сенбі, 28 желтоқсан, 2024 21:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қала баласының қуанышы

Қала баласының қуанышы
ашық дереккөзі
Қала баласының қуанышы

Балауса балалық шақ – қайталанбас адам ғұмырының жалғасы. Өмір өзенінің бастау бұлағы, тіршіліктің жайқалған жасыл құрағы, әр шаңырақтың шуағы, арман мен үміттің сыңары, сенім мен аманаттың аяулы шырағы да бала. Қазіргі таңда еңселі елімізде, өңірімізде де іске асып жатқан ілкімді шаруалардың барлығы да осынау өскелең ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асуда. Соның тамшыдай болса да бір көрінісі деп Тараз қаласындағы балалардың ойын алаңдарын айтуға болады.

Расында күн өткен сайын ажары артқан көне шаһар көпшіліктің көз қуанышына айналып келеді. Қаланың келбетті кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандары, дәуірлердің өрнегімен дәріптелген тарихи орындары, Табиғат-Ана сұлулығының галереясына айналған саябақтары, самсаған субұрқақтары тараздықтарды ғана емес, қала қонақтарын да тамсандыруда. Ең қуаныштысы шаһар шырайын арттыруға бағытталған шаруалар тек орталықта, көпшіліктің көз алдындағы орындарда ғана емес, мөлтек аудандарда жүзеге асуда. Қазір әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына балалардың ойын алаңшалары орнатылуда. Өз кезегінде бұл тұрғындардың, әсіресе ғаламторға жіпсіз байланған қаладағы ойын балаларының риясыз қуанышына айналып отыр. – «Балалы үй – базар» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Қазір әрбір он үйдің сегізінде бала бар. Өзіміздің балалық шағымыз кең дала, таза ауада, қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдық жерде өтті. Ұл-қыздарымыз өсіп, қалаға оқуға түсіп, жұмысқа орналасқаннан кейін қазір қала тұрғынына айналдық. Немерелеріме, жалпы қала балаларына жаным ашиды. Төрт қабырғаға қамалып отырады. Күні бойы компьютерден көз алмайды. Ал өсіп келе жатқан ағзаға көп қимылдау аса қажет. Есіктің алдына шығарсаң да олар қызығатын дүниелер аз болатын. Осы тұрғыда үйіміздің ауласына күні кеше ғана жаңадан жасалған балалар алаңшасына шын жүректен риза болдым. Қазір немерелерімді үйге кіргізе алмай жүрмін, – дейді «Астана» мөлтек ауданының тұрғыны, зейнеткер Жамал Әбдірәсілова. Қазіргі таңда қаланың бірқатар шағын аудандарында шаһар бүлдіршіндерінің шаттығын еселеген осындай игі шаруалар атқарылуда. Мердігерлердің жұмыс сапасы облыс әкімінің де басты бақылауында. – Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін балаларымыз үшін ауладағы ескі әткеншектерге алаңдайтынбыз. Олардың барлығы сынып, қирап, әбден тозығы жеткен. Бірер жыл бұрын ескіріп, бір жағы үзіліп кеткен әткеншекті аула балалары айналшықтап жүреді. Айналдырған сол бір әткеншектен басқа ештеңе де жоқ болатын. Биыл осы іске мән берілгені көңіл қуантты, – дейді «Талас» шағын ауданының тұрғыны Серік Шоқалақов. Ел үміт етіп, ұлт сенім артып отырған өскелең ұрпақ үшін жаңа ойын алаңдары естен кетпес тарту болғаны анық. Оның үстіне наурыз айынан бері карантиннен әбден іштері пысып, сабақтарын да үйге оқуға мәжбүр болып отырған балалардың көңілі тасып қалды. – Сыныптастарымның көбі ауылдағы ата-әжелеріне барып, сол жақта атқа мініп, суреттерін жіберіп мақтанады. Ал мені ата-анам жазғы демалыста үнемі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына қыдыртатын. Сондағы туыстарымыздың ауласына қызығатынмын. Биыл жаз бойы үйде болдым. Карантинде үйірмеміз де тоқтап қалды. Есік алдына шығып доп ойнаймыз. Ал үйіміздің алдындағы жалғыз әткеншегі сынық темірге көршілеріміз кілемдерін жайып қояды. Енді өзіміздің жаңа алаңшамыз бар. Барлығы керемет, қатты қуандым. Қазір турникке қатты қызығып жүрмін. Болашақта спортшы болуды армандаймын, – дейді «Алатау» ықшамауданының кішкентай тұрғыны Дастан Қайратұлы.

Нұржан Қадірәлі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар