дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Ақша-несие саясатын» әр қазақстандық жетік білуі тиіс". Жамбылдықтардың да бұл мәселеге қатысты айтары бар

«Ақша-несие саясатын» әр қазақстандық жетік білуі тиіс". Жамбылдықтардың да бұл мәселеге қатысты айтары бар
фото - ашық дереккөзден
Президент Қ.Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою мәселесіне толығырақ тоқталып, өзінің тапсырмалары мен ұсыныстарын жария еткен болатын. Жолдауда айтылғандардың мақсат-мүддесін анығырақ түсіндіру үшін экономика ғылымдарының кандидаты, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті Мұрат Жұмаділдаевтың пікірін сұрадық, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Президент Жолдауда экономиканың нақты секторларына тоқталып, бүгінде несиенің жеткілікті түрде берілмей жатқанын айтты. Әсіресе, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі шешімін таппауының салдарынан олардың даму қарқыны тиісті деңгейде емес. Экономика ғылымдарының кандидаты Мұрат Жұмаділдаевтың айтуынша, еліміздің әлеуетін сипаттайтын көрсеткіштегі – жалпы ішкі өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі бүгінде 33,5 пайызды құрайды. Ал, экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Германияда бұл көрсеткіш 80 пайызды құраса, Жапонияда 90 пайыз.
– Несиелердің нақты секторға ойдағыдай қолжетімді болмауы еліміздің экономикасының тұрақтылығына, дәйекті дамуына кедергі келтіріп отырғанын Президент те атап өтті. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық Банкке бірлесіп, осыған байланысты тиісті шешім қабылдап, оларды жүзеге асыруды тапсырды. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау керектігі де назардан тыс қалмады. Мемлекет тарапынан банктерге көмектер әр кезде тиісті дәрежеде көрсетілуде. Сондай-ақ, Президент қазақ банктерін халықаралық сарапшылар ресурсқа бай елдердің арасында ең көп пайда табатын банктер санатына қосатынын айта келе, осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленіп, банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі тиіс екендігін айтты. Банктердің қазіргі қолданып жүрген заңы осыдан 30 жылдан бұрын қабылданған. Оның ережелері банктердің бүгінгі күннің талабына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмай отыр.Сондықтан, еліміздің экономикасының дамуын қамтамасыз ететін жаңа заң қабылдау керек екенін атап өтті. Бүгінде бюджет қаражаттарының аса шұғыл емес шараларға жұмсалуы орын алып жатқандығы айтылды. Сондықтан, бюджет қаражаттарын жоспарлауда және олардың жұмсалуын еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалануын қамтамасыз ету тапсырылды, – дейді экономист Мұрат Жұмаділдаев.
Жолдауда жаңа салық кодексін әзірлеуде асығыстыққа жол бермей, жан-жақты талқылау жүргізудің маңыздылығы да ескерілді. Біріншіден, салық ережелерінің жеке және заңды тұлғаларға, азаматтардың бәріне түсінікті болуын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінді. Мысалы, бүгінде салық кодексінің ережелерін салық қызметкерлерінің өздері толық игермеуінің салдарынан кәсіпкерлердің салықтары артық есептеліп, төленетін фактілері де орын алып, оларды сот шешімімен болашақ салықтардың есебіне жатқызу жағдайлары баршылық. 
– Жолдауда еліміздің ауыл шаруашылығы басты назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту өте маңызды екені айтылды.. Бүгінде АӨК-ке бөлінетін қаржының 70 пайызы мемлекеттің қаржысы болып есептеледі. Сондықтан, бұл салаға коммерциялық банктердің, жеке инвесторлардың қаражатын тарту керек екені ескертілді. Осы саланы тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу аса маңызды міндет екенін атап көрсетті Президент. Себебі, АӨК-ке бөлінген субсидиялардың талан-таражға түсуі көптеп кездесуде. Бүгінде елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 29,2 пайызы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының үлесіне тиесілі болып, жеке кәсіпкерлердің үлесі 32,8 пайызды, ал халық шаруашылығы үлесі 38 пайызды құрады. Статистика мәліметтері бойынша өсімдік шаруашылығы өнімінің 20,8 пайызы, ал мал шаруашылығы өнімдерінің 65,4 пайызы жұртшылық шаруашылығының үлесіне тиесілі болған. Бұл дегеніміз, мал шаруашылығы өнімдері негізінен халықтың жеке қосалқы шаруашылықтары есебінен өндірілген болып табылады. Бұл мәліметтер ауыл шаруашылығындағы құрылымдарда шағын, орта кәсіпкерліктің басымдығын және олардың өнім өндірудегі әлеуетінің тиісті дәрежеде еместігін көрсетеді.Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі жолы – ауылшаруашылық құрылымдарын ірілендіру. Оларды ірілендіруде шағын құрылымдардың ауылшаруашылық кооперацияларына бірігуге ынталандырудың мәні зор. Мысалы, кооперативтердің нарықтағы үлесі Нидерландыда 83 пайыз, Финляндияда 80 пайыз, Италияда 55 және Еуропалық одақта фермерлік шаруашылықтардың орта есеппен 57 пайызы кооперативтердің мүшесі болып табылады. Яғни, бізге де ауыл шаруашылығын дамытып, елімізді азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етудің негізгі жолдарының бірі ретінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кооперативтерге біріктіру шараларын бірінші кезекте жүзеге асыру қажет, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Мұрат Жұмаділдаев.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытумен ел экономикасын ілгерілетудің бір тетігі ретінде әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажеттігін айтқан еді. Осындай жоба Amanat партиясының бастамасымен Меркі ауданында жүзеге асқанын атап өткен. Осы тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды тапсырған Президент елдің әлеуетін көтеру үшін еңбектегі білгірлікті арттыру керегін ескертті. Ауыл шаруашылығы табыс көзі болуымен қатар, денсаулықты сақтаудың кепілі болатынын  ұмытпайық.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар