200 бетперде, 300 үнпарақ таратты
200 бетперде, 300 үнпарақ таратты
Әлемді жайлаған ауыр індет бүгінде неше жанның өмірін жалмап, қанша шаңырақты қара жамылдырғаны белгісіз. Белгілісі – бүгінде кесепатты кеселге бейжай қарамай, қолынан келгенше көмектесуге асыққандар қарасы көбейді. Мәселен, кәсіп иелері қаржылай, заттай демеушілік етіп жатса, жастар жағы да қолғабыс етуден қалыс қалмауда. Осылайша облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жанынан құрылған «Әулиеата жастары» волонтерлық штабы COVID-19 пандемиясы жарияланғалы бері 18 мыңнан астам үнпарақ таратыпты. Бұл қағаздарда денсаулықты күту, індетпен күрес жолдары мен оның алдын алу, тазалық сақтау сипатындағы нұсқаулықтар қамтылған. Алдыңғы күні аталмыш басқармасының ұйымдастыруымен «Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы өткізіліп, оған тағы да еріктілер жұмылдырылды. Іс-шара аясында Тараз қаласындағы халық көп шоғырланатын орындарда денсаулықты сақтау, үй жағдайында коронавирустан қалай емделуге болатыны жайлы түсіндірілді. Нақтырақ айтқанда, «Жақыныңа жанашыр бол!» ұранымен «Самал», «Мыңбұлақ» шағын аудандары мен банк бөлімшелеріне бас сұғып, онда келушілер мен жүргіншілерді қамтыған еріктілер бұдан бөлек, 200-ден аса тегін бетперде үлестіріп, 300-ге жуық үнпарақ таратты. Альмира Омарова