дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тұрар Рысқұлов қол қойған құнды құжат

Тұрар Рысқұлов қол қойған құнды құжат
ашық дереккөзі
Тұрар Рысқұлов қол қойған құнды құжат
Түбі түркі жұртына ортақ мереке 99 жыл бұрын түркістан өлкесінде ең алғаш рет атап өтілген Әз наурыз – түбі бір түркі жұртына ортақ мейрам. Ал дәл осы мерекені тойлау туралы алғашқы ресми құжаттардың бірінде қазақтың біртуар перзенті тұрар рысқұловтың қолтаңбасы қалған. Анығын айтқанда 1920 жылдың 20 наурызында сол кездегі түркістан республикасы атқару комитетінің төрағасы болған алаш арысы 1920 жылдың 22 наурызын «көктем басы – наурыз» мейрамы етіп тойлау туралы бұйрыққа қол қояды. Тарихи құнды құжатты шаң басқан архивтен кезіктірген публицист, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет Түркістан Республикасы атқару комитеті төрағасының бұл бұйрығын Орта Азия халықтарының зор қуанышпен қабылдағанын айтады. Облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы болып тұрғанымда Тұрар Рысқұловқа қатысты архив материалдарына көз сала отырып, осы бір құнды құжатқа кез болдым. Түркістан Республикасында жылдың басы, көктем мейрамы саналатын әз Наурызды тойлау туралы шешімді Орта Азия халықтары құп көрген. Бұл құжат Кеңес Одағы орнаған алғашқы кезеңде Наурыз мерекесіне тыйым салынбағандығын айғақтайды. Демек, Ұлыстың ұлы күнін тойлауды айыптау шаралары кейіннен жүргізілген, – дейді мұрағаттанушы. Ал ұзақ жылдар Тұрар Рысқұловтың өмірін, қоғамдық-саяси қызметін ғылыми зерттеу жұмысының негізгі бағытына айналдырған тарихшы Ордалы Қоңыратбаев мерзімді басылымдардың біріне берген пікірінде бұл бұйрықты ертеректе Ташкент архивінен кездестіргенін тілге тиек етеді. Қазақтың асыл азаматы Тұрар Рысқұлов 1920 жылдың қаңтарында Ташкентте мұсылман халықтардың өкілі ретінде Түркістан Республикасы орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл қызметке келген күннен Рысқұлов жергілікті халықтың әлеуметтік мәселесіне жете мән беріп, түркі халықтарының тілін мемлекеттік тіл деп жариялау сынды бастамаларды көтеріп, Наурызды мемлекеттік мерекеге – демалыс күніне айналдыру туралы ұсыныс білдірген, – дейді тарихшы. Тарихшы сондай-ақ Рысқұловтың Ұлыстың ұлы күнін діни мереке санап, қарсы болғандармен жанкештілікпен күрескенін атап өткен. Тіпті бұл бұйрыққа Түркістан Республикасы атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов Мәскеуден рұқсат алмастан қол қойып жіберген көрінеді. Кейіннен мерзімді басылымдарда Ташкент шаһарында, республиканың өңірлерінде жергілікті биліктің ұйымдастыруымен өткен мейрамды халық айрықша жылы қабылдағанын жазғанын тарихшы-ғалымдар да растайды. Осылайша Тұрар Рысқұлов қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің айбыны асқақтап тұрған шағында түбі бір түркі дүниесіне ортақ мейрамды мерекелеу туралы бұйрық шығарып, көзсіз ерлік танытты. Әрі бұл құжатқа қол қоюда Рысқұловтың Мәскеуден келісім алмауы да оның қайраткерлік қырын айшықтай түседі. Айта кетерлік тағы бір жайт, 1920 жылы Тұрар Рысқұловтың бұйрығымен Түркістан өлкесінде ресми тойланған Наурыз мейрамын араға 90 жыл салып төрткүл дүние таныды. 2010 жылдың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» қарарын бірауыздан қабылдап, 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітті. Ал осы мейрамды 99 жыл бұрын Түркістан өлкесінде тойлау туралы бұйрық шығару Тұрар Рысқұловтың өмір жолындағы халық игілігі үшін еткен қызметінің бір мысалы ғана. Ағымдағы жылы 125 жылдығы тойланатын арда азаматтың алты Алаш үшін аянбай еткен еңбегі халық санасында мәңгілік жаңғырып тұрары даусыз.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар