«Қаңқасы ғана тұрған жоқ па». Ербол Қарашөкеев төтенше жағдайға арналған көліктердің дайындығын тексеруді тапсырды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аппарат жиынында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқановқа табиғи ресурстар басқармасының теңгеріміндегі көліктердің жай-күйін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Аппарат жиналысында Ербол Қарашөкеев өрт жағдайына дайындық жөнінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың баяндамасын тыңдады. Жауаптының сөзінше, сала мамандары мен арнайы техникалар толық дайын. Бірақ, облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментінің бастығына көліктердің қазіргі жай-күйін көріп, дайындығын қайта тексеруді тапсырды.
Осыдан кейін аймақ басшысы таулы аумақта орналасқан аудандардың әкімдеріне төтенше жағдайға жауапты орынбасарларын тауға аттандыруға пәрмен берді. Өйткені, бүгін облыста ауа-райы қолайсыз. Нөсер жауын төпеп тұр. Сондықтан Ербол Қарашөкеев таулы аумақтағы ауылдардағы жағдайды назарда ұстау керектігін ескертіп, әкімдерге ондағы жағдай бойынша күнделікті есеп беруді міндеттеді.