Жамбыл жаңалықтар

Аққұмдықтардың тартуы

Аққұмдықтардың тартуы

Өмірден көргенін кейінгілерге өсиеттеп кеткен бабалардан қалған «Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр» деген қанатты сөз бар. Бір ауыл бірігіп, орталарында үй-күйсіз жүрген отбасыға асарлатып, еңселі де кең баспана салып бергенін көріп, жақсылықты жариялап, абыройын асыруға асықтық.

Талас ауданының Аққұм ауылының азаматтары асарлатып қос үй салды. Қайырымды істі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген белгілі ақын Олжас Отар асарлатып салынған екі үйдің біреуі «Тұңғатар» мешітінің жанынан бой көтерген қызметтік үй екенін алға тартты. Яғни, бұл баспана діни сауат ашу бағытында қызмет етпек.

Халқымыздың ертеден қалыптасқан жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, ауылдастың бәрін «бауырым» деп қабылдаған болмысы бүгін де жалғасын тапқаны қуантады. Асар да сауапты садақаның бірі. Ал садақа беру – қауіп-қатерден қорғап, ырзықты арттыратынын өмір өзі көрсетіп те жүр. Көптің алғысына бөлейтін салтымыздың бірі асарды қайта қолға алып, сол арқылы үйсіз жүрген ауылдасқа баспана бақытын сыйлауды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та еске салған болатын. Әкімнің тапсырмасымен облысымызда біраз жан баспанаға қол жеткізді. Міне, аққұмдықтардың асарлатуымен бой көтерген үйлер сол игіліктің қатарын толықтырды. Ләйім, жақсылық жалғаса берсін!

  Қамар Қарасаева,

Талас ауданы