сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 18:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!
ашық дереккөзі
Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев «ANTIKOR» сервистік орталығында жыл қорытындысына арналған брифинг өткізді. Есепті жиында Әділхан Хасымханұлы осы таңға дейін атқарылған жұмыстарды баян етіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Өткен жылы облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тарапынан 110 қылмыс анықталды. Бұрнағы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл жемқорлық фактілерінің 12,7 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары 19,4, ауыр санаттағы қылмыстар 3,9 пайызға азайған. Есепті кезеңде департамент мамандары жемқорлық дерек­терінің жүйелі түрі бойынша – 7, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау – 14, бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласудың 9 дерегін анықтап, 77 кәсіпкердің құқығын қорғады. Облыс деңгейіндегі 7 басшыға және қала мен аудан шеңберіндегі 7 басшыға қатысты қылмыстық істі тіркеді. Тіркелген қылмыстық істер бойынша 771 миллион теңге көлеміндегі залал анықталып, оның 654 миллион теңгесі өндірілді. Қылмыстарды тергеу барысында 153 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды. Сотқа жолданған қылмыстық істерге және қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғаларға тоқталатын болсам, былтыр облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа 110 іс жолдап, 72 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл 2019 жылға қарағанда көрсеткіштердің төмендегенін көрсетіп тұр, – деді департамент басшысы. Бұдан бөлек былтыр қылмыстық құқықбұзушылықтар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 97 ұсыныс жолданып, оның 87-сі қаралып, нәтижесінде 78 лауазымды тұлға әртүрлі деңгейдегі тәртіптік жаза арқалаған. Өз кезегінде сөз алған департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев профилактикалық бағытта жүргізіліп жатқан өзге де шаралар туралы баян етті. – Былтыр 17 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысымен 28 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Мониторинг нәтижесімен 11 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ұйымдастырушылық-басқарушылық шаралары қабылданды. Оның ішінде Тараз қаласында тұрғын үй қорынан тұрғынжайды мұқтаж азаматтарға беру бойынша заңсыз қабылданған қаулының күші жойылып, былтыр пәтерлер мен жатақханалардың 2006-2007 жылдардан бері кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға берілді. Тараз қаласы және аудандардың әлеуметтік көмек көрсету бойынша мәслихат шешімдерінен артық құжаттарды талап ету нормалары жойылды, – деген департамент басшысының орынбасары «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисімен бірлесе жасаған жұмыстарды да тілге тиек етті. Есепті жиын соңында спикерлер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Нұрдаулет АСАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар