сенбі, 23 қараша, 2024 2:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылтанудағы өзекті мәселелер

Жамбылтанудағы өзекті мәселелер
ашық дереккөзі
Жамбылтанудағы өзекті мәселелер

«Соғыс бітті» деген қуанышты хабарды естіп Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда жүз жасқа жеті ай қалғанда дүниеден озды. Аманат өсиеті бойынша ұлы ақын ауылындағы баққа жерленді. Келер жылға дейін бейітіне үлкен күмбез тұрғызылды, жүз жылдығы деп асы берілді. Жерлеуіне де, жүз жылдығына да Қазақстанның басшылары түгел қатысты, атақты ақын-жазушылардың бәрі келді. Жамбылдың 125 жылдығы Жамбыл ауылында, музей алдындағы дала сахнасында өтті. Оған Д.А.Қонаев бастаған Үкімет басшылары, КСРО Жазушылар одағының бірінші хатшысы С.Марков және он бес одақтас респуб­ликадан келген жазушылардың үлкен делегациясы қатысты. Ақын Әбділда Тәжібаев баяндама жасады. 150 жылдық мерейтойында да көптеген игі шара өткізілді. Сүйінбай ақынның музейі ашылды, Жамбыл ауылындағы музей мен мектеп күрделі жөндеуден өтті. Алматыдағы Республика сарайындағы өткен салтанатта Елбасы Н.Ә.Назарбаев мазмұнды баяндама жасады. Ал 2021 жылы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толады. Осыған байланысты кейбір ой-пікірлерімізді ортаға салуды жөн көрдік.

Қазақтың сөз өнері ежелгі заманнан бері үш түрде жасалып, ғұмыр кешіп, біздің дәуірге жетті. Олар – халықтың ауыз әдебиеті (фольклор), авторлық ауыз әдебиеті (ақын-жыраулар поэзиясы) және жазбаша әдебиет (көне түркі мәтіндерінен бастау алады). Осы үшеуінің соңғы екеуі бүгінгі шақта да дамып келеді. Қазіргі көпжанрлы әдебиетіміз бен бүгіндері өтіп жатқан айтыстарымыз бұрынғы дәстүрді жалғастырумен бірге жаңаша, соны сипатта көрініс беріп, өзіндік ерек­ше­ліктерге ие болуда. Мұның себебі аз емес, солардың бірі жаңа жазбаша әде­биет­тің негізін салған Абай мен автор­лық ауыз әдебиетін биік деңгейге көтеріп, оған жаңа сипат дарытқан Жамбылдың шы­ғар­ма­шылығы, олардың әдеби-көркемдік ұста­нымы мен талап-талғамы. Осы екі ұлы сөз зергерінің ұлттық сана-сезі­міміздің, руханиятымыздың дамуында тарихи рөл атқарғаны үшін қаз­ақ хал­қы олардың есімін, мұрасын әр­қа­шан ардақтап, ұлықтап келеді, дә­ріп­тей бермек. Сөзіміздің жарқын дәлелі ре­тінде Абайдың да, Жамбылдың да 150 жылдығы кең көлемде аталып өтке­нін, жыл сайын олардың туған кү­нін­де өткі­зілетін алуан түрлі салтанатты жи­на­лысты, шығармашылық, ғылыми ша­раларды еске алуға болады. Дейтұр­ған­мен, әдебиетіміздің екі алыбын толық зерттедік, танып-білдік деп айта алмаймыз. Кеңес өкіметі тұсында олар туралы аз жазылған жоқ, бірақ зерттеулер мен мақалалардың көбі коммунистік идеология тұрғысында болғаны белгілі. Ал енді тәуелсіздік тұсында бүкіл тарихымызды, рухани мұрамызды қайта қарап, ұлтымыздың мүддесі мен міндеті талаптарына сәйкес жаңаша зерделеп, бағалап жатқанымызда Абайдың да, Жамбылдың да мұрасына қазақ көзімен қарап, сөз өнеріміздің табиғатынан шы­ға­тын заңдылықтар негізінде зерттеу қа­­жеттігі дау тудырмаса керек. Бүгінгі әңгі­­меміздің мақсаты – Жамбылдың шы­ғар­­­машылық мұрасы келешекте қалай наси­хатталып, зерттелуге тиіс, алда қан­дай істерді жүзеге асыру қажет деген ой­ла­­рымызды ортаға салу.

Жәкеңнің шығармалары Кеңес өкіметі кезінде мыңдаған, миллиондаған данамен қазақ, орыс, тағы басқа тілдерде жарық көргені баршаға аян. 1930-1950 жылдардың арасында ол кісінің өлеңдері бүкіл әлемге белгілі болды, 160-тан астам шет тілдеріне аударылып, Жер шарына тарады. Ақиқатында, қазақ халқын дүние жүзіне алғаш танытқан адам Жамбыл десек, артық айтқандық болмас. Солай бола тұрса да Жәкеңді әлі де лайықты дәрежеде, жаңаша тани да, көр­сете де алмай жүрміз. Рас, жекелеген мақа­ла­ларда жыр алыбы туралы біршама жаңа көз­қарас, соны ойлар бар. Алайда бұл жет­кіліксіз екені түсінікті, олармен шек­те­ліп қалмасақ керек.

Әдетте біз ұлы тұлғаларымыз хақын­да олардың мерейлі тойлары жақын­да­ған­да ғана ойланып, жеделдетіп қаулы қабылдап, іс-шараларды белгілеп, той күндерді жүзеге асыруға күш саламыз. Өкінішке қарай, ойлағандарымыздың көбісі асығыс істеліп, кейбірі орындалмай қалатыны бар. Кезінде Абайдың 150 жылдығына қатысты қаулының жобасы марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің бас­шы­лы­ғымен 1990 жылы, яғни ба­қан­дай 5 жыл бұрын дайындалған еді. Махамбет ақынның 200 жылдығына әзірлік төрт жыл бойы жүрді. Жамбылдың 175 жылдығын қай жағынан болса да, әсіресе шығармашылық мұрасын насихаттау мен зерделеу, ұлықтау жағынан жоғары дәрежеде өткізу мақсатында осы күннен бастап қажетті құжат қа­был­дап, тиісті іс-шараларды белгілеп, ұйым­дас­ты­ру жұмысына кіріскен жөн сияқты. Мұн­дай өте маңызды істе басты назар ғылыми-шығармашылық мәселелерге ауда­рылғаны орынды болар еді. Бұл салада өте ауқымды әрі қиын да жауапты жұ­мыстар бар.

Ең бірінші кезекте қолға алатын шаруа – Жамбылдың өзі мен шығармашылығы туралы дүниелердің бәрін қамтыған «Биб­­лио­­графиялық көрсеткіш» жасау. Ен­ді­гі жаңа көрсеткіш – Жәкеңнің бізде, шетте шыққан өз шығармаларын, ақын жайында жазылған мақалаларды, зерт­­теулерді, өлеңдер мен поэмаларды, түсірілген фильмдерді, сахнаға қойыл­ған спектакльдерді, салынған с­у­рет­терді, тағы басқа туындыларды түгел тізім­де­ген, сипаттаған еңбек болуға тиіс.

Екіншіден, аса жауапты әрі зор ма­ңыз­ды іс – «Жамбыл шығармаларының ака­демиялық толық жинағын» құрас­ты­рып, жарыққа шығару. Осы уақытқа дейін мұндай басылым болған жоқ. Ең алғашқы толық деп саналған 1946 жылғы кітап өз мағынасындағы нағыз академиялық жинақ бола алмады және ол қазір іздеп таба алмайтын дүниеге айналды. Одан кейінгі басылымдар да толық емес, негізінен, таңдамалы сипатта болды. Бұлай болудың өзіндік себептері бар. Оның бастысы И.Сталиннің жеке басына табынушылық әшкереленген соң Жәкеңнің ол туралы және сол шақтағы партия, Кеңес қайраткерлері жайында шығарған өлең-толғауларын цензура кітаптарға енгізбейтін. Тағы бір себеп – тәуелсіздік алғаннан кейін ақынның Кеңес кезіндегі компартияның саяси-идео­логиялық үгіт-насихатының әсерінен туын­даған шығармаларын жинаққа енгізіп, бүгінгі оқырманға ұсыну орынсыз деп түсіну. Әлбетте қазіргі жағдайда бұл себептер ескі ұғымдардың сарқыншағы деп қабылдануға тиіс. Жеке мемлекет болып, билігіміз өз қолымызға тиген шақта бұрынғыдай шеттен немесе жоғарыдан түсетін саяси-идеологиялық нұсқаулардан, қыспақтардан, цензурадан құтылып, ой еркіндігі, сөз бостандығы, пікірлік плюрализм орнаған заманда ескіліктің тұтқынынан шығатын мезгіл жетті деп білеміз. Қазіргі уақытта әдебиет пен өнерді, көркем туындыларды талдап, бағалағанда Кеңес кезіндегідей тек саяси, әлеуметтік шартты ұстанбай, әр шы­ғар­маны көркемдік пен эстетикалық құн­дылығы жағынан зерделеу бірінші кезекте болуы керек. Бүгінгі жаңа талап­тың бірі – «әдебиет пен өнер туындысы түсінікті болуы керек», деген ғана принципті қолданбай, «әдебиет пен өнер туындысын түсіне білу керек» деген ұстанымды басшылыққа алу. Олай болса, әдеби, тағы басқа мұрамызды да осы тұрғыдан қарастыру қажеттігі туып отыр. Ендігі бір талап – әрбір шығарманы оның қандай қоғамдық, саяси жағдайда дүниеге келгенін ескеру және сол дәуірінің та­лап-талғамына ұштастыра зерттеу керек­тігі. Үшінші талап – шығарманың ав­торы өзінен бұрынғы дәстүрді қалай жал­ғастырды, оған өзі не қосты деген шарт басты назарда болуы тиіс. Міне, Жә­кеңнің академиялық толық жинағын құ­рас­тырғанда осы талаптар негізге алын­са дұрыс болар еді, өйткені оның өлеңдері, толғаулары, дастандары бұл талап­тарға толық сай келеді, ал мұның өзі ақын мұрасын жаңаша бағалап, зерделеуге тірек болады, оның тұлғасын жан-жақты етіп көрсетуге мүмкіндік береді. Ақын­ның шығармалары сол заманның көркем бейнесі екенін әрі Жамбыл да сол заман­ның перзенті екенін де ұмытпаған жөн.

Жамбыл – ақын, жырау, жыршы. Жамбыл – ойшыл, тарих куәгері, өмір шындығын жырлаушы. Оның орасан таланты кез келген шығармасынан көрініп тұрады. Көркемсөздің хас шебері ретінде ол небір ғажайып теңеу, метафораларды қолданып, сөзді ойнатады, құбылтады, жаңа сөз оралымдарын жасап, бейнелі тіркестер тудырады, өзіне дейінгі ақын-жы­рау­лар үлгісін пайдалана отырып, оны жаңарта дамытады, сөйтіп өзіндік сөз қолдану мәнерін қалыптастырады. Өзінің осындай асқан көркем шеберлігі мен маржан талантын Жамбыл бұрынғы жырауларша мемлекет басшыларына тікелей қарата арнау айтып, елдік, бірлік, татулық, Отанды сүю, қорғау секілді өз кезінде өте актуальды болған мәселелерді көтеруге жұмсаған. Ертедегі жырау­лар сияқты үлкен жиындарда, Жо­ғарғы Кеңес сессияларында, Ұлы Отан соғысы кезінде қиналған халыққа ар­наған толғау-өлеңдері көркемдік сапа­сы мен эмоциялық күш-қуаты тұрғы­сынан жаңа, бүгінгі көзқараспен баға­ла­ну­ға тиіс және Кеңес кезіндегі өмір мен саяси-әлеуметтік жағдайды да ескеру қажет.

Еске түсірейікші, бұрынғы біздің клас­сик жырауларымыз ханға арнай сөй­ле­­мейтін бе еді, әмірші мен халық қи­налған шақта, ел басына ауыр күн туғанда ақыл айтып, өткен-кеткенді шолып, келе­шекті барлай айтып, жұртты бір­лік­ке, сабырлыққа шақырмаушы ма еді?! Сы­пыра жыраудың Тоқтамысқа, Асан Қайғының Жәнібекке, Шалкиіздің Би Темірге, Жиембеттің Есімге, Бұқардың Абылайға айтқандары  Жамбылдың Кеңес өкіметінің көсемдеріне айтқанынан бөлек емес қой! Жыраулар неге солай айтты? Айтқызған дәл сол шақтағы тари­хи-қоғамдық жағдай. Жамбыл да өз уақы­тындағы қоғамы, қауымы талап еткен соң айтты. Сол үшін оны кінәлауға бола ма? Әрине, болмайды. Пәлі, жалғыз Жамбыл ғана Кеңес өкіметін мақтады ма? Ол заманда Кеңес өкіметін, оның көсемдерін мадақ­тамаған, дәріптемеген ақын-жазу­шы бүкіл Одақта болған жоқ. Одақ қана емес, шетелдерде де Кеңеске, партия басшыларына арналған дүниелер туып жатты. Осының бәрі – шындық қой, тарих қой. Ендеше, неге біз шындықты көле­гей­леп, тарихтан алып тастауымыз керек? Олай істейтін болсақ, біз компартияның сыңаржақ саясатына қайта ұрынамыз. Бүкіл мәдени, әдеби мұрамызды «мынау жақсы, халықтыкі», «мынау жаман, халыққа жат» деп тарихымызға, ой-санамызға қиянат жасаған жоқпыз ба? Демек, мұндай сауатсыздықты, қателікті қайталауға хақымыз жоқ. Әдебиет пен өнер туындыларына, мейлі ол мұра болсын, мейлі бүгінгі шығарма болсын, ең алдымен руханият тұрғысынан қараған жөн, оларды көркемдік-эстетикалық жағы­нан түсіне біліп, бағалаған дұрыс. Ақынды, жазушыны «нені жазды» деп қана емес, «қалай жазды» деп танитын шарт алға шығуы керек. Осы аспек­тіден келгенде Жәкеңнің Кеңес өкі­ме­ті мен партия көсемдеріне және кеңес жа­уынгерлеріне арнаған өлеңдері мен тол­ғаулары көркемдік, әсіресе эмо­ция­­лық қуаты жағынан ерекшеленіп тұра­ды, олар нағыз жыраулық поэзия­ның үлгісі. Демек, оларды жақсы ғылыми түсі­нік­термен академиялық жинақ­қа ен­гізу тарихи әділдік болады деп ойлаймыз. Академиялық толық жинақ құрас­ты­рылса, ол өз кезегінде Жамбыл­тану­дың аясын кеңейтіп, бұл салада басқа да қажетті істерге негіз болары анық.

Оны жасау барысында Жәкең туындыларында баяндалатын тарихи оқи­ға­лар, сөз болатын тұлғалар, жер-су атау­лары туралы мол дерек жиналады. Демек, Жамбыл және тарих, Жамбыл және қоғам, Жамбыл және өнер, Жамбыл және мәде­ниет деген зерттеулер жүргізсе, Жам­былтану жаңа белеске көтерілері күмәнсіз.

Академиялық толық жинақ «Жам­был тілінің сөздігін» жасау үшін бір­ден-бір дерек болмақ. Мұндай сөздік Жәкең тілінің ғана емес, қазақ тілінің екі ғасырда қа­лай дамып, өзгергенін де көрсетері анық. Ақынның ХІХ және ХХ ғасырларда туған шығармаларын салыстыра зерттеп, тіл тарихына қатысты тың байқаулар жа­сау­ға болады.

Жамбыл шығармаларының шетелде жариялануы қандай дәрежеде?

Ұлы ақын өлең-жырлары әлемнің 160-тан астам тілдеріне аударылды. Ал 150 жылдық тойына орай Қытайда, Иранда, Ресейде жинағы жарыққа шық­ты. Сол кез­де­гі, сол елдегі елші қайрат­керлер Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұл­та­нов, Тайыр Мансұровтар осы кітап­тар­ды аудар­тып шығарған еді. Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов Мәскеуден орыс тілінде кітап жазып ұсынды. Түркияда елші болып тұрғанда Жансейіт Түймебаев біраз игі шаралар ұйымдастырды, Сүйінбай, Жамбыл кітабын түрікшеге аудартып шығарды. Әсіресе ТҮРКСОЙ-да және сол елде елші­лікте істеген Мәлік Отарбаев деген талантты қаламгердің ұсынысы мен ара­ла­суының нәтижесінде Анкарада Сүйінбай ескерткіші мен алаңы ашылды, бір көшеге Жамбыл есімі беріліп, осы ақындар жайлы ауқымды іс-шаралар өткізіл­ді.

Енді ұлттық аударма бюросы Жам­был­­дың таңдамалы бір томдығын алты тілге аударып, таратса дұрыс болар еді.

Жазушы Әбіш Кекілбайұлының алғы­сөзі­­мен 1996 жылы үш тілде «Жамбыл әлемі» атты фотоальбом он бес мың данамен Чехославакиядан басып шығарылып, ме­рейтойда қонақтарға кәде-сый ретінде та­ратылған еді. Сол дәстүрді жалғас­ты­рып, түрлі-түсті суретті қазақ, орыс, ағылшын тілінде «Әлемді жыры шар­ла­ған» атты фотоальбом шығарумыз ке­рек-ақ.

Осыдан он бес жыл бұрын Жүргенов атын­дағы ұлттық Өнер академиясын­да «Жамбыл және түрік әлемі» атты халық­аралық конференция өтті. Онда ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Д.Қа­се­йі­нов, академик ғалымдар, түркі­та­ну­­шылар баяндама жасап, «Жамбыл – түр­кі әлемінің бас ақыны» деген баға берді.

Жамбыл мұрасын шетелде насихат­тау, жи­нағын шығаруда еліміздің шетел­дегі елші­лері белсенділік танытады деген үміт­теміз.

Жамбыл мерейтойына арнап кітап­тар шығару жайлы пікірімізді білдіре кет­пекпіз. Ұлы ақынның 170 жылдығына Шымкент, Талдықорған, Қостанай қала­ларын­дағы университеттер жинақтар әзір­­леді. Ал Абай атындағы ұлттық педо­го­­гика университеті төрт томдығын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­теті екі томдығын шығарды.

Бұдан ширек ғасыр бұрын С.Бегалин­нің «Жамбыл» романы тұңғыш рет жарық көрді. Сапарғали Бегалин Жәкең­нің көзі тірісінде он жыл бойы ұлы ақын елін­­де болып, ғұмырнамасын жазып алған. Бірақ оны шығаруға рұқсат бермей, өртетіп жіберген. Бір данасын өзіне құпия ұстап, жастығының ішіне салып, тіктіріп сақтаған бұл өте құнды жәдігер қысқартылып, жарты ғасырдан кейін тәуелсіздік кезінде аз таралыммен әзер шықты. Енді сол С.Бегалин нұс­қа­­сын тездетіп, толық күйінде шыға­руы­мыз керек. Жамбылға жаңаша көз­қа­рас­тағы мақалалар мен зерттеулер әзірленуі қажет, бірақ ондай еңбектерде компли­мен­тарлықтан гөрі ғылыми жағына көңіл бөлін­се.

Көркемсуретті фильм түсіргенімізде асығыс­тыққа жол бермегеніміз жөн. Са­па­­лы, салмақты толыққанды кино түсіру – елді­гімізге сын. Жасыратыны жоқ тарихи тұл­ғалар жайлы асығыс-үсігіс шала, піс­пеген дүниелерді көріп қарнымыз аша­ды.

Жамбыл жайлы документті фильм түсі­ріп, ол бүгінгі уақыт биігіне сай жан-жақ­­ты қамтылған сом туынды болып, эта­­лон ретінде көрсетілетін шығарма бол­ға­ны дұрыс.

Жамбыл жайлы шығармалардың жа­йы қалай? Шынын айтқанда, Жамбыл бей­несі көркем прозада әлі күнге дейін сомдалған жоқ. П.Кузнецовтің «Бақы­тын тапқан адам» деп жазған романы сая­­­сатқа бейімделген публицис­тика­лық дүние. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­­­дары жазылған М.Жолдас­бе­ков­­тің «Жамбылдың жастық ша­ғы», У.Қа­ли­жа­новтың публицис­ти­ка­лық-де­рек­ті шығармасы мен Н.Қапалбек­ұлы­ның «Бала Жамбыл» повесі, бірлі-жа­рым жазу­шылардың әңгімелерінен бас­қа еште­ңе жоқ. Кең тынысты, үлкен ауқым­ды ұлы жырау жайлы роман жазылмай жа­тыр.

Осы орайда Кенен Әзірбаевтың, Тайыр Жароков бастаған ақындардың Жәкең жайлы таңдаулы өлеңдерін құрас­ты­рып, кітап етіп шығарып қоюымыз қа­жет.

Жамбыл елінде мынандай істерді жү­зе­ге асырсақ деген ұсыныстарымызды біл­дір­мекпіз. Жамбылдың ата-бабалары бейі­тіне мазар тұрғызу. Әкесі – Жапа, шешесі – Ұлдан, атасы Ыстыбай, ба­­уырлары, балалары жатқан қорым-бейітті кезінде үлкен жүректі қайраткер азамат С.Үмбетов қоршатып қойған еді. Енді осы мазарда жатқандардың, туған, қайтыс болған жылдары көрсетіліп, арнайы құлпытас орнатып үстіне мазар салынғаны жөн-ақ. Жамбыл ауылында музыка мектебін, Ұзынағашта өлкетану музейін салу да кезек күттірмес маңызды мәселе. Жамбылды тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай баптап өсірген Сарыбай би Айдосұлының туғанына 200 жыл толады. Бұл тарихи тұлғаға да өз дәрежесінде тарихи-таным­дық шаралар ұйымдастырылғаны абзал.

Жалпы, Алматы облысы Жамбыл ауда­нын – ашық аспан астындағы музей-қо­рық деп ЮНЕСКО тізіміне кіргізуді ойластырсақ.

Оған бұл өңірдегі тарихи-танымдық, мәде­ни ескерткіштер, музейлер, қорық­тар, фауна мен флорасы, тарихи тұлға­ла­ры молынан жетеді.

Президентіміз Қ.Тоқаев Абай өлеңін жат­қа айтып, бүкіл елімізге үлкен қозға­лыс туғызды. Бұл тағылымды іс «Жам­был жылында» да жалғасын табатын шы­ғар деп ойлаймыз.

Жамбыл жылында әр ауыл 175 көшет отыр­ғыз­са, ол мәуелеп өсіп, әр ауыл ажарын аша­ды ғой.

Алматы облысының орталығы – Талды­қ­орғанда көрнекі жерде Жамбыл ескерт­кіші тұрса қандай ғанибет!

Ал Алматыдағы Достық көшесіндегі жыр алыбы ескерткішін жанында тұрған биік тұғырға көтеріп қойса деген көпші­лік­тің ұсынысы ескерілуі тиіс.

М.Әуезов атап көрсеткендей: «Жам­был тек өз шығармаларымен ғана емес, сонымен бірге өзі тәрбиелеп, баулы­ған – ер, әйел ақындар тобымен де халық поэзиясының бұтағы, бүрі мол бәйтерегі». Ұлы ақын тәрбиелеп, жанына ерткен Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Есдәу­лет Қандеков, Саяділ Керімбеков тағы басқа да шәкірттері жайлы ғылыми деректер, сондай-ақ «Жамбылдың ақын шәкірт­тері» деген арнаулы көптомдығы шыға­рылса жаман болмас еді. Қырғыз еліне, Мәскеу архивіне ғылыми экпедиция жіберіп, жаңа фактілер, деректерді табуға болар еді.

Ұлы ақынның ауылында жылда 28 ақпан – туған күніне орай «Жамбыл күні» өтеді. Бұл игі дәстүр өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдарда басталған болатын. Ал тоқсаныншы жылдардан бері қарай облыс әкімдері өздері қатысып, маз­мұнды өтуіне тікелей атсалысуда.

«2021 жылды – Жамбыл жылы» деп жариялап, кешенді жоспар жасап, ұлы ақын аруағына бас иіп, дана да дара алып ақынды ардақтау – бүгінгі ұрпақ парызы.

Иә, Жамбыл мерекесі – жыр мерекесі, халық мерекесі. Оны сапалы, мазмұнды өткізсек деген ой-пікірлеріміздің бір парасын ортаға салуды жөн көрдік.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы,  ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар