Астанада 70 жастағы қария мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылды
Сот шешімімен құқық бұзушы 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, оның автокөлігі арнайы айыптұраққа қойылды.
Астанада 70 жастағы азамат алкогольдік мас күйінде көлік басқарған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Полиция қызметкерлері түскі уақытта Сәкен Сейфуллин көшесі бойында 70 жастағы азаматтың көлік жүргізу құқығы жоқ бола тұра, алкогольдік мас күйде ИЖ 2126 автокөлігін басқарғанын анықтады.
Аталған дерек бойынша Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырды.
Айта кету керек, жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, көлік құралын мас күйінде басқармауға және өз өмірі мен айналадағы азаматтардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.