыққа сіңісті болып, олар бұған өздерінің этнографиялық және діни жоралғыларын енгізген. Жаңа жылды Рождество мейрамы ретінде атап өтіп, осы нұсқа, басқаша атрибут бүкіл әлемге жайылды, біз де солай тойлап келеміз. Батыстық құндылықтарды қабылдай отырып, рождестволық жаңа жылдың православиелік үлгісімен католиктік сипатын ұстанатын болдық. Жаңа жылдың мәні батыстықтар үшін Иса пайғамбардың туған күні болса, түркілердің ұрпағы біз үшін жаратылыстың заңдылығы – «Ұлы туылыс күні» ретінде маңызы бар мереке. Мәдениеттанушы Серік Ерғали жазғандай, «түркілер барлық қадыр-қасиетті Жерге өмір сыйлап тұрған Күнмен шендестіруді дәстүрге айнал-дырған болатын. Сондықтан аталмыш күнді басқа жұрттар пайғамбар үшін ұрлап алды деуден гөрі, сол ежелгі пәк әфсананы қайта жаңғыртып, тарихи тұлғаларды, пайғамбарды қасиеттеп отыруға түркілердің өздері осылайша тікелей кіріскен деген абзал. Себебі түркілер адамның туылған күнін емес, әлгі таным арқылы ғаламның туған күнін мерекелеумен бар мәселені бірден шешкен!». Түркілер үшін Жаңа жылдың мәні терең болған. Біріншіден, жаратылысты жасаған Жаратқанға тәубе қылу, дұға-тілектер тілеу. Екіншіден, ғаламның туған күні. Үшіншіден, аспан әлеміне зер салып, уақытты межелеу. Төртіншіден, табиғатпен етене екенін, бір жаратылыс екенін сезіну. Бесіншіден, жаратылыстың ерекше күнінде ақ дастархан басында бірлік пен ынтымаққа келу. Алтыншыдан, өткенге шүкіршілік етіп, келешекке пікір түю, сеніммен алға басу. Жетіншіден, аспан әлемі, ортаңғы әлем – жерүстілік тірлік әлемі, жерастылық әлеммен қатысты мифологиялық, пәлсапалық дүниетаным жиынтығы. Белгілі этнограф-тарихшы Ақселеу Сейдімбек өз кезеңіндегі қоғамдық пікірге қарсы біткен бұтақтай: «Өмір-тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның туған күні деп тойлайды. Мен бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде, қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін», – депті. Әрине, қазақ этно-танымының көксеңгірі бұл сөзді бекер айтпаса керек-ті. Аяз атаның шапанының өзі қазіргі қазақ шекпенінен айырмасы жоқ. Қай еуропалық дәл осындай үлгіде киім тіккізіп киген еді? Сол Аяз ата мен Санта Клаустың бөрігіне көз жүгіртіңізші. Тағы да түркілердің келбеті көз алдыңызға келеді. Ал түрлі аң келбетіне еніп, ертегі кейіпкеріне айналу дәстүрі де даланың, жан-жануардың күйін жақсы білетін көшпелілерге тән екені айтпаса да түсінікті. Шырша безендірудің өзі ақтық байлаудан туғаны анық.Кейбір деректер, Аяз атаның түркілік аңыздағы Қызыр ата екенін айтады. Бұл пікір де негізсіз емес болса керек. Себебі түркі елдерінің ішіндегі башқұрт, татар, шұбаш сынды халықтар әлі күнге 25 желтоқсанда «Нартуған» мерекесін тойлайды. Ғаламдық философияда «әлемдік ағаш» деген түсінік бар. Бұл пәлсапаның түп-төркіні түркілердікі екені рас. Қазір бұл ұғымды кейбір түркітанушылар «байтерек» деп түсіндіріп жүр. Негізі, бұл – «бай тірек» деген сөз болуы ықтимал. Себебі оның тарихы тікелей руна жазуымен байланысты. Өйткені руналық концепцияда осыған қатысты ұғым-түсініктер көптеп кездеседі. Біздің салт-дәстүрімізде ақтық байлау деген ғұрып әлі де кездеседі. Демек, бұл ғұрыптың тамыры тереңде деуге болады. Белгілі түркітанушы Серік Ерғали: – Бүгінгі Аяз ата мен Ақшақарыңыз бізге 1930 жылдары Сталиннің бұйрығымен кіргізілген. Түркілер шыршаны «үйілгеннің ағашы» дейді. Үйілген дегеніңіз – «иолған» деген сөз. Өйткені түркі сөздері кейде жуан, кейде жіңішке болып айтыла береді. Яғни «елка» деп жүргеніміз, «иол» «жол», «жолшы» дегенді білдіреді. Сол «жолшыңыз» қазіргі тілмен айтсақ, Қызыр ата деген ұғымға саяды. Сібір халықтарында, яғни түркілерде «күннің туылуы» деген мейрамдар болған. Оны «нартуған» деп атаған. Шубаштар, татарлар, башқұрттар сол нартуғанды қайтадан қалпына келтіріп, тойлап жүр. Оларда «желтоқсанның 21-22-сінде күн өледі де, 25 желтоқсанда қайтадан туылады» деген сенім болған. Осы мерекені Рим империясы Иса пайғамбардың туған күні ретінде енгізіп жіберген. Мұны Еуропаның өзі де жоққа шығармайды. Сонымен қатар, 25 желтоқсанда «ежелгі дінсіз халықтардың күнге табыну мерекесі болған» деген нұсқа бар. Сол мерекеге орай Исаның туған күні белгіленген делінеді. Мұнан ұғатынымыз, Жаңа жылдың бүкіл атрибуттары, ырым-жоралғылары түркілерге тән. Ғұндар Еуропаны жаулағанда барлық құндылықтарын сол елдерге ала барған. Рим империясы халықты ауыздықтау үшін амал жоқтықтан осы мерекеге христиандық сипат беруге тырысқан. Осындай деректерге қарай отырып, бұл мерекені «Жаңа жыл» деп әспеттемесек те, күнтізбелік жыл басы ретінде атап өтуге болады,-дейді. Көне сақ тайпаларының қадір тұтатын «Әлем ағашы» дейтін ырым-дәстүрлерден тұратын, сол кездері маңызды болған жоралғыны еске алсақ, мүмкін сол, біздер қаузап жүрген шырша мен самырсынды қоршап алқа-қотан тұру көне түркілерден таралуы да бек мүмкін. Қалай дегенмен адамзат тарихындағы атаулы осы күн тұңғыш рет тұлпар ерттеп мінген түркі бабаларымызға жат емес. Оған иландыратын жүз аңыз, мың мысал да аз емес. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп хәкім Абай айтқандай бұл мереке расымен адамзат баласы үшін өз-өзіне есеп беретін сәт. Мерекелеріңізбен, құрметті оқырман қауым!

 

Айсана НҰРБАП

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Балғындар қуанған күн
Алдыңғы мақала
Балғындар қуанған күн

Ұқсас жаңалықтар