Тасқа қашалған таңбалар
Тасқа қашалған таңбалар
Елбасы Н.Ә.Назарбевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын түп-тамырымызға, ұлттық болмысымызға терең барлау жасалып, тарихымыздың күрмеулі тұстары кеңінен қамтылып жазылуы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Мемлекет басшысы бұл еңбегінде ұлы даланы, оны мекендеген халықтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрі мен түрлі кезеңдердегі тұрмыс-тіршілігін, мәдени-рухани жауһарларын әсерлі баяндай отырып, Ұлы дала елінің ұлттық жетістіктерін айдай әлемге тағы да бір мәрте паш етті. Біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ қоршаған ортамен етене өмір сүріп, ашық аспан астында талай мәдени мұралар қалдырған. Балбал тастарға адам, жартастарға үй жануарлары мен аң бейнелерін көркем етіп қашап жазып қалдырып отырған. Елімізде «Аң стилі» өнерінің ежелден дамығаны еліміздің түкпір-түкпірінен табылып жатқан таңбалы тастарда айқын көрініс тауып, мәңгілікке бедерленіп қалғанын да жоққа шығара алмаймыз. Жалпы күнделікті өмірде күйбең тіршілікпен көп нәрсеге мән бере бермейміз. Әсіресе ауылда тұрса да айналасындағы жер-су атауларына көңіл бөлмейтін азаматтарымыз да жоқ емес. Жуалы ауданындағы Қаратас ауылы маңайындағы үңірлер, ежелгі адамдар тасқа қашап қалдырған таңбалар тұрғындарды қызықтырмай қоймайды. Ондағы кейбір дүниелер біз үшін теңдесі жоқ мұра. Соның бірі Келтесай петроглифтері. Келтесайға барған адамның көзіне алдымен аты айтып тұрғандай, сайдың қысқа адымы мен жон арқасындағы көкке шаншылған көк тастар ұшырасады. Мұнда сақ дәуірінен жеткен тасқа қашалып салынған суреттердің бар екені көзі қарақты тұрғындарға бұрыннан белгілі. Қаратас негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Думан Қонақбаевтың қатпар тастар жайлы айтар аңызы жетерлік. Сонау сақ дәуірінен жеткен тас бетіндегі суреттер негізінен көнере бастапты. Бетін мүк басқан. Жылтыр тастардағы суреттердің көбі көмескіленіп, аң-құстардың бейнелері әрең көрінеді. Тастарға тауешкілердің суреттері қашалып салыныпты. Мұндай орындар ауылдың басқа маңында да жетерлік. Соның бірі – Қаратас. Оның да өз құпиясы бар. Қаратастың айналасы темір торкөз сыммен төртбұрышты етіп қоршалған. Ішінде Қаратаудың үш бірдей қара тасы жерге қиғашынан қадалып тұр. Алдыңғысы үлкендеу. Артқы екеуі кішірек. Бейне үлкен тастың күзетшілері сияқты. Жасы үлкендердің айтуынша, бұл тас ертеркете үстіне адам шыға алмайтын биік жақпар тас болған көрінеді. Қазір ол жыл санап жерге кіріп, шөгіп бара жатқан сыңайлы. «Қара тастың қашан, қалай пайда болғанын ешкім білмейді. Ауыл тұрғындары бұл тасты «Әулие тас» деп санайды. Ертеректе Арыстан баб әулие келіп осы тастың ығына түнепті-мыс. Сәл әріректе Әулиебастау бар. Оның суын ел ем үшін пайдаланады. Жылда сәуір айының соңында ауыл тұрғындары бастаудың көзін ашып, арнасын тазалайды. Сол кезде су мына қара тастың қасындағы жыраға дейін келеді. Ал жазда суы тасқа сіңіп кетеді», деді ол. Думан Қонақбаев. Думанның айтуынша, Қаратастың киелілігі ығына түнеген Арыстан бабтың бұлақтан дәм татқанынан кейін артқан. Кейбір кісілер мұнда бәйгеге қосатын тұлпарларын әкеліп, жарыстың алдында Қаратасты айналдыра аластап алатынын, бала көтермеген әйелдердің түнеп, құдайы таратып кететіндігін ауыл жігіттерінен естідік. Тіпті бастаудан алған су да бұзылмай сол қалпы дәмін айлап сақтап тұрады екен. Бұлақ бұл арадан 400-500 метр жердегі сайдың қуысында. Оның үстіне қазір суы тартылып қалыпты. Аудандағы осындай киелі орындар мен көрікті желеріміздің назарға ілігіп түгенделуіне Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы арқау болып отыр.