Қылмыс саны азайып келеді
Адам құқығы қашанда маңызды. Демократиялық ел болудың алғышарты да, негізгі тірегі де – осы. Сондықтан еліміз адам құқығының аяқасты қалмауын үнемі алдыңғы орынға қояды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-баспасөз мәслихатында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов баяндады.
Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да айрықша атап өтті. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», деді Президент. Ендігі мәселе Мемлекет басшысы алға қойған жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру болып отыр.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдау өте маңызды. Әсіресе халықты әлеуметтік қолдау жағынан. Президент көтерген тағы бір мәселе – адам құқығы. Оны қорғауды әрі қарай күшейту. Жалпы, тәуелсіздік жылдары қоғамдық тәртіпті күшейту, адамның құқығын қорғау жолында сатылы түрде жұмыстар жасалуда. Атқарған жұмыстар туралы осы жерде бірнеше рет баяндадық, – деді М.Ахметжанов.
Оның айтуынша, Президенттің былтырғы Жолдауына сәйкес, адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті қасақана қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Атап айтсақ, адам өлтіру, зорлау, педофильдер, экстремистер, кәнігі ұрылар, браконьерлер, есірткі тарату үшін жаза қатаңдады. Бұл өзгерістер желтоқсан айында Парламент қабылдаған заңда орын тапты. Заңдағы түзетулер нәтижесінде ел ішінде тәртіп нығайып, қылмыс саны азая түсті. Президенттің былтырғы Жолдауында қабылданған шаралар нәтижесінде елімізде тіркелген қылмыстық заң бұзушылықтардың саны кеміпті. Биыл сегіз айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жасалған қылмыстық заң бұзушылықтар саны 35%-ға (былтыр – 174 мың, биыл – 113,6 мың) азайып отыр.
Баспасөз мәслихаты барысында М.Ахметжанов БАҚ өкілдеріне алдағы атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Бұл жұмыстарда басты назар Президент атап өткендей, заңдылық пен әділеттілікті сөзсіз қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз