Жамбыл жаңалықтар

Ақыртастан Айша бибіге дейін...

Ақыртастан Айша бибіге дейін...

Туризм – қашанда табыс  көзі. Облысымыздың тарихи жерлеріне туристер ағылып жатса бұл өңір экономикасы үшін барлық жағынан тиімді екені белгілі. Ал, Жамбыл облысында қонақтарға ұялмай көрсететін тарихи жерлер аз емес. Бұл мәселеге «Қазақтуризм»  Ұлттық компаниясы да арнайы көңіл бөліп келеді.

Осы аптада «Қазақтуризм» Ұлттық компаниясы ұйымдастырған «Керуен» экспедициясы өңіріміздегі саяхаттарын Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақыртас» тарихи кешенінен бастап, сәрсенбі күні Таразға табан тіреді. Тарихи  Жібек жолы бойымен жүріп келе жатқан экспедиция туристік нүктелерді белгілеуді, барша туристер үшін маңызды жобаларды назарға алуды көздейді. Тараз туристік ақпаратық орталығының жетекшісі Бауыржан Мөрбековтің айтуынша мұндай саяхаттар өңір туризмі үшін тиімді, көне тарихымызды насихаттауға таптырмайтын мүмкіндік.

Тараздықтар «Қазақтуризм» Ұлттық компаниясы туристік өнімдерді дамыту департаментінің директоры Даниель Сержанұлы бастап келген «Керуен» экспедициясын «Көне Тараз» этно - мәдени кешенінде қарсы алды. Экспедиция өкілдері «Сағат» стелласын, «Қолөнер және туризм» орталығын аралап, біраз қызықты мәліметтерден хабардар болды.

  Есет ДОСАЛЫ