Қала халқының 70 пайызы іргесіне келіп тұрған суды үйге кіргізбей отыр – Тараз әкімі
Тараз әкімі бұл мәселені шешпесе қала халқын сапалы ауыз сумен қамту қиындайды дейді
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков журналистермен жүздесіп, шаһардың бас жоспары, сан-саладағы мәселелердің оң шешімі, былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен биылғы бағыт-бағдары туралы баяндады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Алдымен қала әкімі осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған БАҚ өкілдерімен бас қосу үрдіске айналғанын атап өтіп, алғашқы кездесуде талқыланған мәселелердің қалай шешіліп жатқанына кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылық саласында өнім көлемін былтыр 14,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты орындалғаны 16,3 миллиард теңгені құраған. Ал 2024 жылы 17,4 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Бұл межеге жету үшін жыл соңына дейін құны 3,1 миллиард теңге болатын 12 жоба іске асырылмақ.
Ал құрылыс саласында пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы ауданын биылғы жылдың қорытындысымен 372,7 мың шаршы метрге дейін көбейтіп, 2500 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жиында тұрғын үйлердің сыртқы сәулеттік келбетін, ішкі жылу жүйелерін жақсартуға бағытталған жоспарлар да айтылды. Білім, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту, көшелерді жөндеу, шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, талдарды күтіп-баптау секілді сан-саладағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
Яғни іргесіне келіп тұрған суды үйге кіргізуге құлықсыздық танытқан тұрғындар құдықтың суын пайдаланып, салдарынан басқа тұрғындардың суға мұқтаждығы мұңға айналған. Сол секілді ағын су, каналдардың жағдайы да сөз болды.
Басқосу барысында БАҚ өкілдері қала әкімдігіне қарасты салалық қызметкерлердің ақпарат беруге ашықтығы ақсап тұрғанын, олардың біліктілігін, сол секілді жаяу жүргіншілер жүретін жолдарда жарық жоқ екенін, жол қауіпсіздігі, қала мәдениеті, баспасөзге жазылу секілді жан-жақты мәселелер көтеріп, ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Өз кезегінде қала әкімі су, жол, қоғамдық көлік секілді ең алдымен елге шынайы қажеттіліктер қамтылатынын, содан кейін барып туристерді тарту, демалыс орындарын салу секілді шаруалар атқарылатынын жеткізді. Сөз арасында қалада әлі 550 көшеге асфальт төселмегенін, осы мәселені кезең-кезегімен шешу жоспарланғанын айтты.
Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қала ішінде көлік жылдамдығын қазіргіден де төмендету жоспарланып отырғанын алға тартты.