жексенбі, 17 қараша, 2024 19:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Алаяқтар айылын жимай тұр

Алаяқтар айылын жимай тұр
ашық дереккөзі
Алаяқтар айылын жимай тұр
Қаржылық алаяқтық бүгінде бүкіл әлемнің бас ауруына айналған. Ақша пайда болғалы алаяқтықтың осы түрі қоса ілесіп, біздің заманға да жетті. Бүгінде қаржылық алаяқтықтың сан түрі бар, тіпті арасында адамның миы жетіп болмайтын схемаларды естігенде екі көзің шарасынан шығып кете жаздайды. Оңай олжамен табысқа кенелгісі келгендер қанша ұсталып жатса да әккі алаяқтар осы қылмысты кәнігі кәсіп қылып алған. Мұндайлар біздің елімізде де толып жатыр. Банк «қызметкерлері» қалай алдайды? Соңғы кездері банк қызметімен байланысты алаяқтық әрекеттер көбейіп кетті. Көбіне ұялы телефоныңызға хабарласып, «Бәленше деген банктенбіз, сіздің атыңыздан дәл қазір үшінші тұлға онлайн несие рәсімдеуге әрекет етті. Сіз оны танисыз ба? Танымасаңыз бізге өтініш қалдырыңыз, ары қарай полицияның айналысуына жолдаймыз» деген сияқты жанашырлық танытады. Дәл осы сияқты «Ішкі істер министрлігінің өкілімін. Сіздің атыңыздан банкке белгісіз біреудің қолымен несие рәсімдеу бойынша өтініш түсіпті, біз осы іспен айналысайық. Келісім бересіз бе?» деп те алдайды. Ең сорақысы осындайларға сеніп, бүкіл мәліметін беріп қойғандар да бар арамызда. Жалпы қаншама адам сан соғып, қаншама алаяқтың ісі әшкере болып, құқық қорғау органдары мен қаржы мамандары қанша ескертіп жатса да тұрғындардың алдануы азаяр емес. Осы ретте оқырмандарымыздың алаяқтарға алданып қалмауы үшін қаперде ұстап жүруге көмегі тиер деп арнайы «Қаржылық сауат» айдарын ашып отырмыз. Алдағы уақытта осы бағыттағы өзге де мәліметтерді, мамандар кеңесін тұрақты беріп отырмақпыз. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайты – Fingramota.kz тілшілері жуырда «Қазақстандық банктердің клиенттері қалайша қаржы алаяқтарының құрбандарына айналады?» деген мәселе төңірегінде «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының сарапшысы Қанат Елшібековтің кеңесін жариялапты. Соны ықшамдап, екшеп, керектілеріне тоқталдық. Банк сарапшысы қаржы алаяқтары әрекетінің үш схемасын келтіріпті. Бірінші схема – «қарсы» кредиттер, «қауіпсіз» шоттар және «ұяшықтар». Тарқатып айтсақ, алаяқ өз құрбанының мобильдік нөміріне банктің, Қазақстан Ұлттық банкінің, полиция немесе прокуратура «қызметкерінің» атынан қоңырау шалады. Қоңырау шалушы сіздің атыңызға кредит алып үлгерген алаяқтардың әрекеттері туралы хабарлайды. Оның күшін жою үшін сізге дереу «қарсы» кредит ресімдеу қажет екенін айтады. Ол үшін банк бөлімшесіне бару немесе дұрысы банктің мобильдік қосымшасына кіріп, жаңа кредит ресімдеп, барлық ақшаны (кредиттік және меншікті қаражатты) өз шоттарыңыздан, соның ішінде депозитте сақталған ақшаны «қауіпсіз» шотқа немесе «сақтандыру ұяшығына» аударуыңыз керектігін айтып, «дұрыс» жолын ұсынады. Естеріңізде болсын, мұндай терминдерді тек алаяқтар ғана қолданады! Екінші схемаға тоқталсақ. Жоғары кіріс алатын ірі компаниялардың жобаларына «инвестициялар» құю. Қазір әлеуметтік желілер ірі жобаларға, банктердің, қайта өңдеуші компаниялардың атынан «ғажайып платформаларға» ақша салу туралы ұсыныс беретін «жалған қаржы компанияларының» жарнамаларына толып кеткен. Міне, осыны пайдаланып, алаяқтар, яғни жалған брокерлер болашақ инвесторларға «байлыққа кенелетін» жоғары кіріс табу көзіне кепілдік беріп, уәде етеді. Үшінші схема – тегін хабарландырулар сайттарындағы жалған ақпарат. Бұл схема бойынша сатушыға сатып алушыдан қоңырау немесе «WhatsApp» арқылы хабарлама түседі. Онда сатып алушы тауарды сатып алуға және ақшаны аударуға келісетіні, бірақ басқа қалада не шетелде екенін айтады. Ал шындығында – бұл сатушылардан тауарды курьерлік қызмет арқылы жеткізу туралы өтініш жасайтын алаяқтар. Содан кейін алаяқ «WhatsApp» арқылы өз құрбанының телефонына сайтқа сілтеме жіберіп, сол сайтта өзінің курьерлік жеткізу үшін төлем жасап қойғанын және тауарды сатып алушыға жеткізу үшін сатушының бар болғаны растауы керек екенін айтады. Сіз оны растаған сәттен бастап қаржыңыздан айырылдым дей беріңіз. Сарапшының алаяқтардың схемаларының түсіндірмесі шамамен осындай. Келесі мақаламызда дәл осы схемаларды толығырақ ашып, тарқатып жазбақпыз. Жаңа агенттіктің қызметі Біз осындай алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін жалпы қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында арнайы жоба бастап отырғанымызды айттық. Әрине, біз бұл саланың кәсіби сарапшысы емеспіз. Сондықтан осы жоба аясында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасымен бірлесіп, алдағы уақытта түрлі материалдар жариялап отыруды қолға алдық. Аталған агенттіктің Тараздағы басқармасының басшысы Дәурен Төлепбергеновпен жолығып, агенттіктің негізгі қызмет бағытымен таныстық және алаяқтарға алданбаудың алғышарттарын да сұрап білдік. – 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қаржы нарығын реттеу, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық сауаттылықты арттыру жұмыстарының барлығын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асырып келген. Президенттің Жарлығына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банктің қызметінен жаңа мемлекеттік мекеме, яғни Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шықты. Сол кезден бастап жоғарыда айтқан қаржылық реттеу функцияларын қазіргі таңда жаңа агенттік атқарады. Еліміздің барлық өңірлеріндегідей біздің облыста да агенттіктің өкілдігі жұмыс істейді. Негізгі жұмыстарының бірі – азаматтардың қаржы мәселесіне қатысты өтініштерін, шағымдарын қарау, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарады. Оның ішінде осы қаржы нарығындағы құралдарға, қаржы өнімдеріне, қаржы қызметтеріне сәйкес жаңалықтарды немесе өзгерістерді (ерекшеліктерді) халыққа ұсынып, жариялап отырады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы билікпен бірлескен меморандумымыз бар. Сол келісімдер негізінде медиа-жоспар бекіткенбіз. Соның аясында біз тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда осы бағыттағы барлық ақпараттарымызды жариялап отырамыз. Атап айтсақ, банктің қызметіне, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына, қаржылық қызметтердің ерекшеліктері жайлы, сақтандыру, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің қызметтеріне қатысты, жалпы осы қаржы нарығындағы барлық қатысушылардың қызметтеріне қатысты түсіндірме-ақпараттық жұмыстарды жүргізіп келеміз, – дейді Д.Төлепбергенов. Жоғарыда республика бойынша осы бағытта ауқымды жұмыс істейтін fingramota.kz деген сайт бар екенін де айтып өттік. Бұл сайтта қаржы саласына қатысты барлық ақпаратты табуға болады. Оның ішінде роликтер, түсіндірме ақпараттар, ескертулер, бейнегалерея, инфографика, фотогалерея, сараптамалар молынан орналастырылған. Тіпті балаларға арналған бөлімдері де жұмыс істеп тұр. – Біз осы жылы облыс аумағындағы мектептердің 5-11-сынып оқушыларына және олардың мұғалімдеріне онлайн түрде сабақ жүргіздік. Онлайн-семинар түрінде өткен сабақта негізінен қаржылық алаяқтық пен қаржы пирамидасының алдын алу жолдары тақырыбын қамтыдық. Өйткені қазіргі таңда бұл мәселелер өте өзекті болып тұр. Бұған білім басқармасы да көп қолдау білдіріп, ұйымдастыру жұмыстарына барынша атсалысты, – дейді агенттіктің Тараздағы өкілі. Салымдарды қабылдауға банктер ғана құқылы Қысқасы, қазір қаржылық алаяқтық өршіп тұр. Ел ішінде, өзіміздің өңірде жұртты зар еңіреткен түрлі келеңсіз жағдайлар болып жатыр. Осы «жаумен» күресу мақсатында агенттіктің облыстағы өкілдігі жергілікті әкімдікпен арнайы медиа-жоспар жасаған. Нақты айтқанда, қаржылық алаяқтық пен қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары барынша жүріп жатыр екен. – Жалпы алаяқтыққа келетін болсақ, бұл бүгін ғана пайда болған қылмыс емес. Бұл баяғыдан бар, әрі өршіп, дамып келе жатыр. Мысалы, бір заңды тұлға немесе компания халыққа «Сіз бізге мынанша ақша салсаңыз, біз сізге оны бір айдың ішінде еселеп қайтарамыз» деген өзінің қызмет түрін ұсынады. Немесе 15 күнге 50, тіпті 70 пайыз сыйақы есептеп беретіндерін уәде етеді. Міне, азаматтар осы жерден бастап күмәндана бастау керек. Өйткені біздің нарықта депозит сияқты салымдардың өзінің белгіленген мөлшерлемелері бар. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес елімізде салымдарды қабылдау құқығы тек қана екінші деңгейлі банктерге ғана берілген. Яғни оларға осы қызметті жүзеге асыру құқығын белгілейтін арнайы лицензия беріледі. Басқа ешқандай заңды тұлғаның, тіпті банктерден басқа микроқаржы ұйымдарының азаматтардан салым, депозит қабылдап, ол бойынша сыйақы төлеп, табыс табуға ешқандай құқықтары жоқ. Міне, осы сәттен бастап күмәндану керек. Яғни әр адамда бірінші кезекте «Бұл қаншалықты заңның шеңберінде жұмыс істейді және уәде еткен табысын алдағы уақытта қайдан алады?» деген сияқты сұрақ туу керек. Бұл олардың алаяқ екенінің бірінші белгісі. Екінші белгісі, көп жағдайда қаржы пирамидалары бізге сырттан келеді. Әдетте Украинадан, Шығыс Азия елдерінен де компаниялар болған бізде. Яғни олар біздің облыста қызметін жүргізіп жатқанымен мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Яғни мемлекеттік тіркеуден өткен компания өзінің қызмет түрін анықтап көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, кез келген заңды тұлға мемлекеттік тіреуден өтіп, өзінің халыққа ұсынатын, айналысатын қызмет түрін айқындауы тиіс. Әрине, оның жұмысы – пайда табу. Бірақ пайда табу үшін де «сауда жасаймын, жолаушы тасымалдаймын, киім тігемін» деген сияқты нақты қызмет түрі көрсетілуі керек қой. Бірақ олар тіркелместен бізге келіп, бір бөлімшелерін ашып қояды. Сол жерде отырып адам тартып, жарнамасын жасап, салым жинай бастайды. Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, олардың алаяқ екенінің тағы бір белгісі – олар компанияларын жаппай жарнамалайды. Негізінен әлеуметтік желіні жаулап алады. Егер зерттеп қарайтын болсақ, көп жағдайда олардың қалыптасқан жарғылық капиталы жоқ. Ары кетсе жарғылық капиталын 10 000 теңге деп көрсетіп қояды. Енді өзіңіз ойлай беріңіз – 10 000 теңгесі ғана бар ұйым сізге миллиондаған табысты қайдан тауып береді. Осы жерде және бір күмәндану керек. Жарайды, мемлекеттік тіркеуден өтіп, өзін заңдастырған күннің өзінде 10 000 теңгелік жарғылық капиталмен салымшыларын қаржыға қарық қылу ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан оларды халықтың ақшасын жинап алып, соны қайтадан өздеріне үлестіріп беріп отыратын ұйым деп түсінуге болады. Одан бөлек олардың қаншалықты салық төлеп отырғанын да тексеремін десеңіз, мемлекеттік кірістер органдарының сайтына кіріп, ашық ақпарат көзінен мәлімет алуға болады. Құрылтайшы құжаттары, Жарғысын, егер азаматтардан салым жинау қызметімен айналысса соған сәйкес лицензиясы бар ма, жоқ па, соны сұрау керек. Немесе біздің агенттіктің сайты арқылы да тексеруге болады. Ал бізде көп жағдайда осындай ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізбестен қолында бар ақшасын салып, жетпесе мүлкін сатып, тіпті несие алып, артынан бармағын тістеп қалып жатады, – дейді Д.Төлепбергенов. Мониторинг нені көрсетіп отыр? ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық пирамиданың белгілері бар ұйымдарды анықтау бойынша нарыққа мониторинг жасап отырады. Және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, олардың тізімдерін бекітеді. Қазіргі таңда агенттіктің сайтында пирамида белгілері және жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімі орналастырылған. – Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар бойынша ақпаратты тұрақты негізде жаңартып отырады. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді, олардың қызметі қаржылық лицензияланбаған және реттелмеген. Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде қалыптастырылды. Агенттіктің тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасау азаматтар үшін салынған қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелдеріне алып келуі мүмкін. Олар бойынша ақпараттар құқық қорғау органдарына берілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Негізінен бұлар бөлшек саудамен айналысып жүрген сияқты көрінеді. Ақырындап клиент тартады, кейбір тауарларға арзан бағаға сертификат береді. Кейде тауарыңды қымбатырақ сатып береміз деген сияқты адамның қызығушылығын тудыратын түрлі амал-айлаларға барады. Осыдан 3-4 жыл бұрын депозит аштырып, сол арқылы керемет табысқа кенелесіз деп алдап келсе, қазір бұл тәсіл өтпей қалды. Өйкені депозит жинау әдісі әшкере болып қойған. Халық ендігі оған сенбейді. Сондықтан бұлар қазір неше түрлі схеманы ойлап табуда, – деген Дәурен Абданұлы қандайда бір ұйымға ақша салмас бұрын агенттік сайтындағы тізімге бір көз жүгіртіп шығуға кеңес береді.
Назар аударыңыздар! Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері жеке және төлем деректерін ұсыну немесе қауіпсіз шоттарға ақша аудару мақсатымен азаматтарға өздері телефон соқпайды! Азаматтардың Агенттікке келіп түсетін ресми өтініштерінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес барлық қажетті ақпарат көрсетілген. Сондай-ақ қаржы реттеушісінің өкілдері бөтен логотиптерді, аватаркаларды немесе анонимді аккаунттарды пайдалана отырып банк тұтынушыларымен хат жазыспайды. Сіздер ақпаратты тексеру үшін Агенттікке тікелей «1459» нөмірі бойынша call-центр арқылы, «Fingramota Online» мобильді қосымшасы, Fingramota.kz сайтының «Онлайн-консультант» сервисі арқылы жүгіне аласыз.
Кредиттік-қаржылық қылмыс Соңғы жылдары кредиттік-қаржылық алаяқтығы қаржы пирамидасынан қалыспай белең алып келеді. Қаржылық қызметтердің жылдан-жылға дамып келе жатқаны белгілі. Осыдан 5-10 жыл бұрын смартфон арқылы ақша аударымдарын, түрлі төлемдерді жүргізу, онлайн несие рәсімдеу таңғаларлық жаңалық болса, қазір оның бәрі қалыпты жағдайға айналған. Жыл сайын әлемдік технологиялардың дамуымен қаржы қызметтеріне де сәт сайын бір жаңалық келуде. Осы үрдістің арқасында халықтың сенгіштігін пайдаланып, алаяқтар түрлі заңсыз іс-әрекеттерге барып жатыр. Ең көп түрі – алдап несие рәсімдеу. Осы бағыттағы шағымдар көп түседі бізге. – Көбіне олар банк қызметкерімін деп хабарласады. Сөйтіп, сізден сіздің жеке басыңызға қатысты ақпараттарды, цифрларды сұрайды. Естеріңізде болсын! Банк қызметкері азаматтардан ешқашан сізге қатысты банкке мәлім ақпаратты, яғни ЖСН, карточка нөмірін, есепшотыңызды сұратпайды. Өйткені ол ақпараттар сіз қызмет алатын банкке мәлім ақпараттар. Банк төлем картасын берген кезде, банктік есепшот ашқан жағдайда екіжақты шарт жасалып, ол шартта қолданушы өзінің келісімін береді. Және банк ол мәліметтерді жарияламау туралы міндеттеме алады. Көп жағдайда адамдар өздерін өздері ұстап береді. Мәселен, кейде бір танысыңыз не туысыңыз «карточка нөміріңді айтшы, ақша салып жіберейін» деуі мүмкін. Біз аламыз да карточканы түгел фотоға түсіріп, «WhatsApp» арқылы жібере саламыз. Ал бұл мессенджер әлемдік жүйеде бар ғой. Мұнда да небір алаяқтар, хакерлер толып отыр. Олар сіздің карточкаңыздың фотосын қолына түсіріп, сол банктің жүйесіне кіру арқылы сіздің барлық мәліметіңізді ақтарып шығуы, тіпті ақшаңызды «сыпырып» кетуі ғажап емес, – дейді Д.Төлепберген. Бұл не деген батпан құйрық? Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік желідегі алаяқтардың тұзағына өзім де түсіп қала сақтағанмын. «Елімізге белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаев өзінің жеке инвестициялық компаниясын ашып жатыр, енді қазақстандықтарға алпауыт компаниялардың акцияларын сатып алып, мол табысқа кенелудің жаңа жолы ашылды» деген ақпарат мені өзіне тарта түсті. Бұл қандай жоба екен деп, сілтеме арқылы ары қарай ақтарып көрсем, Марғұланға мүлдем қатысы жоқ әлемге кіріп кеттім. Ары қарай ақпаратқа қанығудың қажеті жоқ деп тауып, сол сайттан шығып кеттім. Көп ұзамай орыс тілде сөйлейтін біреулер бірінен кейін бірі хабарласуды бастады. Қазақ тілінде сөйлеуін талап етсем, сөйлей алмайды. Жасырып қайтейін, мазамды ала берген соң оларды бірден балағаттап жіберетін болдым. Кейін М.Сейсенбаев әлеуметтік желідегі өзінің ресми парақшаларында ешқандай инвестициямен айналыспайтынын, ондай компаниясы жоқ екенін және өзінің атын жамылған алаяқтарды сотқа бергенін мәлімдеді. Әлгілердің мессенджеріне Марғұланның бейнероликтерін жіберіп, менен аулақ жүрулерін ескерттім. Айтайын дегенім, мұндайлардың алаяқ екеніне көз жеткізу үшін бірден қазақша сөйлеуін талап етсеңіз, үндері өшеді. Бірақ сонда да сайрауын қоймайды. Сосын ұйымның толық атауын, ресми тіркелген қаласын, мекенжайын сұраңыз, куәлігін «WhatsApp»-қа жіберуін сұраңыз. Сол арқылы ашық дерек көздерінен олар туралы ақпарат табуға болады. Егер өздеріне қатысты ешқандай ақпарат ұсына алмаса, онда мен сияқты балағаттап жіберіңіз. Ол үшін сізді олар өлсе де сотқа бере аламайды және екінші мәрте хабарласпайды. Өйткені олар көбіне сырт елдерден, әсіресе Ресейден шығады. – Олардың жарғылық капиталын тексеріңіз. Қарапайым ғана логика: миллиардтаған жарғылық капиталы бар банктер олар сияқты миллиондап табыс уәде етпейді, депозитке беретін сыйақылары жылына ары кетсе 12-13 пайыз. Ал бұлардыкі не қылған батпан құйрық? Оның үстіне несие беруге 2020 жылға дейін кез келген заңды тұлға құқылы болса, қазіргі таңда банктер мен банктік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын банктер, микроқаржылық ұйымдар ғана несие бере алады. Бұлардан басқа ешқандай заңды тұлғаның несие беруге құқығы – лицензиясы жоқ. Кейінгі кезде біреудің атынан жалған несие рәсімдеу фактілері көбейіп кеткен соң, мемлекет несие беруші ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтіп отыр. Бұл бірінші кезекте – тұтынушының құқығын қорғау шарасы. Қазіргі талап бойынша несие беруші несие алушының өзі екеніне көз жеткізу керек, яғни аутентификация жүргізу, биометриялық мәліметтерін алу, суретке түсіріп, шешімін электронды цифрлық қолтаңбасымен растау, телефонға тіркелген нөмірді анықтау, сол арқылы SMS жіберу арқылы клиентке толық көз жеткізуі тиіс. Былайша айтсақ, екі-үш тараптан тексеріледі, – агенттіктің облыстағы өкілі Дәурен Төлепбергенов. ТҮЙІН Қалай болған күнде де «Бәлен жерде бақыр бар, іздеп барсаң тас та жоқ» дегенді қазақ халқы тауып айтқан. Капитализм қыспаққа алған, адамдарынан мейірім мен қайырым қашып бара жатқан заманда оңай олжаға, маңдай терсіз-ақ табысқа белшесінен батам деу – тәуекелі мен әуресі, сұрауы көп тірлік. Тіпті арты жақсылыққа апармайтынын да білесіздер. Сондықтан айдың-күннің аманында алаяққа ұрынып қалмаудың қамын ойласаңыз қаржылық сауатыңызды арттырыңыз. Ізденіңіз. Әлеужеліде әнші-бишілерді кешке дейін парақтай бергенше елге белгілі қаржы сарапшыларының парақшасындағы посттарға да бір сәт көз жүгіртіп қойыңыз. Қор биржасы нарығын меңгеруге тырысыңыз. Және оларға алданып қалмау үшін Ұлттық банк рұқсат еткен брокерлердің ғана қызметіне жүгініңіз. Олар туралы Ұлттық банктің ресми сайтында мәлімет толып тұр. Және де алаяқтар туралы көркем фильмдерді де көру артықтық етпейді. Кино сценарий авторы мен режиссердің қиялынан туғанымен, ондағы оқиғалар желісі өмірден алынады. Ең бастысы миллиардерлер жиі ұстанатын қағида – көп шығыннан емес, аз кірістен қорқыңыз. Бірақ оңай олжаға жоламаңыз!
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар