Әлмисақтан баһадүр бабаларымыз рухани күш-қайратын азулы һәм мүйізді аңдардың образдарымен орайластырып, солардың мықтылығын өзінің жанартаудай жігеріне бойтұмар етті. Данышпандық пен ұзақ ғұмырдың символы ретінде тасбақа тұрпатына сүйсініп, «Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деп о заманда алдаспанмен тас кітап жазған Күлтегіннің тәжінде самұрық құсының бейнеленуі, одан бертінде тауда жүргендіктен Тәңірге жақын деген түсінікпен түркілер тотемінің арқар болуы, азаттық аңсаған алаш ұрпағының бөрілі байрақ қолға алғаны, осының барлығы бүгінгі Тәуелсіз еліміздің туындағы қыранға дейінгі рухани мөрімізді бейнелеп келді. Енді міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағылымды мақаласының аясында, бабалар жүріп өткен тарихи жолға көңіл көзімен қарап, аң стилінің ақиқатын айшықтайтын кез жетті.
«Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған. Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес» деді ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы мақалада. Жалпы аң стилі ұлтымыздың байырғы тіршілік тарихынан бері бастау алды. Сонау тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдердегі, киіз үйлердегі қошқар мүйіз, түйетабан, ботамойын, түлкібас, құсқанат секілді ою түрлері де осыны аңғартса керек. Бұл стиль бабалардың сөз құдіретінде де мінсіз метафоралар ретінде қолданылды. Мәселен, поэтикалық образдағы аң стилін Орхон-Енесей жазба ескерткішіндегі Күлтегін жырынан көруге болады.
«Әкем қағанның әскері
бөрідей бопты,
Жаулары қойдай бопты», -деген жырда түркілердің әскері бөріге теңеледі. Оғыздардың көне жыры «Оғызнамеде» қағанды жеңісті жорықтарға бастайтын аң - көктен түскен көкжал деп көрсетілген. Қазақ ертегілерінің ұшар басында тұрған Ер Төстіктің адал серігі болған самұрық, оның ұясына ұқсатып жасалған Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Бәйтерек, тарихи Сауран қаласының іргесін қалаған Сауран батырға жолдас болған тау киесі – қанатты барыс, осының барлығы ақиқаттан бастау алған аңыз кейіпкерлері. Тіпті біз білетін Қобыланды батыр жырында батыр болмысы; ...Жалғыз өзі батырың, Жойып кетіп барады. Қойға тиген қасқырдай, Сойып кетіп барады. Жолбарыс шапқан құландай, Жойып кетіп барады, Үш мың атты бір сайға, Төрт мың атты бір сайға, Қойып кетіп барады,-деп төбеден төгілген тіркестердің барлығы аң қабілетімен әспеттелгені елге етене таныс.
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай,-деп сұлу теңеумен сурет салған Жиембет жыраудың Есім ханға арнауы да зооморфты бейнелерге толы. Тіпті, кейінгі ғасырлардағы азулы ақын Мағжан Жұмабаевтың алаш ұрпағын «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» деп асқақтатқаны да белгілі. Бұл, сонау талай игі істің инициаторы болған идея авторлары – түркі бабалардан жалғасын тапқан киелі сарын еді. Біз, осы тұста қазақ ұлысының қазығы қағылып, бірінші рет білек біріктіріп, байрағын биікке көтерген Жамбыл жеріндегі жәдігерлердің бейнелеріне, олардың тамыр тарихына назар салып, сан сауалымыздың салмақты жауабын сала мамандарынан сұрастырдық.
– Әлемдік мәдениетте түркі мәдениеті ерекше мойындалады. Себебі Еуразия құрлығында металлургияны ең бірінші дамытқан осы түркілер болатын. Сол металлургияны дамыту барысында түркілер әр түрлі әшекейлер, өздерінің діни наным сенімді тотемдерін металға құйып, қыштан бедерлеп, тастан қашаған. Негізінен осы түркі мәдениетінің ішіндегі металлургиясы қарқынды дамыған ол оңтүстік аймақтар. Әсіресе орта ғасырларда метал қорыту орындары көптеген соғылған. Тұлпарға, оның әбзелдеріне байланысты көп дүниелер шықты. Жылқы баласын әлемдік өркениетке алғаш болып алып келгендіктен, бабаларымыз оған керекті әбзелдерді, жүген, үзеңгі, ер тоқымдарды да керемет жасай білді. Және пайдаланған әрбір темір заттарға әртүрлі бейнелер салып отырған. Оның ішінде өсімдіктер, жұлдыздар, аспан әлеміндегі объектілер, жылқының, арыстанның, таутекенің суреттерін көптеп бейнелеген. Тараз қаласындағы археологиялық қазбалардан осындай бейнелі жәдігерлер мол табылды. Мәселен, соның бірі қола, мыстан жасалған шырағдан. Оның тұмсығын бүркіттектес қылып алып келіп, жан жағына жарық шашатын етіп жасаған. Яғни бас жағында құстың бейнесі бедерленген. Ал енді бүркіт, сұңқар біздің түркі мәдениетінде үлкен мағынаны, еркіндікті білдірген. Оған ешкімнің қолы жетпейді. Жемтігіне тек төбеден келіп түседі. Жоғарылықтың, үлкен дәреженің символы. Көк байрағымызда да қыран құс сол мағынада бейнелегені белгілі. Сондай-ақ, жәдігерлердің көбісінде арыстанның да бейнесі аз емес. Ондай жәдігерлер аң патшасы арыстандай ешкімнен қорықпайтын түркі тайпаларының бұйымдарында көп кездеседі. Мәселен Қарахан дәуірінде Боғра хан, Арслан хан деп екіге бөлінді. Боғра хандығы түйені әспеттеді. Ал Арслан хандығы арыстандай биікпіз, ұлымыз деп теңгелеріне де соны бедерлеп отырды. Бірақ Қарахан дәуірінде ислам діні қабылданған бойда жергілікті халық суреттен гөрі Құран сүрелерін бейнелеуді дәстүрге айналдыра бастады. Сонымен қатар көптеген хандар мен батырлардың белдіктерінде аң стидіндегі ою, әбзелдер жиі ұшырасады. Сол арқылы белдік иесінің орны, тұлғасы, дәрежесі белгілі болып отырған. Алтыннан апталып, күміспен күптелген белдіктердің түймесінде кейде бөрі, арыстан, бұғы, таутеке бейнеленген. Таутекелер мен арқарлар тік жартастардан секіретін қайраттылықты білдірсе, қасқыр ешқашан қайтпайтын, алысып, жараланса да жеңілмейтін, ешқашан қолға үйренбейтін қасиетті аң. Бабаларымыз бөріден тарадық дегендіктен халқымызда үлкен мәнге ие болды. Түркілер кезеңінде мөр болған сақиналар да бөрінің, арыстанның кейпінде жасалған. Сиволдық сенімдер солай суреттелді. Алайда ислам діні келгеннен кейін адам мен жан-жануарлардың бейнелеріне тыйым салынып, нәтижесінде аспан денелері, күн, ай, жұлдыздар мен өсімдіктердің суреттері көрініс тапты. Жамбыл өңірінде VI ғасыр мен XII ғасырға дейінгі аралықта 70 шақты үлкен-кіші қала болған. Солардың барлығында металлургия дамыған. Әзірленген бұйымдардың басым көпшілігінде ханның тақтарына дейін аң бейнелері, мүйізді мүсіндер бейнелеген. Мұның барлығын бабалардың шеберлігін көрсетеді. Әсіресе таулы оңтүстік аймақтарда металды құйған кезде көбіне тауға қатысты аңдардың суреттері бедерленген. Әр уақыттың өз заманына қарай металды өңдеудің, суреттер бейнелеудің өзіндік технологиялары болды. Кейбірінде қанаты бар таутекелер, өгіздің бейнелері, қанатты барыс та кездеседі. Оның барлығы халықтар арасындағы мәдени алтын көпір болған Ұлы Жібек жолы арқылы шет елдерге де тасымалданып отырды,-дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Асылжан Шайділдаев.
Расымен, қазанатты алғаш рет қолға үйретіп, ұшқан құстың қанаты талған ұланғайыр ұлы даланы жаудан қорғау үшін темірден ақ сауыт, қара қалқан, алты қарыс алдаспан һәм жарық жылдамдығымен жарысқан жебелер әзірлеп, ұлы өркениетті ұрпаққа аманаттаған бабалар басқалардан сөзімен де, ісімен де дараланып отырды. Тіпті әлемдегі бейнелеу өнерін де түркілер өмірге алып келген деген пікір бар.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы үлкен кешенді бағыттар арқылы жалпы ұлттық менталитетімізге, бабалардың жүріп өткен жолы, сүрген өмір, кешкен ғұмырының өн бойындағы жақсы қасиеттерімізді айшықтап көрсетті. Қай кезде де бастамашыл бола білген рухымызды толғаған мақаланың маңызы зор. Оны белгілі бір уақыт деңгейіне бөліп шектеуге болмайды. Қазақ қауымының, кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ санасына осы қасиеттерді екшеп, сараптап отыру мақсатын жүзеге асыруымыз керек. Өйткені ғалам өркениетіндегі кез келген жаңалықтың көзі біздің даламызда тұнып тұр. Академик А.Окладниковтың «Сібір петроглифтері» дейтін үлкен ғылыми еңбегі бар. Соны парақтап отырсаң бабаларымыз өмірдің бар саласын адамның болмысына, әдетіне тән қамтыған. Өкінішке орай осы саланы зерттеу күні бүгінге дейін қазақ қоғамында қолдау тапқан емес. Оған ең алдымен терең білім керек. Ол үшін тарихшыларымыз кемінде 2-3 көне өлі тілді білуі керек және ескі жазуларды оқи білуі қажет. Ал бізде ондай адамдар күні бүгінге дейін жоқ. Біздегі қателіктердің бірі тарихшыларымыз әрбір жайтқа біржақты қарайды. Аясы тар. Стиль деген қолтаңба. Әркімнің қолданатын тәсілі. Әлі күнге Бартольд , Бернштам, Каллаур төңірегінде ғана шиырлап жүрміз. Мәселен батыс елдеріндегі, Испаниядағы, Африкадағы үңгірлерде де петроглифтер бар. Бірақ, тек қана үңгірлерде. Ашық далада сирек кездеседі. Ал неге адамның түр әлпетімен бейнеленген балбал тастар түркілер мекендеген территорияда ғана көптеп кездеседі? Оны Еуропадан да, Америкадан да таппайсыз. Себебі Алғашқы сурет өнерінің, тұңғыш мүсін өнерінің негізін салған түркілер. Менің ойымша сурет өнерін сұңғат деп атағанымыз дұрыс. Біз осы бағытпен жылжуымыз керек. Соны насихаттауымыз қажет. Бейнелеу өнерін өмірге алып келген түркілердің осы жаңалығына даладағы балбал тастардың өзі-ақ дәлел. Бірақ Ақбұлымның жоғарғы жағындағы Қарасайдағы суреттер қазір жоғалып кету алдында тұр. Ботамойнақтағы бейнелер де қорғауға мұқтаж. Олар әлі де терең зерттеуді талап етеді. Бабаларымыз сол заманның өзінде, қағаз жоқ, жазу дамымаған кезеңде аңдар арқылы белгілі бір мәнді, дүние танымды, түсінікті, пәлсапаны ұқтырды. Осылайша үңгірден шыққан заманнан әсемдікті, табиғатпенен тұтастықты дәріптеп отырды,- дейді Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі тарихшы Тәкен Молдақынов.
Міне, қарап отырсақ әлі де зерделейтін, анықтап, саралайтын дүниелеріміз өте көп. ««аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады» деп Елбасы атап өткендей, осы бағытқа заманның көшін бұрып, уақыттың назарын аударсақ, құм астындағы талай шындықты жасырып жатқан жауһар құндылықтарымыз жарқырап шығар еді. Өскелең ұрпақтың еншісіне бұйырған өрелі істің бірі осы. Оның бастау бұлағы да осы «Ұлы даланың жеті қыры» болмақ.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз