114,4 млн. теңгеге 9 ойын алаңы салынды
Көшенің қақ ортасына қақпа құрып, қала берді шаңды аспанға көтеріп ойнайтын ауыл балаларын енді арнайы алаңшадан таба аласыз. Ауданда биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 9 ауылдық елді мекенге жалпы 114,4 млн. теңгені құрайтын кіші футбол алаңдары, стритворкаут, үстел теннисін салу жұмыстары жүргізілген.
Алғашқы болып Көкқайнар ауылдық округіндегі шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Аудан аумағында осындай қалыптағы Тасөткел, Балуан Шолақ, Жаңақоғам, Ақсу, Алға ауылдық округі Сауытбек, Бірлік, Қонаев, Жаңажол ауылдарында кіші футбол алаңшалары салынған. Заман талабына сай салынған спорт алаңының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұржан Календеров, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов қатысты. Нұржан Сәбитұлы құттықтау сөзінде: «Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасауда»-дей келе өңірімізде 2020 жылы бұқаралық спортты дамытуға жалпы сомасы 13,7 млн теңге қаражат бөлінгендігін атап өтті. Құттықту сөзінен кейін аудан әкімі ауыл жастарына футбол добы мен арнайы формаларды сыйға тартты. Ауыл қариялары да жасыл кілемде доп теуіп, аудан әкімі үстел теннисін ойнап көрді. Бұл әрекеттер кейінгі буынға үлгі болып, жастар спортты жанына серік етсе екен дейді аға буын өкілдері.
Айта кетерлігі, мамыр айында Төле би ауылында құны 266,0 млн теңгені құрайтын спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, Шу қаласындағы «Қайрат стадионы» күрделі жөндеуден (50,0 млн тг) өткізілді.
Шу ауданы бойынша 2020 жылдың басынан барлығы 42 спорттық іс-шара өткізіліп, 10 231 адам қамтылған.
Мұнан кейін Нұржан Календеров санитарлық талаптарға байланысты ауылдың айнасы іспетті ақсақалдармен мәслихаттасып, шешілуі тиіс бірқатар мәселелердің түйінін тарқатты. Көкқайнар ауылында жол картасы бағдарламасы аясында екі көшеге жөндеу жүргізілген. Ал, келер жылдан бастап ауылға ауыз су тартылады деп жоспарланып отыр. Келесі кезекте аудан әкімі Саттар Естемесов атындағы мектептің жай-күйін білді. Аталған білім ошағын көгілдір отынға ауыстыру үшін ауыл әкіміне құжаттарын әзірлеуді тапсырды. Нұржан Сәбитұлы ауыл ішіне келіп тұрған газды мектепке де тарту керектігін жеткізді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз