839 “резеңке пәтер” анықталды: Жамбылда көші-қон заңнамасын бұзғандар жауапқа тартылды
Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жамбыл облысында көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Негізгі назар бір тұрғын үйге ондаған, тіпті жүздеген адамның ресми түрде тіркеліп, алайда іс жүзінде тұрмайтын, халық арасында "резеңке пәтерлер" деп аталатын мекенжайларға аударылды. Бұл құбылыс көші-қон саласындағы тәртіпті әлсіретіп, есеп жүйесінің нақтылығына кері әсерін тигізетіні белгілі.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде Қазақстан Республикасының 653 азаматы мен ТМД елдерінің 26 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер жалған тіркеу белгілері бар 839 мекенжайды анықтап, онда жалпы саны 16 306 адамның тіркеуде тұрғанын белгілі етті. Аталған азаматтардың бір бөлігі бұл мекенжайларда ешқашан тұрмағаны анықталды.
Сонымен қатар азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркеуге жол берген 82 адам жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек тіркелді. Тағы 143 адамның жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тіркеусіз өмір сүргені белгілі болды.
Тексеру барысында тұрғын үй иелерінің жауапкершілігіне де ерекше мән берілді. Өз үйінде іс жүзінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергені үшін 47 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын тұлғаларды тіркеуден шығару бойынша тиісті шараларды қабылдамаған. Бұл бағыттағы жұмыстар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көші-қон үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.