Адам құқығы қылмыстық-атқару жүйесінде қатаң сақталуға тиіс
Адам құқығы қылмыстық-атқару жүйесінде қатаң сақталуға тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты өткен жылғы Жолдауында азаптаумен күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігі мен маңыздылығын жойған жоқ. Өйткені елімізде азаптау, ар-намысты аяққа таптау кең сипат алмаса да әлі күнге өзектілігін жоймай келе жатқан мәселе. Қазіргі таңда адам құқықтарын қамтамасыз ету және азаптаулардың алдын алу құқық қорғау органдарының басым бағыттары болып табылады. Ал негізінде құқықтық мемлекетте азаптау деректері мүлде болмауы тиіс. Азаптаудың ең жиі анықталатын орны – түзеу мекемелері. Сол себепті де қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарына ерекше назар аударылып отыр. Осыған орай, өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде өткен жиын барысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Әділет подполковниктері Дидар Рысбеков пен Айгүл Танашева ҚАЖ қызметкерлері азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттерге жол бермеу қажеттігін баса айтты. Спикерлер өз сөздерінде еліміздің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен адвокаттар бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Жиын соңында кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан озық тәжірибелердің басты көздегені – азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын азайту екені де кеңінен айтылды.