Сарысулық полицейлер адасып кеткен малшыны үйіне қайтарды
- авторjambylinfo.kz
- 7 желтоқсан, 2020
- 427
Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатас қаласының тұрғыны хабарласып, ертемен жоғалған жылқысын іздеуге кеткен 55 жастағы жолдасының үйіне оралмай жатқаны туралы айтып, көмек сұраған.
Егде кісінің аязды күні адасып, үсіп қалу қаупін ойлаған полицейлер шұғыл түрде шара қабылдап, іздеу жұмыстарына кіріседі. Аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Алметов 5 жол талғамайтын көлік пен 10 полиция қызметкерінен тұратын жедел-іздестіру топтарын құрып, тез арада нұсқаулық беріп бағыттама бойынша жібереді.
Нәтижесінде, жоғалған жылқысын іздеймін деп адасып, астындағы аты әбден қалжырап, өзі қатты тоңып қалған малшыны полицейлер түнгі сағат 23.00 шамасында Шымкент тас жолының бойындағы Түркістан ауылдық учаскесі маңынан табады. Оның жоғалып кеткен малын іздеп ауылдан алыстай бергені, бағдардан айырылып өздігінен қайтар жолды таппай адасып кеткені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері оны көліктеріне отырғызып, бойын жылытып, қалжырап жүрмей қалған атын жүк көлігіне салып, үйіне жеткізеді. Азамат медициналық көмектен бас тартқан.
Ал осы оқиғаның ертеңіне полицейлер малшының бір күн бұрын жоғалған жылқысын іздеп тауып, иесіне қайтарады.
Сарысу АПБ басшылығы мен қызметкерлерінің кәсібилігімен қатар, адами қасиеттеріне шынайы риза болған тұрғындар Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Ж.Сүлейменовтің атына алғыс жолдады.
Кәмшат ҚАДЫРjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз