жексенбі, 7 шілде, 2024 16:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аққұмдықтардың тартуы

Аққұмдықтардың тартуы
ашық дереккөзі
Аққұмдықтардың тартуы

Өмірден көргенін кейінгілерге өсиеттеп кеткен бабалардан қалған «Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» деген қанатты сөз бар. Бір ауыл бірігіп, орталарында үй-күйсіз жүрген отбасыға асарлатып, еңселі де кең баспана салып бергенін көріп, жақсылықты жариялап, абыройын асыруға асықтық.

Талас ауданының Аққұм ауылының азаматтары асарлатып қос үй салды. Қайырымды істі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген белгілі ақын Олжас Отар асарлатып салынған екі үйдің біреуі «Тұңғатар» мешітінің жанынан бой көтерген қызметтік үй екенін алға тартты. Яғни, бұл баспана діни сауат ашу бағытында қызмет етпек.

– Бұл үйді мүфтияттың құзыретіне береміз. Бүгінде діни білімсіздіктің салдарынан небір қателіктердің орын алып жатқанын көріп жүрміз. Дін – адам жүрегіндегі наным. Ол біліммен келмесе, ауыр қателікке ұрындыратыны белгілі. «Дін – ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген. Сондықтан да діни сауат ашудың маңызы зор. Сол себепті де біз Отаровтар әулеті мешіт жанындағы қызметтік үйді өзіміз салдық. Әрине, ауыл азаматтары да көмегін берді. Ал екінші үй ауыл тұрғындарының өз күшімен асарлатып салынған. Ол ауылымыздағы 4 балалы, зайыбы өмірден өткен Қанат Тәкиев есімді азаматқа берілгелі отыр. Өзінен кейінгі екі бауырын да бағып-қағып, жетілдірді. Сол екі інісінің біреуі де балалы-шағалы. Яғни бір үйдің адамдары осы кезге дейін баспанасыз жүрді. Бұған бей-жай қарай алмаған аққұмдықтар бірлесіп, берекелі іс атқарып жатыр, – дейді О.Отар.

Халқымыздың ертеден қалыптасқан жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, ауылдастың бәрін «бауырым» деп қабылдаған болмысы бүгін де жалғасын тапқаны қуантады. Асар да сауапты садақаның бірі. Ал садақа беру – қауіп-қатерден қорғап, ырзықты арттыратынын өмір өзі көрсетіп те жүр. Көптің алғысына бөлейтін салтымыздың бірі асарды қайта қолға алып, сол арқылы үйсіз жүрген ауылдасқа баспана бақытын сыйлауды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та еске салған болатын. Әкімнің тапсырмасымен облысымызда біраз жан баспанаға қол жеткізді. Міне, аққұмдықтардың асарлатуымен бой көтерген үйлер сол игіліктің қатарын толықтырды. Ләйім, жақсылық жалғаса берсін!

  Қамар Қарасаева,

Талас ауданы

 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар