Қала халқының 70 пайызы іргесіне келіп тұрған суды үйге кіргізбей отыр – Тараз әкімі
- авторjambylinfo.kz
- 21 ақпан, 2024
- 716
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков журналистермен жүздесіп, шаһардың бас жоспары, сан-саладағы мәселелердің оң шешімі, былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен биылғы бағыт-бағдары туралы баяндады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Алдымен қала әкімі осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған БАҚ өкілдерімен бас қосу үрдіске айналғанын атап өтіп, алғашқы кездесуде талқыланған мәселелердің қалай шешіліп жатқанына кеңінен тоқталды.
"Негізі, әлеуметтің әлеуетін жақсарту үшін өндіріс көбею керек. Былтыр өнеркәсіп көлемінің жоспары 453,6 миллиард теңге болса, нақты орындалғаны 462,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш қаламыздағы негізгі ірі кәсіпорындарының есебінен орындалды. Ал биыл өнеркәсіп көлемін 483,0 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Тараз» индустриалды аймағында 2024-2026 жылдары жеке инвесторлар тарапынан құны 82,1 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің жоспары 162,1 миллиард теңге болса, 164,6 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткішті 2024 жылдың қорытындысымен 242,9 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделген. 2024 жылғы көрсеткішті орындау мақсатында арнайы алгоритм әзірленді. Ірі жаңа инвестициялық жобаларды іске қосып, «Тараз» индустриалды аймағындағы жобалардың есебінен орындаймыз", - деген қала әкімі облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы саласын да атап өтті.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылық саласында өнім көлемін былтыр 14,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты орындалғаны 16,3 миллиард теңгені құраған. Ал 2024 жылы 17,4 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Бұл межеге жету үшін жыл соңына дейін құны 3,1 миллиард теңге болатын 12 жоба іске асырылмақ.
Ал құрылыс саласында пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы ауданын биылғы жылдың қорытындысымен 372,7 мың шаршы метрге дейін көбейтіп, 2500 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жиында тұрғын үйлердің сыртқы сәулеттік келбетін, ішкі жылу жүйелерін жақсартуға бағытталған жоспарлар да айтылды. Білім, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту, көшелерді жөндеу, шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, талдарды күтіп-баптау секілді сан-саладағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
«Су жүйесі тартылғаннан кейін тұрғындар «ТаразСу» мекемесімен келісім шарт жасауы тиіс. Бірақ бұл мәселеге тұрғындарымыз көбіне немқұрайлы қарайды. Бізде қазір 7256 үйге су беру мүмкіндігі бар. Соның жетпіс пайызы қазір тұрғындардың тиісті абоненттік жұмыстарды атқармауынан суға қосыла алмай отыр. Ал тұтынушы аз болғандықтан су айналымы төмен болады, құбырда қалған су қыста қатады, ол судың сапасына да әсер етеді. Сондықтан тұрғындарға мәселені түбегейлі түсіндіру жұмыстарына сіздердің де көмектеріңіз керек», —деді қала басшысы.
Яғни іргесіне келіп тұрған суды үйге кіргізуге құлықсыздық танытқан тұрғындар құдықтың суын пайдаланып, салдарынан басқа тұрғындардың суға мұқтаждығы мұңға айналған. Сол секілді ағын су, каналдардың жағдайы да сөз болды.
Басқосу барысында БАҚ өкілдері қала әкімдігіне қарасты салалық қызметкерлердің ақпарат беруге ашықтығы ақсап тұрғанын, олардың біліктілігін, сол секілді жаяу жүргіншілер жүретін жолдарда жарық жоқ екенін, жол қауіпсіздігі, қала мәдениеті, баспасөзге жазылу секілді жан-жақты мәселелер көтеріп, ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Өз кезегінде қала әкімі су, жол, қоғамдық көлік секілді ең алдымен елге шынайы қажеттіліктер қамтылатынын, содан кейін барып туристерді тарту, демалыс орындарын салу секілді шаруалар атқарылатынын жеткізді. Сөз арасында қалада әлі 550 көшеге асфальт төселмегенін, осы мәселені кезең-кезегімен шешу жоспарланғанын айтты.
Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қала ішінде көлік жылдамдығын қазіргіден де төмендету жоспарланып отырғанын алға тартты.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Алматыда тағы да жер сілкінді
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024