Жамбыл жаңалықтар

119 елді мекенге ауыз су, газ тартылып, көшелер жарықтандырылады

119 елді мекенге ауыз су, газ тартылып, көшелер жарықтандырылады

«Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы кеңейтілген отырысы өтті. Онда партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталарының  орындалу барысы қаралды. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қатысты. Сессияға фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіров модераторлық етті. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Мамаев, Рүстем Дәулет, Дәулет Кәрібек атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ фракция мүшелері Айгүл Ақшалова мен Керімқұл Бегалиев сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы және депутаттық міндеттерін атқаруы туралы есеп берді. Қатысушылар Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси кеңестің кеңейтілген отырысындағы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатынан туындайтын міндеттер және депутаттардың рейтингісін қалыптастыру мәселелері туралы талқылады.

Аймақ басшысы Жол картасы аясында 2022 жылы  119 елді мекенге газ, таза ауыз су тарту, көшелерді жарықтандыру,  54 әлеуметтік нысанның және 500 шақырымнан асатын жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді.

Депутаттарды бағалау әдістемесіне де айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап пилоттық режимде ақпараттық жүйеде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының рейтингісі қалыптастырылуда. Өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мәслихат хатшылары мен фракция жетекшілерінің бағалауына Жол картасындағы барлық индикаторлардың орындалуы, оларды қаржыландыру мәселесі, Қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігі секілді арнайы тармақтар енгізілген. Яғни, оларды бағалау жүйесі күшейтіліп отыр.

Бердібек Сапарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы мен кеңейтілген Саяси кеңес отырысының қорытындыларын талқылау үшін ірі бастауыш партия ұйымдары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, беделді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, сарапшылардан құралған спикерлер пулын жасақтау, ақпараттық-түсіндіру топтарын құрып, топтың жыл соңына дейін атқаратын жұмысының кестесін әзірлеуді тапсырды.