Түзеу мекемесіне тыйым салынған затты лақтырған қос азамат қолға түсті
Түзеу мекемесіне тыйым салынған затты лақтырған қос азамат қолға түсті
Жамбылда ерекше режимдегі түзеу мекемесінің қоршауынан тыйым салынған затты лақтырған қос азамат қолға түсті. Оқиға бүгін ЖД-158/7 мекемесінде орын алды. Түскі уақыт шамасында абақты маңайын торуылдап жүрген күдіктілер көзге ілінеді. Мекеменің жедел-режим бөлімдерінің қызметкерлері бақылауды күшейтіп, қажетті іс-әрекетке кіріседі. Айласын асырғысы келген азамат көп ұзамай биік қоршауды асырып беймәлім затты ішкі күзет аумағына лақтырады. Өндірістік аумаққа бағытталған жапсырмамен маталған түйіншектің ішінен 3 ұялы телефон бар екендігі анықталды. Жазасын өтеушіге көмектеспек ниетте заңбұзушылыққа барғандар бұған дейін істі болмаған 27 және 32 жасар қала тұрғындары.
Қазіргі таңда оқиға орнына Тараз қалалық 1-ші полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылып, түрме тәртібін бұзғандарды тиісті жазаға тарту үшін жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, күні кеше дәл осы ЖД-158/7 мекемесіндегі жазасын өтеушіге сәлем-сауқат арқылы есірткі кіргізу дерегінің жолы кесілген болатын.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі