24 млрд теңге шығынды өлгенше өтей алмаспын - Тараз трагедиясы үшін сотталған сарбаздың әкесі
Сот Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайды мемлекетке 24 млрд теңге шығын өтеуге міндеттеген
Тараз маңындағы әскери қоймаларда болған жарылыстарға қатысты сот үкімінің кезекті апелляциялық шағымы Шымкент қаласында қаралды. Тараз трагедиясына кінәлі деп танылғандардың бәрі алғашқы отырыстан бері сот шешімімен келіспей келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Бұған дейін ҚР Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы елордада қаралуы тиіс апелляциялық шағымдарды қабылдаған болатын.
Алайда интернет байланысының нашарлығынан және куәгерлер мен жәбірленушілердің басым бөлігі сот отырыстарына қатыса алмағандықтан, апелляциялық шағымдар Шымкент сотының қарауына жіберілген болатын.
Соттың алғашқы отырысына сотталғандардан бөлек, 2021 жылғы 26 тамызда төтенше жағдай орын алған Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан Қорғаныс министрлігіне қарасты №28349 әскери бөлімінің офицерлері де қатысты. Естеріңізге салсақ, сол кездегі қайғылы оқиға салдарынан 18 адам көз жұмған болатын.
Осыған қатысты 9 жылға бас бостандығынан айырылып, 24 миллиард 583 миллион теңге көлемінде шығын өтеуі тиіс жедел әскери қызмет сарбаздары Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайды адвокат Сағадат Әмре мен Абзал Өміралин қорғап жатыр.
Сондай-ақ, оқиға кезінде әскери бөлім командирі міндетін атқарушы Аслан Бақытжанов пен оның орынбасары болған Руслан Несіпқалиев та қорғаушы көмегіне сүйенді. Кезінде қызметтік міндеттерін салғырт орындағаны үшін кінәлі деп танылған қос сарбаз белгіленген мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Алайда олар бұл оқиғаға қатысты өздерінің кінәсіздігін мойындату үшін аппеляциялық шағым түсірген.
Кешегі өткен сот отырысында бірінші боп сөз алған Сағадат Әмре алғашқы инстанцияның үкіміне қатысты апелляциялық шағымды екі сағат оқыды.
“Мен айыптау қорытындысында көрсетілген деректерді жоққа шығаратын дәлелдемелер ұсындым. Сот сараптамасы барысында Тұранов пен Әшірбайға тағылған кінәнің орынсыз екені дәлелденді. Айыптау қорытындысында Тұрановтың әлдебір шүберекті жанармайға малып, бір жерден сіріңке алып, өртеп жібергені айтылған. Бірақ бұл жалған мәлімет, мұны басқа куәгерлердің де айғақтары растайды. Трактордың есігі құлыптаулы болғандықтан, оның шүберекті алуы мүмкін емес еді. Оның үстіне, тракторшының айтуынша, онда жанармай да, сіріңке де болмаған», - дейді Сағадат Әмре апелляциялық алқаның бірінші отырысында.
Қорғаушы Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайға тағылған бүкіл айып, олардың бұрынғы қызметтесі Қалдарбектің қисынсыз айғақтары негізінде жасалған. Ол қос сарбазды өртке оранған қойманың жанында көргенін мәлімдеген.
Бірақ Қалдарбектің айғағы бірнеше куәгердің айтқандарына қайшы келеді. Мәселен, осы бөлімшеде қызмет еткен екі офицер жауап алу кезінде Қалдарбек көрсеткен жерден қойма маңында тұрған адамның көрінбейтінін хабарлады. Жалпы, бұл іс бойынша күдікті жайттар мен айла-шарғылар өте көп. Өйткені бір адамның берген айғағы көптеген куәгердің берген жауабымен сәйкес келмейді. Соған қарамастан, сот мұны ескерусіз қалдырды.
Қорғаушы сотқа дейінгі тергеу істері процессуалдық заң бұзушылықпен жүргізілді деп есептейді. Алайда соттың алғашқы инстанциясында бұған еш мән берілмеген. Оның айтуынша, бірінші кезекте процессуалдық және Конституция нормалары бұзылған. Сағадат Әмре айыпталған қос сарбаздың еш кінәсіздігіне 100 пайыз сенімді екенін және оны дәлелдеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.
Заңгер Абзал Өміралин де бұл пікірді қолдап отыр.
“Сот Қалдарбектің жалған айғақтары негізінде Тұранов пен Әшірбайға айып таққанымен, олардың бұл іске қатысты екеніне ешбір дәлел жоқ. Әшірбай өз кінәсін жоққа шығарған. Қылмыстың беті ашылмаған соң, сот Тұрановты күштеп мойындатқызған. Алайда айғақтардың жалған екені тергеу сараптама жұмыстары кезінде айқын болды. Тұранов жанып жатқан шүберекті қоймс ішіне өз бойымен тұстас терезеден лақтырғанын айтқан. Ал шын мәнінде оның биіктігі тізенің деңгейінде еді”,- дейді Абзал Өміралин.
Ерболат Тұрановтың анасы Жанар Хадырова бастапқыда сарбаздарға бар кінәні офицерлерге жабу керектігі айтылған. Бірақ олар одан бас тартқан.
- Осыдан кейін олардың өздеріне кінә тағып, Тараздағы уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеуші ұлыма кінәні мойындамасаң, бар шығынды әке-шешеңе жүктейміз деп қорқытты. Ал егер кінәні мойындаса, шартты түрде жаза алатынын айтты. Олар баламның офицерге жала жабуын талап етті, бірақ ол одан бас тартты. Ол бізді құтқарамын деп ойлады. Өзін оқиғаның құрбан еткенімен, ешкімге жалған айып таққан жоқ», – дейді Жанар Хадырова.
Ерболатқа ауыр қылмыс жасады деген айып тағылған соң, отбасының мазасы кетті.
“Сарбаздардың еш кінәсі жоқ. Олар оқиға орнында командирлерінің бұйрығына сай болған. Мен аппеляция процесінің әділ өтуін және балаларымыздың ақталып шығуын талап етемін. Олай болмаса, халықаралық сотқа шағымданамын. Егер ұлым сержант, немесе офицер болса үндемес едім, өйткені офицерлердің өзіне жүктеген міндеті бар. Ал дәл мына жағдайда бүкіл кінәні қатардағы жәй ғана сарбаздарға асып қойған, - дейді ашуын жасырмаған Ерболаттың әкесі Ержан Мұратов.
Үш баланың әкесі соттың алғашқы инстанциясында белгіленген 25 миллиард теңгеге жуық шығынды өтеуге шамасы келмейтінін айтты.
“Біз қолда барымызды сатсақ та, мұны төлей алмаймыз. Балам өмірінің соңына дейін мұнша ақшадан құтылуға шамасы жетпес», - дейді Ержан Мұратов.