72 жастағы қарт қауіпті дертті жеңіп шықты
72 жастағы қарт қауіпті дертті жеңіп шықты
Тараз қаласының 72 жастағы тұрғыны Қаратау қаласында тұратын ұлына қонаққа келген. Коронавирус инфекциясының белгілері бірер күннен соң-ақ айқын біліне бастайды. Дене қызуы жоғары көтеріліп, тамаққа тәбеті болмай, әлсізденіп жағдайы нашарлай берген.
Науқас Талас аудандық орталық ауруханасының провизорлық стационарына шұғыл түрде жатқызылады. Онымен қоса, пациенттің қант диабеті, артериялық гипертензия, панкреатит сынды қосалқы созылмалы аурулары болған. Жүргізілген емнен соң да денсаулығы жақсармағандықтан, ақыры жансақтау бөліміне ауыстырылады.
Дәрігерлердің оперативтік емінің арқасында және кешенді медициналық іс-шаралардың дер кезінде жасалғандығы, ауруханадағы ерекше күтіммен сапалы дәрі-дәрмектің арқасында біраз уақыттан соң қария жазылып шығады.
«Ауруханадағы карантиндік жағдайды есіме алсам, үрейленген сәттерім есіме түседі. Жан-жағы жабық төрт қабырғаның ішінде жату қиын болды. Бұл жағдайды бастан өткізбей, ешкім түсіне алмайды. Аурудың бар екеніне сенбей жүрген азаматтарға айтарым: салғырттық танытпаңыздар. Өзіңізді ойламасаңыз да, басқаларға зияндарыңыз тимесін. Мен көрген қиындықты ешкімнің басына салмасын деп тілеймін. Ең маңыздысы – бетперде тағып жүру керек. Өзімнің атымнан барлық дәрігерлер мен мейірбекелерге, шексіз ризашылығым мен алғыс білдіремін»- дейді С.Бакеева.
Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы таралуының алдын-алу және оған жол бермеу - барша адамзаттың міндеті. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындардың бұрыңғыдай алаңсыз жүруіне болмайды. Коронавирустың белгісі қарапайым тұмау сияқты болғандықтан, алғашында білінбеуі мүмкін. Бірақ, бұл – өте қауіпті инфекция екендігін ұмытпаған жөн.