Тарих-таным

Тарихы тереңнен сыр тартатын жәдігерлер

Тарихы тереңнен сыр тартатын жәдігерлер

Ата-бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп күн кешкен. Ол заманда қазақ ғылым мен білім игермесе де табиғаттың тілін түсініп, өмірден көргені мен түйгенін көп болуының арқасында көшпелі өркениеттің өзінде-ақ талай жетістіктерге қол жеткізген. Бізге өткеннен мұра боп қалған құнды дүниелер мен жәдігерлер соны айғақтайды. Бүгінде тарихымыз бен салт-дәстүрімізді танып білуге, құнттауға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқау болып отыр. Бұл шын мәнінде елдің, жердің, тіпті өзің тұратын ауыл-аймақтың тағлымды тарихын терең түсінуге жол ашты. Жуалы ауданындағы Теріс өзенінің бойында бір бастау бар. Бұл бастауда екі бұлақ көзі бұрқылдап жатыр. Бірін ұйық басқан. Екіншісінен ел су алатын болса керек, қыш құбырды сыналай қағып, бастаудың көзін ашып қойыпты. Содан су сылдырап ағуда. Сол бастаудың маңында алып қараағаш бар. Діңі жуандау. Ағаш шеңберінің көлемі кемі алты метрді құрайды. Алып бәйтеректің бұтақтары да төрт құбылаға тең түсіп, төрт тарапқа тарамдалып жатыр. Қазақтың «Төрт құбылаң түгел болсын» дегеніндей мына қараағаштың керерметі осында жатқан сыңайлы. Тамыры да төрт тарапқа жайылып, жерге қазықтай қадалған. Бұлда бір осы өңірдегі кереметтің бірі. Қаратас ауылы маңындағы кереметтерді өз көзімен көргісі келген кез келген адамның көзіне бұл ілінбеуі мүмкін емес. Ең алғаш мұнда Ресейден бір орыс келіп, осы арадан дирмен салған деседі бізге жеткен әңгіме сарынында. Ол келген уақыт, яғни 1880 жылдар. Аталған алып ағаш сол кезде отырғызылған екен. Мұндай ағаш қазір жер бетінде де сирек. Бұл да үш ғасырдың жүзін көрген көне жәдігер. Айтқандай сол ауылға жақын бір ауылда орналасқан үй ауласында балбал тас. Адам бейнесіндегі әлгі тастың сұлбасы аздап көмескілене бастаған. Бейне бір қолын кеудесіне жинап алған әйел мүсіні сияқты. Балбал тастың айналасы қашалғаны, сирек кездесетін тас екені көрініп-ақ тұр. Үй иесі Нілдебай Байғонысов осыдан ширек ғасырдай бұрын көктемде егін егу үшін жер жыртып жүріп, тауып алыпты. Мол өнім алу үшін техниканың соқасын жерге тереңірек батырып жер жыртып келе жатқанда кенет шынжыр табанды тракторымдағы соқаның тісі бір нәрсеге ілініпті де, моторы сөніп қалыпты. Түсіп, қараса, бір ұзын жіңішке келген тас жатыр екен. Алғаш бетінде лайы баттасып тұрғандықтан жай тас секілді көрінсе керек. Оны сол кезде егіс аумағынан былайырақ шығарып тастапты. Алайда тас жауын-шашынның астында жатып, жаңбыр суымен жуыла келе, адамның бейнесіне айналған. Кейіннен үйіне әкеліп, астына цемент ертіндісін құйып, есік алдына орнатыпты. Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулетов. Оны өлкетану музейіне беріне өтінген екен. Тарихшылардың қызығушылығын тудыратын, өткен дәуірлерден сыр ақтару тұрғысында халыққа қызмет етуге таптырмайтын балбал тасты белгілі тарихшылар да іздеп келіп, сұраған көрінеді. Ал ол «бұл кезінде біреудің басына қойылған құлыптас» деп бермей қойса керек. Жалпы Жуалы өңірі – тұнған тарих. Соның бір куәсі – осы балбал тасқа қашалған адам мүсіні. Қаратас петроглифтеріне барған адам бір төбені тұтас алып жатқан жартас бетінен көне суреттерге кезігеді. Аң аулап жаққан барыс, түйе, тау ешкілері секілді басқа да суреттер жетерлік. Оның ішінде таңбалар да бар. Келесі қыраттарда да осындай кескіндемелер мол. Бірақ тасқа қашалып салынған көп суреттер көмескіленіп өшуге айналған. Оның үстіне жартастың көп жері құлаған. Қаратас петроглифтері орналасқан төбенің өзі желдің өтінде тұр. Қазіргі жартастың жай-күйіне қарап, екі мың жылдық тарихы бар суреттерді алдағы уақытта сол күйінде сақтап қалу мүмкін болмайтын сияқты. Ол жер негізінен Қауынды сай деп аталады. Оны бойлай қырқаларға шығып, басқа тастардан да суреттер көруге болады. Әсіресе шашылып жатқан шақпақ ақ тастар жатқан жерде көпшілік аңғара бермейтін сақ дәуіріне жататын бірнеше обалар бар. Бір-біріне ұштасып жатқан екі қорғанның айналасы арықпен қоршалған. Онда қойылған тас белгілердің ұштары ғана көрініп тұр. Бір ғана Қауынды сайы қойнауының өзінде талай тарих сыр бүгіп жатқандай. Әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін Жуалы өңіріндегі кереметтер ешкімді де бейжай қалдырмайтыны анық. Енді аспан астындағы сол кереметтерді жоғалтып алмай, сол күйінде сақтай алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Тарихшылар ол жерге зерттеу жүргізсе, талай құнды дүниелерді табатыны анық. Тас дәуірінде салынған суреттер мен сақ обалары Ұлы даланың бізге беймәлім қыры мен сырын бұдан да терең ақтара салатыны анық.