2024 жылы Жамбыл облысында 9 су қоймасын жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылған
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Ербол Қарашөкеев өңірдегі өзен-көлдердің маңында орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет екенін атап өтті. Аппарат жиынында бірінші болып баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбеков наурыз айында аймақтағы орташа ауа температурасы 1ОС жоғары болады деген болжам айтты. Орынбеков атап өткендей, ақпан айында облыс әкімінің өкіміне сәйкес,аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне ауысқан.
Бұдан өзге, су тасқынының алдын алу үшін «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу барысында 364,7 шақырым канал мен арық, автомобиль және темір жолдардың астындағы 172 су өткізу құрылыстары тазартылған. Жалпы облысы бойынша барлығы 1739 шақырым канал, 1794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді төгілген.
Оның сөзін бөлген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халықты қауіптен құлақтандыратын жүйелер жөнінде сұрады. Руслан Орынбековтың айтуынша, аймақтағы елді мекендерде 119 құлақтандыру жүйесі орналасқан. Алайда, облыс бойынша мұндай 573 жергілікті құлақтандыру жүйесі қажет екен. Яғни аймаққа әлі де жүздеген құлақтандыру құрылғысын орнату керек.
Аппарат жиынында сөз алған табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, құлақтандыру қондырғысын орнату тек елді мекен тұрғындарына хабарлама тарату үшін қажет екендігі анықталған.
Осы ретте, Ербол Қарашөкеев жаңадан салынатын 6 кіші, 3 ірі су қоймасының құрылысын жоспарлау барысында қажетті құрыл-жабдықтарды қалыс қалдырмай, қамту керектігін ескертті.