Заң

Бейнетіркегішті қолдануға не кедергі?

Бейнетіркегішті қолдануға не кедергі?

«Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері облысымыздағы Полиция департаменті қызметкерлеріне,  фитосанитариялық бақылау бекеттеріне, ветеринария және көліктік бақылау инспекцияларына бейнетіркегіш қолдануларына қоғамдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде жемқорлыққа жол бермеу үшін қолданылатын бұл құрылғы әлі де кеңінен пайдаланылмай отырғаны анықталған. Антикор орталығында аталған салалардың жауапты тұлғаларымен анықталған кемшіліктер бойынша кеңес өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 971 бұйрығымен бекітілген  Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсқаулығына сәйкес ІІО-ның қызметкерлері бейнетіркегіштермен қызметтік міндеттерді орындау, профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операциялар өткізу кезінде қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда, «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері бірқатар полицейлер оны қолданбайтындарын көзбен көріп, бейнетүсірілімге жазып та алыпты. Мұндай олқылықтар фитосанитариялық бақылау, ветеринария, көліктік бақылау қызметкерлері тарапынан да анықталған. Оның себебін жауапты тұлғалар құрылғының қуаты тез бітіп қалатынымен, енді бірі видеожетонды қолдануға тиісті құжаттар әлі реттелмегендіктен деп түсіндірді. Алдағы уақытта орын алған олқылықтар жөнге келтірілетініне уәде берді. Бұл құрылғы алдымен заңбұзушылықты сол күйінде таспаға түсіруге, екіншіден сыбайластыққа жол бермеуге қажет. Егер барлық қажетті орындар осы құрылғыны қолданса, елімізде бармақ басты, көз қысты әрекеттердің тамырына балта шабылатыны анық. Қамар ҚАРАСАЕВА