дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 8:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Адал еңбек абыройға бөлейді

Адал еңбек абыройға бөлейді
фото - ашық дереккөзден
Жамбылдық Саят Батырбаев отбасылық бизнесті қолға алған 2006 жылдан бері шаруашылығын үнемі дамытып, жетілдіру үстінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды, – деген еді. Жамбыл жерінде де адал еңбек етіп, көпке үлгі болып жүрген  жандар аз емес, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Ауылшаруашылығы экономикамыздың маңызды саласы екендігі белгілі.  Соның ішінде малшаруашылығының алатын орны зор. Бейнеті шаш етектен келетін кәсіпті қорықпай бастап, бүгінде аяғынан тік тұрғызған шаруаның бірі – «Батырбаев С» шаруа қожалығы. Қожалық  жетекшісі Саят Батырбаев отбасылық бизнесті қолға алған 2006 жылдан бері шаруашылығын үнемі дамытып, жетілдіру үстінде. 
«Жыртық үйдің  Құдайы бар» демекші, кейінгі жылдарда ауылшаруашылығын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар өз жемісін беріп келеді. Соның ішінде қожалық «Сыбаға» бағдарламасының арқасында мал басын көбейтіп, сүт және ет бағытында жұмыс істеуде.  
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылшаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріп отыр ғой. Соның арқасында шаруалар мен шағын және орта кәсіпкерлер несие алып, сүт және ет өндірісін жолға қоюда. Ал мал мен егіншаруашылығын қатар алып жүрген біз сияқты ауылшаруашылығы  құрылымдарына субсидия да қаралған. Сүтке, тыңайтқышқа субсидиялар берілуде.
Оның игілігін ел көруде. Жалпы қандай кәсіп болса да оны бастау оңай шаруа емес. Кеңшардан бөлінген соң қолға тиген азын-аулақ малды бағып,  өз жұмысымызды бастадық. Әрине, бастапқыда түрлі қиындыққа кездестік. Мал өзінен-өзі көбеймейді. Оның жемшөбі, жайы болмаса, күтімі келіспесе, төл ала алмайсың.
Осының барлығын отбасыммен бірге еңсеріп, табандылықтың арқасында қожалықтың жұмысын жолға қойдық.Малды табу оңай, бағу өте қиын. Соның қиындығына төзген, азабына шыдаған адам ғана түптің-түбінде пайдаға кенеледі. Мал өзі мал болмайды. Қазір бұрынғыға қарағанда жағдай түзелді. Көп жұмысты техника атқарады. Бірақ жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген адамға бүгінгі таңда барлық жағдай жасалған. Ең бастысы ынта керек, – дейді Саят Батырбаев.   

Қазір шаруашылықта 70-ке жуық мүйізді ірі қара бар. Оның 20-сы сауынды сиыр. 30 басы бордақы. Қалғаны торпақ. Күнделікті сауылған сүт Б.Момышұлы ауылындағы сыр зауытына өткеріледі. 
– Мал азығын өзіміздің егіс алқаптарынан дайындаудамыз. Мал азығы үшін жалпы отыз гектарға арпа, бидай сепкен болатынбыз. Өнімін алдағы уақытта жинап, жем етіп тартып алуды ойластырудамыз. Ал 54 гектарға орналастырылған жоңышқалықтан мая тұрғызып, сүрлем дайындап жатырмыз.
Мемлекет басшысының  Жолдауда айтқан «Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз» деген сөзінен бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Әсіресе кәсібін жаңа бастаған жастарға қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетуі қолдау емей немене? Олай болса, ел жастары Үкімет қолдап тұрғанда бизнеске қорықпай кіріскендері абзал. Біз де мемлекеттің қолдауының, шаруаларға арнаған арнайы бағдарламалардың арқасында төмен пайызбен несие алып, шаруамызды дөңгелетіп отырмыз. Шыны сол, мемлекеттің қолдауымен қора салдық, мал алдық. Енді міне, біз де өңірдегі экономиканың артуына, облыстағы азық-түлік бағасының тұрақтануына, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлесімізді қосып келеміз, – дейді фермер.

Қандай іс болса да қалыптасқан нормасы, жоспары, ішкі тәртібі болады. Қожалық үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың әрбірі өз жұмысына жауапты. Жалпы қожалықта бордақыға қойылатын ірі қараның салмағынан бастап, жасына дейін қатаң бақылауға алынған. Негізінен бұқалар бір жарым жастан бордақылау алаңына кіргізіледі. Оған дейінгілері өсу үшін жайылымға жіберіледі. Ірі қаралар төрт айға дейін арнайы күтімде болады.
Олардың тірі салмағы үш жүз килограмды тартқанда етке өткізіледі.Сүт және ет бағытында жұмыс істеп отырған қожалықтың алға қойған мақсаттары да көп. Соның бірі – сүт бағытында асылтұқымды шаруа қожалығын құру. Оған дайындықты қазірден бастап кеткен. Өткен жылы сауын фермасын салған болатын. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысып, несие алып, мал басын арттырып, сүт өндірісін дамыта түсуді қолға алмақ ниетте. 
«Еңбектің наны тәтті» демекші, бүгінде еңбегі ескерусіз емес. Аудан жұртын етпен қамтып отыр. Сонымен қатар өнімін Тараз қаласына да шығаруда. Осылайша тірлігін тіктеп, табыс тайқазанын тасытып отырған жайы бар. Бұл – жылдар бойы төккен тердің, талай жылғы қажырлы еңбектің ақталғаны.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар