Жұмысшы мамандықтары жылы: Жамбылдық ұста 20 жылдан астам уақыттан бері токарь болып жұмыс істейді
- авторМағжан Орынбасар
- 15 қаңтар, 2025
- 200
Бүгінде темір ұсталары аз. Өйткені, жұмысы ауыр, көрік басып, ошақ қасында терлеп-тепшіп, ыстық жерде жұмыстеу де оңай шаруа емес. Десе де ауыр жұмыспен адал нәсібін тауып жүрген жандар бар. Соның бірі – Мұхтар Сейтаев. Ол Қосбөлтек ауылындағы шағын шеберханада токарь болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мұхтар Төренұлының негізгі мамандығы ағаш ұстасы. Ол бұл мамандыққа кішкентайынан қызығып, жүрек қалауымен таңдаған. Оның бұл мамандықты таңдауына әкесі себепкер болыпты. Мектеп бітірген соң ол ағаш ұстасы мамандығын алу үшін арнайы училищеде оқып білім алады. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбеде жиһаз фабрикасында станокта балғашы болып бастайды. Одан кейін «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативінде еңбек етті.
«Жалпы ағашпен жұмыс істеу оңайлау. Ал, темірмен жұмыс істеу ағашқа қарағанда өте күрделі. Кооперативтен жұмыс істеп жүргенде 2000 жылы Әбілхан деген көкеміз маған токарьлықты үйретті. Үш күн сол кісінің жанында жүріп үйреніп, әрі қарай өзім істеп кеттім. Ең алғаш тракторға бұрандалы болт жасап бердім. Алғашқы затым тапсырыс берушінің көңілінен шығып, қанаттанып қалдым. Негізінен токарьдың қызметіне шаруалар көп жүгінеді. Ерте көктемнен қара күзге дейін шаруалар ауыл шаруашылығы техникасына дүкенде табыла бермейтін бөлшектер бойынша тапсырыс береді. Ондайда уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Таңғы сағат алтыдан түннің бір уағына дейін жұмыс істеген кездерім болды. Себебі, науқан кезінде шаруалар үшін әрбір күн маңызды. Тапсырысты таңертең бітіріп беру керек болса, ондайда түнделетіп жұмыс істеуге тура келеді. Темірмен жұмыс істеуде дәлдік пен төзімділік басты рөл атқарады»,- дейді ұста.
Ұстаның шеберханасында токарь станогы, кесу, қайрау, басқа да бірнеше қажетті құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ кейбір темірлерді отқа салып, қыздырып жұмыс істейтін көрік те осы жерден табылады. Бұдан бөлек, газбен дәнекерлеу ісін де меңгеріп алған ұстаның жұмысын бұл да жеңілдетіп отыр екен.
Соңғы мамандығын ол Жуалы ауданындағы Ақбастау ауылында орналасқан №16 колледжде оқып, бітіріп алыпты.
-Білім деген құштарлық қай жаста болсын кісіге артық етпейді. Бір жылдары Президент тапсырмасымен кәсіпкерлікке қайта дайарлау курстары ұйымдастырылған кезде де қызығушылық танытып, арнайы курстарға қатысып, өз салам бойынша білімділігімді арттырдым. Оның барлығының қазіргі таңда көмегі тиюде. Шаруа қожалықтарнан түскен тапсырыстарды, кейбір көлік құралдарының деталдарын түпнұсқаға қарап жасап та беріп жүрмін. Осының барлығы білімімді жетілдіріп, оқып-білгеннің арқасында мүмкін болуда. Қазір темірден кез келген затты, ауыл шаруашылығы техникасына қажетті саймандарды жасап жүрмін, - дейді Мұхтар Төренұлы.
Ол биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет танытып отыр. Жобаның бесінші бағытына қатысып, кәсібін кеңейтпек ниетте. «Қазір құжаттарымды жинастырып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамына тапсырып қойдым. Сәті түсіп, жобам мақұлданса, ұстахана ғимаратын жөндеп, жаңа құрал-жабдықтар алсам, жаныма бір көмекші алып, осы кәсіпке баулу ойымда бар. Жалпы, токарь - өміршең мамандық. Сондықтан үйренсем деген жастар болса, үйретуге мен әрдайым дайынмын», - дейді ол.