«Әкімдіктің әрекеті». Алматы облысында 4,8 млрд теңгеден астам субсидияны заңсыз қалтаға басқандар әшкереленді
Бүгінде бюджетке бұл қаржының 110 млн теңгесі ғана қайтарылды
Алматы облысының прокуратурасы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру кезінде бюджеттік субсидияларды ұрлаудың, оларды заңсыз төлеудің және шаруаларға “таңдау әдісімен” төленген жүйелі схемаларын анықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Деректерге сүйенсек, субсидиялау саласындағы қайтарылуц керек сома 4,8 млрд теңгеден асқан. Ал, қазір прокуратураның қадағалау актісі бойынша өтеу процесі басталып, бүгінде бюджетке 110 млн теңге қайтарылған.
Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны ұрлаған.
Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде ресімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған.
Облыс әкімдігінің есептік деректері бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Асыл тұқымды қойларды селекциялау бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша 4 жылда олардың саны 1,9 млн-ға дейін ұлғайтылды. Алайда, деректер тек қағаз жүзінде қалды, прокурорлық тексеру облыс бойынша асыл тұқымды қойлардың саны небәрі 367 мың бас екенін көрсетті.