Заң

"80 млн теңге өндірілді": ШҚО-да алимент төлемеген 8 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған

Атап айтқанда, сот орындаушысы берешекті ұзақ уақыт бойы есепке алмаған, бұл қарыз туралы мәліметтердің бұрмалануына әкелген

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау және алимент өндіру туралы сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр,  деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ведомствоның мәліметінше, борышкерлерге қатысты мәжбүрлеу сипатындағы нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, олардың Қазақстаннан тыс жерлерге шығуына шектеу қойылып, іздеу жариялау, сондай-ақ заңда көзделген жауаптылыққа тарту тетіктері іске асырылуда.

- Ағымдағы жылдың басынан бері 29 борышкер әкімшілік жауаптылыққа, ал 8 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Сонымен қатар, сот орындаушыларының қызметіне тексерулер жүргізілуде. Қадағалау барысында үш кәмелетке толмаған баланың пайдасына алимент өндіру туралы атқарушылық өндірістердің бірі бойынша заң бұзушылықтар анықталған, - деп жазды қадағалаушы органнан.

Атап айтқанда, сот орындаушысы берешекті ұзақ уақыт бойы есепке алмаған, бұл қарыз туралы мәліметтердің бұрмалануына әкелген. Бұдан бөлек, 2024 жылы өндірілген 300 мың теңге көлеміндегі қаражат өндіріп алушыларға уақытылы аударылмай, тек прокуратураның араласуынан кейін ғана берілген.

Аталған дерек бойынша облыс прокуратурасы тәртіптік іс қозғау туралы қаулы қабылдады. Нәтижесінде сот орындаушысы Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы мүшелігінен шығарылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 328 баланың пайдасына алимент бойынша 80 млн теңгеден астам берешек өтелді.

Облыс прокуратурасы ата-аналардың балаларды асырап-бағу міндеті заңмен бекітілгенін еске салады. Алимент төлеуден жалтару әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Ведомство мәліметінше, балалардың құқықтарын қорғау жұмыстары тұрақты бақылауда.