«68 миллион теңге берілді»: Жамбылда үздік мектеп анықталды
Бүгін облыста «Тамыз» конференциясы өтті
Жамбылда «орта білім беретін үздік ұйым» анықталып, облыс әкімі оқу ұясына 68 миллион теңгенің сертификатын берді. Атаулы грантты Меркі ауданындағы Т. Қожекеев атындағы №39 мектеп гиназиясы жеңіп алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін Жамбылда «Тамыз» конференциясы өтті. Шараға арнайы келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдымен қалалық білім бөлімінің алдағы жоспарларын тыңдап, дарынды оқушылардың өнертабысын тамашалауға да уақыт бөлді. Түрлі салаға тың серпіліс беретін жобалармен танысқан аймақ басшысы оқушылардың жұмысын оң бағалап, сәттілік тіледі.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының көрме павильонында өткен кеңеске облыс әкімінен бастап, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы, сондай-ақ ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің басшылары және басқа да тұлғалар қатысты. Сонымен қатар, облыстағы 20 мыңнан астам педагог білім басқармасының Фейсбук парақшасында тікелей көрсетілім арқылы қосылды.
Пленарлық отырыс Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының арнайы бейне құттықтауымен ашылды. Бұдан соң, облыстың білім беру жүйесінің дамуы туралы және өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы білім басқармасының басшысы баян етті.
Бұдан соң бірқатар мамандар баяндама жасады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өңірде білім саласына айрықша назар аударылатындығын айтып, биыл білім саласына 319,2 млрд теңге бөлінгендігін жеткізді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады.
Сонымен қатар, кеңес барысында бірқатар сала қызметкерлері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан педагогтер марапатталды. Ал, «Орта білім беретін үздік ұйым-2024» грантының иегері ретінде Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясына 68 млн теңгенің сертификаты тапсырылды.