Алматыда есірткі тасымалдады деген күдікпен шетелдік азамат ұсталды
Қазіргі уақытта тексеру және жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Алматы қаласында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен бірнеше адамды ұстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тексеру кезінде ұсталғандардың бірі — шетел азаматының үстінен ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше орам табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесі аталған заттардың тыйым салынған есірткі құралдары екенін көрсетті. Қазіргі уақытта күдіктінің «жасырын қойма» әдісімен жүзеге асырылатын ықтимал курьерлік қызметке қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Сондай-ақ медициналық куәландыру қорытындысы бойынша күдіктінің психоактивті заттарды қолданғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тіркеліп, істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралуда.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, есірткі тарату арналары мен курьерлік желілерді анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.