Таразда алаяқтарға көмектескен күдіктілер ұсталды
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тараз қаласында интернет-алаяқтарға көмектескен екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, SIM-карталарды заңсыз тіркеген екі адам анықталды. Күдіктілер осы әрекеті арқылы криптовалюта түрінде табыс тауып отырған.
Олардың пәтерін тінту барысында бірнеше ұялы телефон, ноутбук және SIM-карталар тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер Telegram желісіндегі интернет-алаяқтардың топтарына қосылып, сол жерде жіберілген азаматтардың ЖСН деректеріне SIM-карталарды тіркеп отырған. Кейін бұл нөмірлерді алаяқтар азаматтарға хабарласып, түрлі қызмет өкілдері ретінде танысып, ақша алдап алу үшін пайдаланған.
Әрбір тіркелген SIM-карта үшін күдіктілерге 3–5 USDT көлемінде криптовалюта төленіп отырған.
Полиция азаматтарды күмәнді онлайн-жұмыстарға араласпауға және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.