Заң

Тыйым салынған затты шайдың арасына жасырған

Тыйым салынған затты шайдың арасына жасырған

Түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттардың кірмеуін қадағалау Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тұрақты қадағалауында. Жуырда департаментке қарасты ЖД-158/2 мекемесі тексеру тобы мен №5513 әскери бөлімі қызметкерлері мекеме аумағына кіргізуге және сотталғандар сақтауға тыйым салынған затты анықтады.

Оқиға бақылау-өткізу пунктіндегі тексеру кезінде орын алған. Мекемеде жазасын өтеп жатқан Р. есімді сотталған азаматпен қысқа мерзімді кездесуге келген 1995 жылы туған Байзақ ауданының М. есімді азаматы өзімен бірге алып келген азық-түлік тауарларының арасынан 0,5 литр көлемді пластик шөлмек анықталған. Аталған ыдыс салмағы 2 келіні құрайтын шайдың ішіне жасырылған. Анықтау барысында шөлмек ішіндегі зат «насыбай» екені анықталған. Нәтижесінде кездесуге тыйым салынып, кездесу мүмкіндігі пайдаланылған есебіне жатқызылды.

Аталған жайтқа байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 481 бабына сәйкес материалдар жинақталып, Соттың қарауына жөнелтілді.

Жалпы, жыл басынан бері мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесуге келген туған-туыстарынан тиым салынған заттардың табылуы бойынша 3 факт тіркелген. Оның екеуі бойынша тиісті шаралар қолданылған.